Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ережеп – Алланың айы
23 қаңтар, 2023 жыл 772 Басып шығару нұсқасы

   Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
 
Ережеп – мұсылман күнтізбесінің жетінші айы. «Ережеп» атауының өзі «ар-руджуб» – «ұлықтау» сөзінен шыққан. Бұл сөздің түбірі – «таражиб» – «құрмет» деген мағынаны білдіреді.
 
Ережеп айы – Алланың құлдарына ең үлкен рақымы ретінде жіберілген қасиетті үш айдың (Ережеп, Шағбан, Рамазан) алғашқысы болып табылады. Сондай-ақ, Ережеп айы төрт «харам айдың» қатарына кіреді.
 
Қасиетті Құранда бұл жайында:
 
«Алланың көктер мен жерді жаратқан күні  жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны он екі, олардың төртеуі харам айлар. Міне, ең дұрыс үкім, әрі мінсіз жүйе (есеп) – осы. Ендеше бұл айларда (яғни қасиетті айларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы) өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар. ...» («Тәубә» сүресі, 36-шы аят), деп айтылған.
 
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «харам айлар» туралы:
 
«Жыл – он екі айдан тұрады. Оның (айлардың) төртеуі қасиетті. Үшеуі қатарынан келеді: Зул-қағда, зул-хижда, мұхаррам. Төртіншісі – ережеп айы. Ол Жұмади мен шағбанның арасындағы ай», дейді.
 
Тағы бір хадисінде:
 
«Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы», – деп айтқан.
 
Дін ғұламалары бұл ай туралы былай деген: «Ережеп – егін себу айы, Шағбан – суару айы, ал Рамазан – өнімді жинау айы». Демек, Ережеп – қасиетті Рамазан айына дайындық жолындағы рухани тазарудың алғашқы кезеңі. Сол себепті, бұл айдың жақсылығы мен игілігінен мақұрым қалғысы келмейтін әрбір мұсылман, тек парыз емес, нәпіл құлшылықтарға да көп көңіл бөлуі тиіс.
 
Ережеп айындағы құнды ерікті ғибадаттың бірі – ораза. Бұл айдағы ораза ерекше қадір-қасиетке ие және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғандай көп марапатқа ие болудың бірден-бір мүмкіндігі.
Дегенмен, Ережеп айындағы ораза – ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сол себепті, осы айда белгілі-бір жағдайларға байланысты ораза ұстамасаңыз, күнә болып саналмайды.
 
Ережеп айындағы оразаны кез-келген күні ұстауға болады. Бірақ, бұл нәпіл ораза болғандықтан, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай, дүйсенбі және бейсенбі күнде ұстаған абзал. Себебі, дәл осы күндері адамдардың амалдары Алланың құзырына көтеріледі.
 
Ережеп айындағы арнайы нұсқауларға келсек, бұл айда көп ораза ұстағысы келген адам: үш күн ораза тұтып, үш күн демалған жөн. Үздіксіз ораза ұстауға болмайды, себебі ондай ораза тек Рамазан айына тән. Демек, сіз бір күн, екі күн және одан да көп ораза ұстай аласыз, бірақ мұны үздіксіз жасауға болмайды.
 
Ережеп айындағы қатысты имам Хатиб әш-Ширбини «Муғни әл-Мухтаж» атты еңбегінде былай деп жазған:
 
«Рамазан айынан кейінгі ораза тұтылатын ең жақсы айлар тыйым салынған айлар болып табылады. Соның ішіндегі ең жақсысы – Мұхаррам айы. Себебі имам Муслим келтірген хадисте Рамазаннан кейін Алланың айы Мұхаррамдағы оразаның абзалдығы айтылған. Одан кейін Ережеп айы тұрады, бұл көзқарас Ережеп айын тыйым салынған айлардың абзалы деп санайтын ғалымдарға қайшы келмеу үшін айтылады».
 
Осы айдағы ізгі әрекеттеріміз, құлшылықтарымыз арқылы Алланың ерекше мейіріміне бөлене аламыз. Сол себепті, бұл уақытты барынша пайдалы өткізуге, ғибадат жасауға, көптеп дұға етуге, сондай-ақ өзге де игі істерге көңіл бөлуіміз керек.
 
Бұдан бөлек, осы ай бойы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!», деген дұғасын айтып жүруіміз керек. Себебі, аталмыш екі айдан кейін, айлардың сұлтаны – берекелі Рамазан айы келе жатқанын ұмытпағанымыз жөн!
 
Алла Тағала баршамызға Ережеп айының қадір-қасиетін түсініп, тыйым салынған нәрселерден барынша аулақ болып, нәпсімізді тәрбиелеу арқылы Өзінің разылығына жетуімізді нәсіп етсін! Әмин!
 
 
Естай Айтуғанұлы
 Қарағанды облысының бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары