Пайғамбардың біреуі жолда бара жатып кішкентай тас көрді. Ол тастан сызылып су шығып жатады. Пайғамбар соған таңғалады. Сол сәтте Құдайдың құдыретімен тасқа тіл бітіп: «Кәпірлер үшін әзірленген отыны адамдар мен тастардан тұратын тозақ отынан (Аллаға, елшісіне және Құранға иман келтіру арқылы) сақтаныңдар» (Бақара, 24),- деген аятын естігеннен бері содан қорқып тоқтамай жылап жатырмын», - дейді.
Пайғамбар Аллаға жалынып, ол тасты тозақтан құтқарады. бірақ бірнеше уақыттан кейін кетіп бра жатып, сол тастың тағы жылап жатқанын көреді. Одан: «Енді неге жылап жатырсың?» - деп сұраса, тас: «Өткенде ұорыұұанымнан жылап жатқанмын. Енді шүкірлікпен қуаныштың көз жасын төгіп жатырмын», - деп жауап беріпті.
Шүкірлі Алла тарапынан адамзатқа берілген бір үлкен мүмкіндік секілді. Адам барына шүкір еткен сайын Алла оған берілер нығметті арттыра түседі.
Шүкіршілік ету – көп қырлы амалдардың бірі болып табылады. Сөйтіп ол үш түрге бөлінеді:
1. Жүрекпен шүкіршілік ету,
2. Тілмен шүкіршілік ету,
3. Дене мүшелерімен шүкіршілік ету. Енді осыларды таратып айтар болсақ:
Жүрекпен шүкіршілік ету деп адамзат өз санасымен атқаратын шүкіршілікке айтылады. Яғни пенде өзіне берілген әрбір нығметтің Алла Тағала тарапынан сыйлық етілгендігін білуі және мойындауы - жүрекпен шүкіршілік ету болып табылады. Бұл туралы Алла Тағала Құран аятында былайша үкім түсірген:
«Сендердегі әр бір нығмет әлбетте Алладан (сыйлық етілген)» [«Нәхл» сүресі 53-аят.].
Міне осыдан мәлім болатыны - адам баласы қол жеткізген нығметтердің барлығы Алла Тағаланың сыйлығы болып табылады. Сондай-ақ, Алланың нығметтері есепсіз көп. Бұл жайлы «Нахл» сүресінің 18-аятында Алла Тағала:
«Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Әлбетте Алла жарылқаушы, (әрі) рақымшыл»[ «Нәхл» сүресі 18-аят.], - деген.
Тілмен шүкір ету. Бұл амал Алла Тағалаға мадақ айтудан тұрады. Бұл жайлы Әнәс бин Малик келтірген хадисте хазіреті Расулулла (с.ғ.с.) былай деген:
«Әлбетте Алла тамақ жеп болып оған мадақ айтқан немесе сусын ішіп болып мадақ айтқан пендеден разы болады»[Муслим]. Бұл пенденің жеген-ішкенінің шүкіршілігі үшін айтылатын шүкіршілік. Ал негізінде әрбір нығмет үшін мадақ айту шүкіршіліктің басы болып есептеледі.
Дене мүшелерімен шүкіршілік ету. Бұл жайлы «Бақара» сүресінің 172-аятын былай делінген: «Әй мүміндер! Біз сендерге ризық етіп берген нәрселеріміздің жақсыларынан (адалдарынан) жеңдер. Және Аллаға шүкірлік етіңдер, егер (шын мәнінде) оған құлшылық ететін болсаңдар».
Риуаяттарға қарағанда, бір күні бірнеше адам әмәуи халифасы Омар ибн Абдулазизге (р.а.) зияратқа барады. Араларынан бір жігіт шығып сөйлемекші болғанда, халифа: «Ең үлкендерің сөйлесін», - дейді.
Сонда баяғы жігіт орнынан тұрып: «Уа, мүминдердің арасында сенен де жақсы үлкендер бар емес пе», - дейді.
Бұл жауапты жақсы көрген халифа ол жігітке: «Одан сен сөйле», - деп рұқсат береді. Сонда жігіт: «Біз бір нәрсе тілеп не баспана сұрап келген жоқпыз. Өйткені құрметті басшыларың бізге қалағанымызды жеткізді. Әділеттілігің бізден қорқу сезімін кетіріп, сенім берді. Біз разылық білдіру үшін келген топпыз, саған өз аузымызбен алғыстарымызды айтып, қайта қайтпақшымыз», - деді.
Шүкіршілік жайлы айтқан кезде, басқа құлшылықтың түрі секілді бұл ғибадаттың да дене мүшелердің қатысуымен жасалатынын ескерген жөн. Яғни, дене мүшелеріміздің Аллаға ғибадат етуі, Алла ризалығы жолында қызмет жасауы, құлшылықтар атқарып, үкімдерге бағынуы дененің шүкірі болып табылмақ.
Төлтаев Ербол Мұқанұлы
Балқаш қалалық мешітінің имамы
ihsan.kz
Пікірлер