Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қанағатымызды қанат қылайық
12 қыркүйек, 2013 жыл 280 Басып шығару нұсқасы

Қанағатымызды қанат қылайықҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының «Қайрау» тақырыбындағы мақалада тектіліктің жоғалмауын, ұлы тұлғалардан аманат болып келе жатқан адамзат бойындағы рухани құндылықтардың қорғалуын көрсеткен. Осыған орай, өз пікірімді білдіріп өзгелерге пайдасы болар деген ниетпен адам баласының ізгі қасиеттері турасында қосымша насихат қозғауды жөн көрдім. Біздің жаратылысымызға тән қасиеттердің бірі және адамдар арасындағы қарым-қатынастың орнықты болуына септігін тигізетін рухаи құндылығымыз - қанағат пен біреудің дүние, мал мүлкіне көз тікпеу. Қанағат секілді қасиетті қалыптастырмай тағдырдың қатал сынына ұшырап жатқан жандар қаншама. Біреудің дүниесіне көз тігіп, бақталастықтың батпағына батып жатқандар да аз емес. Дүниеге сынақ үшін келген адам баласы өзінің жаратылыс мақсатын ұмытып және ризық табамын деп жүріп, қолынан келген бар мүмкіндікті дүние-мүлік табамын деп жұмсамауы тиіс. Алланың берген мал мүлкі мен мүмкіндіктерді ахиреттік азық жинауға да пайдалану керек. Алла тағала барлық жаратылыстардың ризығын өз міндетіне алған, сондықтан пенделердің қанағат етіп, өзгелердің мал-мүлкіне көз тікпеулерін қалаған. Бұл жайында Құран аяттарында: «Жер бетіндегі әрбір жаратылыстың ризығын Алла береді...» (Һуд сүресі, 6-аят) «Қаншама жаратылыстар бар, ризықтарын өздері таси алмайды (қамтамасыз ете алмайды). Алайда, оларды да, сендерді де ризықтандырушы – Аллаһ. Ол барлық нәрсені шын мәнінде естиді әрі біледі» (Анкабут сүресі,17-аят) Көріп отырғанымыздай аспандап ұшып жүрген құстар мен су, жер астындағы жыбырлаған жаратылыстардың да өзіне тән қоректері бар. Олар да Жаратушымыздың шеберлігімен тіршілік етуде. Өз қолымыз өз аузымызға жететін, ақыл, парасат иесі болған адамзат баласы Алланың нәсіп еткен ризығынан әсте құр қалмас. «Бір қозы туылса, тір түп жусан артық шығады» дейтін қазақ мақалы да тегін айтылмаса керек. Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылман болып, өзіне жеткілікті ризық берілген және Алланың берген нығметтеріне қанағат еткен кісі- күмәнсіз құтылған болады!» деп мақтаған. Қанағат ету дегеніміз- Алланың жазған тағдырына разы болу, азға сабыр ету, өз мұқтаждықтарын өтей алатындай мүмкіндіктерге ие болып, өзгелердің қолындағы нәрсеге көз тікпеу арқылы нәпсі құмарлықты тәрбиелеу білу. Ал, қанағатсыз адам бай болған күннің өзінде де кедей-кепшіктерден де көбірек қиыншылық көріп, (барлық уайымы тірнектеп тапқан малының азайып немесе құрып кетуін ойлаумен) тауқымет тартуы мүмкін. Себебі, қаншама дүние байлық тапса да көзі тоймайды, үнемі көбірек болғанын қалайды.
Осындай пенделердің сипатын пайғамбарымыз (с.ғ.с) былайша суреттейді: «Адамзат баласының бір ойпат алтыны болса, тағы бір ойпат алтыны болуын қалайды. Оның көздерін топырақтан басқа ештеңе толтыра алмайды. Бірақ Алла- тәубе етушілерді жақсы көреді» Яғни, біз қанағатсыздық күнәсінен тәубе етуіміз керек. Алла елшісінің төмендегі кеңесін жадымызда ұстауымыз қажет. «Сіздерден біреуіңіз мал-мүлік пен жаратылыс тұрғысынан өзінен жоғары біреуге қараған кезде, өзінен төмендеулерге де назар аударсын. Сонда өзінің жағдайына шүкір ететін болады» дейді. Бұл дегеніміз – біреуді көріп пікір етуге, біреуді көріп шүкір етуге үндейді. Дегенмен қанағаты қате түсініп, дініміз еңбектенуді тәрк етіп, енжар болуды және адамдарға мұқтаж жағдайға түсуді қалайды деген пікірден аулақ болуымыз қажет. Өйткені қанағат – жүрек және мінез арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, қанағат сияқты көркем қасиеттердің бірі – истиғна. Яғни, өзгеге мұқтаж болмау, біруден дәметпеу, көзі мен көңілі тоқ болу, жан дүниесі бай болу, біреудің мал-мүлкіне көз тікпеу. Шынында басқалардың дүниесіне көз тікпей, қанағат ету арқылы тынышталған жүрек - дүниелік уайымдар мен іштей жегіден құтыла алады. Өкінішке орай, қоғамда біреудің есебін түгендеп отыратын кісілер де бар. Ағайынның немесе жақын танысының бірі жетістікке қол жеткізіп үй алса, жақсы көлік алса немесе баласын үйлендіріп елмен қатар той өткізсе, соны зерттей бастайды. Бұл адам бұған қалай қол жеткізді, кеше ғана жағдайы мәз емес еді деп, жан-жақтан сұрастырады. Жағымсыз қасиеттің бірі қызғаныш пайда болады. Содан ол адамының несие алып, қарызданып жасағандығы білінген кезде барып, ее дұрыс екен, әйтпесе ондай дәрежеге қолы жету мүмкін емес қой деп, өзін-өзі сабасына түсіреді. Ал, имандылықтан бастау алатын қасиеттер көреалмастық, қызғаныш, бақталастық секілді рухани кеселдерді керемет түрде емдейді. Яғни, біреудің байлығына немесе жетісітігіне көз тікпеу – тек мал, дәулет пен байлыққа қана қатысты емес. Пендені Раббысынан ғапыл қалдыратын, ойын өзге жаққа бұратын барлық заттар мен іс-әрекеттерден де жүректі сақтай білу керек. Ислам тарихында Меккеден Мәдинаға хижрат жасаған мұхажирлер мен ансар сахабалар арасындағы бауырмалдық келісім теңдессіз оқиға ретінде қалған. Көшіп келген мұхажирлермен тең бөлісуге дүниелерін ортаға салған сахабаларға көңілдері қанағат қазынасына айналған мұхажирлер олардың малына көз тікпей, керісінше: «Мал-дүниең өзіңе құт болсын. Сен маған базардың жолын көрсетсең болды» деп, өзгеге масыл болмауды өнеге ретінде қалдырған. Міне, Раззақ болған, ризық несібені кеңінен үлестіруші Алла тағаланы жақсы танудың маңызы. Оған деген сеніміміз, тәуекелдігіміз, мойынсұнуымыз қаншалықты күшті болса, ішкі жан-дүниеміз да соншалықты бай әрі қуанышты боламыз. Демек, нәпсіміздің ашкөздігін жойып, қанағат сезімін күшейтуіміз керек. Сабырлы кедейлер мен шүкір ететін байлар – Алланың разылығын табу тұрғысынан бірдей деңгейде тұратындығы тағы бар. Өзімізге қалаған жақсылықты өзгелерге де лайықты деп біліп, өзеурететін қасиеттерімізді тәрбиелей білейік ағайын!


Құнанбаев Орманбет Болатұлы
Қарағанды қалалық №1-мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары