Қазақ халқымнан сөз артылған емес. Халықтан мирас болып, мақаламызға тақырып болып тұрған осы сөздің де ойланған адамға үйретері көп. Жақсы әкенің есімі баласына қырық жыл ас болады. Әкесі елге сыйлы, құрметті, артынан жақсы ат қалдырған адам болса ел-жұрт оның баласын төрге отырғызар, не болмаса әкесінің жақсылықтарын айтып, сыйлап жіберері сөзсіз. Әр бір азамат жақсы әке болудың амалын ойлау керек. Өз артынан балаларына мұра ретінде тек материалдық заттар емес, жақсы ат пен абырой қалдыруы тиіс. Әлбетте салихалы әкенің ізгі істері балаларына да пайдасын берері сөзсіз. Сондықтан балаларының қамын жеген әке қазірден бастап жұрт алдында ізгі істерімен танылуы керек.
Адам болып туылғаннан кейін адам болып өмір сүру керек. Адамдықтың ең озық үлгісін асыл дініміз Ислам көрсеткен еді. Сондықтан жақсы адам боламын деген Ислам дінін зерттесін, оны ұстансын. Коммунизм тәрбиесінің жемісін көрдік, ол тәрбиеде адами құндылығы жоғары абыройлы әке, парасатты ана үлгісін көрмедік. Әкелердің көбі маскүнем, қатынқұмар, рухани әлсіз болып шықты, аналарымыз әкелерімізден көрген арсыздыққа, надандыққа қарсы қояр еш даналық таппай шарасыз өтті. Қоғамдағы бұл рухани дағдарысты түзейтін тек ақиқат діннің тәрбиесі деп білемін. Жақсы әке, жақсы ана, жақсы бала саны көбеюі үшін жақсы амалдарды үгіттейтін діннің рөлі көбеюі керек.
Әнуарбеков Мейіржан
Жезқазған қаласы Ахмет Ишан Оразайұлы мешітінің наиб имамы
ihsan.kz
Пікірлер