Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Кешір, балам, қарт әкеңді! (жалғасы)
24 қараша, 2015 жыл 344 Басып шығару нұсқасы

images* Жақсы, қарақтарым, сендерді көрмесем де, иістеріңді сезіп, рахаттанып қалдым. Ауылға ертерек барып алыңдар, аман есен жетіндер. Ауыл аймақ, көрші қолаңға сәлем айта барыңдар,-деп Айтбай шал әжім торлап, жұмылып қалған көздерінен бір тамшы шыққан жасын білдіртпей, сүртіп алды да, екі жағында отырған немерелерін кезек-кезек иіскеді. Қоштасып, кеткен ұрпақтарының артынан қарап Айтбай қалды. Жүрегі шым-шым етіп, әлсін-әлсін жөтеліп қояды. Тынысы тартылып, белі де қақсап кетті.


* Қызым, Сандуғаш қызым,-деп осы мекеменің мейірбикесі, бір жері сыр бере қалса дәрісін ала жүгіретін, жанын түсініп, өз әкесіндей көретін мейірімді қызды шақырды. Әп-сәтте жетіп келген Сандуғаш, келе сала, атаның қан қысымын өлшей бастады.


* Ата, неге уайымдадыңыз. Қан қысымыңыз көтеріліп кетіпті ғой. Мына дәріні тіл астына сала тұрыңыз. Мен дәрігерге айтайын,-деген қызға, Айтбай ақсақал, шығуға мұрша бермей, қолынан тартты.


* Қызым, қан қысымым жоғарылап тұрғанын сезем. Дәм-тұзым да таусыларға шақ қалған сияқты. Жаңа ғана балаларым келіп кетті. Енді не арман бар менде, маған бір көмегің болсын. Ақ қағаз бен қалам алып, менің бір ауыз тілегімді жазып берші.


* Жарайды, ата. Қазір,-деп мейірбике қалтасындағы ақ қағаз бен қаламды ала, үстелге отырды.


* Қызым,хатымды балама жазайын. Менен ештеңе сұрама. Тек жазып, оны балама тапсырсаң болғаны,-деп сөзін бастап кетті...


Көлігін зулатып кетіп бара жатқан Берікке Жазира ашулы жүзбен тағы кейіді:


* Атаны, барған сайын алып қайтайық десем, неге келіспейсің. Өз әкеңнің көзін жәудіретіп, қарттар үйіне тастап кете бардың. Жүрегімнің қатты ауырып тұрғанын-ай. Менің әкем болмаса да, өз әкемдей көруші едім. Қандай тас жүрексің ?,-деді.


* Сен де, бір, осы сөздеріңді қайталай бермеші. Мен ерігіп жүрмін бе? Сендерді бағамын деп күн демей, түн демей, түзде қаңғып жүрмін. Ол кісіге кім қарайды? Сен асытн тазалап, жаялығын ауыстырып бересің бе? Бұның бәрі, түптеп келгенде маған кедергі. Өзім жұмыстан шаршап келгенде, әкем бір жақтан бөлмені сасытып, сен бір жақтан балаларыңды жылатып, мен шаршаймын ғой. Неге түсінбейсіңдер осы?!


* Атам, байғұс, үйіне келгісі келмейді дейсің бе? Бізді сағынады ғой. Ана жақтың сүт қатқан қою шәйінен менің қара шайым артық ол кісіге. Немерелерінің жанында күліп-ойнап отырғысы келеді ғой. Өз әкесінен безген адамға қайдан тап болдым екен, - деп Жазира көзіне іркіліп келіп қалған жасын сүртты.


* Қойшы, болды. Әкем ол жақта жамандық көріп жүрген жоқ. Мені елеңдетпей тыныш отыр,-деді Берік көлігін одан сайын зуылдата. Бұлардың сөздерінің мәнісін түсіне алмай, атасын қимай келе жатқан он жасар Әлібек бұларға қарап сөйледі:


* Анашым, әкеме ұрыспасаңызшы. Ол жақ қарттарға арналған жер ғой. Мен ер жетіп қартайсам да сол жерге барамын. Бірақ одан бұрын сіздер қартайғанда, екеуіңізді де сол жаққа апарам. Атам айтты ғой, ол жаққа тек қарттар ғана барады деп. Мен қазір ол жақта тұра алмаймын, бірақ есейіп алған соң сіздер барасыздар, сосын арттарыңыздан мен де барамын,-деп қойып қалды. Жазира мен Берік жалт етіп баласына қарады. Зуылдап келе жатқан көлік лезде тоқтай қалды. Кілт тоқтаған көлік ішіндегідер алдыға қарай еңкейіп баарып, көлік тұрып қалды. Артқы жақта отырған баласының сөзі жүрегіне оқтай қадалған Берік артына жалт қарап, баласының көздеріне үңілді. Оның көзі ешқандай махаббатты сезбей, «түптің түбінде сені де сол жаққа апарып қамап қоям» дегендей, өз ойынан шошып кетті.


* Не, не дейсің, балам? Мені сол жаққа апарам деймісің? Не деп кеттің?,-деп қипақтап қалды.


* Дұрыс, балам. Ертең біз қартайғанда бізді де сол жаққа апарып тастап кет. Сосын қайтып келме. Әкесін сыйламаған әкеңнен алған тәрбиең ғой, жарайсың балам. Сенімен келісемін, ол жаққа бізде барамыз,-деп Жазира еңкілдеп жылап жіберді.


* Көрде, тұр міне өз әкеңнің ағын сындырып қаррттар үйіне апардың, ертең мына балаң да осы жөн екен деп, сенің де күш қайратың таусылғанда, сол жаққа апарады. Сендей ұлың болғанша, ұрпақсыз өткені жақсы еді ғой, атамның,-деген Жазира әлі өксігін баса алмай. Төбесіне мұздай су құйылып, жүрегін қанжармен тілгілеп, бар денесін кесіліп кеткендей сезімде болған Берік қып-қызыл болып, көзі алайып, отырған жерінде қатып отырып қалды. Үні шықпай, жүрегінің дүрсілі сыртқа естіліп, бір нүктеге қарап қалған Беріктің көзінен еріксіз бір тамшы жас домалап түсті. Дереу есін жинай сала, көлігін оталдыра, зуылдап кетті. Кетіп бара жатып, дереу артқа бұрылды. Бір жаққа асығып бара жатқандай, көлікті желдей құйындатты. Әп-сәтте «Қарттар үйі» деген маңдайшасы бар мекеменің алдына кеп тоқтады. Жазира мен балалары қуанып кетті. Көліктен жылдам-жылдам түсе сала, есікке қарай беттеді. Кіре бере, көп қарттардың әкесінің бөлмесінің алдына жиналып қалғанын көрген Берік аяғын ақырын баса есік жаққа қарай беттеді. бөлмені құлыптап қойған мейірбике оны кіргізбеді.


* Неге келдіңіз. Жаңа ғана кетіп едіңіз ғой. Сіздей ұлы болғанша, болмағаны артық еді. Сіздей надан, тасбауыр ұлдан сақтасын. Әкеңіздің қиналғанында байқамаған қандай ұрпақсыз,-деп бағанадан бері Айтбай шалдың хатын жазып беріп, оның ақтық демі таусылғанша қасында отырып, жүрегін сыздатқан хатты Берікке ұстата сыртқа қарай жылап жүгіре кетті.


* Әкең бақилық болды, иманды болсын.


* Топырағы торқа болсын. Арулап жерлеңдер, өз ауылының топырағы бұйырсын,-деп кезек-кезек ардагерлер Берікке басу айтты. Төбесіне тас


түскендей күйге енген Берік жерге тізерлеп отырған күйде, «әкелеп» жылай кетті. Қолындағы бір жапырақ қағазды ашып, көздерін жүгіртті:


* «Балам, жарығым. Мені кешір! Кешір мына, әкеңді! Сенің анаңнан бұрын өмірден озып кетпегенім үшін кешір. Сені әбігерге салып, қинағаным үшін де кешір. Білем, түсінем, сенің жұмысың көп. Мұнда сол себепті де келдім ғой, қарғам. Сені сағынам, баяғы іңгәлап дүние есігін ашқан сәттен бастап, сенің иісің мұрныма жатталып қалған. Сенің анаңның ақ сүтінің иісі, әлемдегі еш иістермен салыстыруға да келмейді. Мен сенің иісіңді әлі күнге дейін сезем. Бірақ сен маған иіскетпейсің. Сені сағындым. Көзім көрмей тұрса да, сенің иісің сонадай жерден сезіледі маған. Сені туа сала, төбем көкке жетіп бір қуанып едім. Сенің алдыңда анаң бес құрсақ тастаған еді. Одан кейін тіленіп жүріп сен туылдың. Бұдан былай шетінеп кетпей, берік болсын деп атыңды да Берік қойып едім. Артыңнан ілесетін серігің болмағаны үшін де кешір, балам. Жалғызым аман болсын деп, сенің барыңа да шүкір еттім. Сені, қолымнан тастамай, қайда барсамда, мойныма мінгізіп, еркелеткенім үшін де кешір. Мені кешір, сені өсіріп, тәрбиелегенім үшін кешір. Сенің бұтыңа жіберіп қойғаныңда, суық тиіп қалмасын деп, қайта- қайта ауыстырып, жылы жерге жатқызғаным үшін де кешір. Сенің қарның ашып қалмасын деп, тауға да тасқа да шығып, барымды сенің аузыңа тосқаным үшін де кешір. Сені қатарыңан қалмасын деп, барымды кигізіп, үлкен оқу оқытқаным үшін де кешір. Менің көзім көрмей, түзге отыруға әлім келмей, қанша жиіркенсең де, саған астыңғы жаялығымды ауыстыртып қойғаным үшін де кешір. Саған Аллаңды танытып, Пайғамбарыңды білгізбегенім үшін де кешір. Қателік менен, сені еркелетем деп, өмірдің мәнісі болар намазды да үйретпегенім үшін кешір мені, балам. Сені өзімнен де қатты жақсы көріп, тілекшің болғаным үшін де кешір. Бәрі үшін кешір. Бір-ақ нәрсе айтайын балам, бұл жаққа екінші қайтып келмеуіңді сұраймын. Бұл жер қанша жайлы болғанымен, өз балаңның ошағына жетпейді. Немерелерімнің тәтті қылықтары мен тәтті иістеріне де жетпейді екен. Бұл жерді болашақта да көрме, қарағым балам. Бұл жер саған тән емес. Сен балаларыңның ортасында күліп ойнап отыруға міндеттісің. Олардың қызығын қызықтап, жетістіктерін көріп, мәз болуға міндеттісің. Сені жақсы көрем. Алланың амандығында бол, не болса да мына қарт әкеңді кешірерсің. Қош бол, балам, сәлеммен әрдайым тілекші болған әкең...» Берік хатты бетіне басып ұзақ жылады.


* Әкетайым-ай, шынымен де кеткенің бе? Мен не істедім, не бүлдірдім, әкешім, сен емес мына мен кешірім сұрауым керек еді ғой. Менің кешір деген бір ауыз сөзімді ести алмай кеткенің бе? Әкешім, неге,неге?,-деп өкіре жылап сыртқа жүгіріп шықты. Есік алдында тұрған Жазира мен балалары бұның еңіреп жылап шыққанына бір жамандықтың болғанын сезді де жүгіре ішке қарай кіріп кетті. Манадан бері батыс жақтан келе жатқан қара бұлт үйіріліп, найзағай соғып, күннің күркіреген даусы жер әлемге естіліп, аспаннан нөсерлетіп жауын құйып кетті. Түнеріп, қоюланып тұрған аспан, Берікке ғана ашуын көрсетіп тұрғандай, қайта-қайта найзағайын ойнатып, жауған жаңбырдың арты бұршаққа ұласып кетті. Жауынның астында міз


қақпастан тұра берген Берік басы салбырап, қолындағы су болып, мыжылған хатты иіскеп сүйе берді, сүйе берді...


P.S.


«Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер, ол екеуінің біріне немесе екеуіде жандарына кәрілік жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегеніндей Сенде оларды Мәрхаметіңе бөлей көр!»,-де.» (Исра 23-24).


Мұхит Жаримбетов


Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары