Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бүкіл адам қателеседі, жақсысы тәубе еткендер!
25 ақпан, 2022 жыл 495 Басып шығару нұсқасы


Тәубе тақырыбына оралмас бұрын көптеген мысалдарды келтіруді жөн санадық. Төмендегі хадистер мен оқиғалар мұсылман бауырларымыздың  тура жолға түсуіне, күнәларына тәубе етуіне септігін тигізеді деп сенеміз!
Бұрыңғы өткен қауымдардың ішінде әрдайым күнә істейтін бір кісі болған. Сол кісі күндердің күнінде серуендеп жүріп, күнәларын есіне алады. Сосын: «О, Раббым, Сенің жарылқауыңнан үміт етемін» деп тәубе етеді. Сол сәтте дүниеден өтеді. Қайтыс болар алдында тәубә етіп, Алладан жарылқау сұрағаны, ниетінің түзулігі үшін Алла Тағала оның тәубәсін қабыл етті. Хазіреті Әлиден риуаят етіледі: «Маған Абу Бакр (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) айтқан мына сөзін жеткізді: «Бір пенде бір күнә іс істесе, сосын дәрет алып екі рәкәғат намаз оқып, Алладан күнәсінің кешірілуін сұраса, Алла Тағала оның күнәсін кешіреді», - деді де мына аятты оқыды - «Кім бір жаман іс істесе немесе жанына зұлымдық етсе, содан соң Алла Тағаладан жарылқауын сұраса, Алланың жарылқаушы және мейірбан екенін көреді». Әрбір адам баласы Алла Тағалаға әр күні және әр уақытта тәубә етуі керек. Абу Бакр Сыддық (р.а.): «Кісі күніне 70 мәрте күнә істеп, кейін кешірім сұраса, ол күнә мәңгілік емес» деп айтқан. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Аллаға ант етемін, мен әр күні 100 мәрте тәубә етемін» деген. Аллаға зікір етіп, тәубә жасауды намаздан кейін жалғастырса болады. Күнделікті оқылатын бес уақыт намаз соңында Аллаға тәубә етіп отыруды әдетке айналдырған абзал. Ондай амалды күнделікті орыдаған адамның иманы артып, күнә істері де азая түсері хақ. Хасан Басри (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Тағала Ібілісті жерге түсірген уақытта Ібіліс: «Я, Раббым, Сенің құдіретіңмен ант етемін, мен адам баласынан оның рухы денесінен ажырағанға дейін қасынан кетпеймін (азғырамын)» деді. Сонда Алла Тағала Ібіліске: «Менің құдыретім және ұлылығым сол – пендемнен тәубені өліммен келе жатқан уақытында да тоспаймын» деген. Хасан Басриден: «Кісі күнә істеп, тәубе етеді, сосын күнә істеп тағы тәубе етеді. Бұл қашанға дейін жалғасады?» деп сұралды. Сонда ол кісі: «Мұны мұсылмандардың мінез-құлқынан деп білемін» деген екен. Яғни, мінезін түзетіп, жақсы амалдарын арттырған адам, бір күнәні қайталамауға әрекет етеді. Соның нәтижесінде ол адамның мінезі де көркем бола бастайды. Тәубесі де артады. Иманы да күшейеді. Мұсылман ғұламаларының бірі былай деп айтқан екен: «Мұсылман адамның бойында мынадай қасиет болу керек: Ол Алланы еске алса – мақтанады, егер өзін еске алса – төмен болады. Егер Алланың аяттарын қараса – ғибрат алады, егер күнаға немесе шәһуатқа ниет етсе өзін одан алып қашады. Алланың кешіруші екенін ойласа – қуанады, өзінің күнәларын ойласа – жарылқау тілейді».
Абу Хурайра (р.а.): «Бір күні құптан намазынан шығып бара жатсам, жолда бетін оранған бір әйелді көрдім. Ол әйел: «Ей, Абу Хурайра, мен ауыр күнә істедім. Тәубе етсем болады ма?»,-деп сұрады. Мен: «Қандай күнә істедің?»,-деп сұрадым. Әлгі әйел. «Ойнас істедім және сол ойнастан туған баланы өлтірдім»,-деді. Мен оған: «Сен оңбапсың, оңбапсың, Аллаға ант, саған тәубә жоқ» дедім. Ол әйел қатты бақырып талып қалды. Мен кетіп қалдым. Кейін өзіме келіп, арамызда Расулуллаһ жүргенде мен қалай фәтуа беремін деп ойлап, таң намазында Расулуллаһқа болған жайды айтып, өзімнің шығарған фәтуамды айттым. Сонда Алла елшісі (ﷺ) айтты: «Біздер, Алланыңкіміз. Әлбетте Аллаға қайтушымыз. Сен, ей, Абу Хурайра, оңбапсың және оңбапсың, сен бұл аят түскенде қайда едің? «Сондай-ақ, кім тәубе етсе және иман келтіріп, игі амалдар істесе, енді Алла міне солардың жамандық күнәларын жақсылық сауаптарға айналдырып қояды». («Фурқон» сүресі, 70-аят). Содан соң, мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) жанынан шығып, Мадинаның көшелерінде жүріп, «кешегі менен фәтуа сұраған әйел қайдасың?» деп айқайлап іздедім. Кейін түнде сол әйелді бұрыңғы жол үстінде кездестіріп, Алла елшісінің (ﷺ) айтқандарын жеткіздім. Ол әйел қуанғанына айқайлап жіберді де «Менің бір бау-бақшам бар, сол бақшамды істеген күнәларымның кәффараты үшін жетім-жесірлерге садақа қылып беремін» деді», - деп өз басынан өткен жайды жеткізеді. Осыған байланысты,  Ибн Масғұд (р.а.): «Адам қиямет күнінде өзінің амал дәптеріне қарайды. Әуелі күнәларын көреді, содан соң жақсылықтарын көреді. Кейін тағы бірінші қараған жерін қараса, ол күнәлардың барлығы сауапқа айналады» деген.
Құрметті жамағат, біз әрдайым біліп жүруіміз керек. Күпірліктен ауырырақ күнә жоқ. «Әнфал» сүресінің 38-аятында Алла Тағала: «Ей, Мұхаммед, кәпірлерге айт, егер (күпірліктен) тоқтаса, өткен күнәлары кешіріледі де». Хасан (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (ﷺ): «Егер сіздерден біреулеріңіз аспан мен жердің ортасын толтыратындай күнә істесе, кейін тәубе етсе, Алла Тағала оның тәубесін қабыл етеді». Язид Раккаший айтады: «Бірде Абу Хурайра Расулуллаһтың мінберінде тұрып хұтба оқыды. Хұтбада: «Алла Елшісінен (ﷺ) естідім. Адам, Алла Тағала үшін махлұқтардың ең құрметтісі. Алла Тағала қиямет күнінде оған үш кешірім айтады:  «1. Ей, адам, Мен өтірікшілерді лағнеттемегенімде және өтірікті жаман  көрмегенімде, әлбетте сенің бүкіл ұрпағыңа рақым етер едім. 2. Ей, Адам, Мен сенің ұрпағыңнан ешкімді тозаққа кіргізбеймін, егер ұрпағыңның бір тобын дүниеге қайтарсам, әлбетте ол дүниеде жаман істерді қайтіп істейді. Кейін бұл жаман істен қайтпайды, тәубе де етпейді. Міне, осыларды ғана тозаққа кіргіземін. 3.Ей, Адам, Мен сені өзім және ұрпағыңның ортасына қазы етіп қоямын. Таразының алдына тұр және олардың амалдарынан саған не жетуін көр. Кімнің жақсылық амалдары ауыр келсе, оған Жәннат, тіпті мен тозаққа тек қана залымдарды кіргізетінімді білерсің» дейді. «Сәжде» сүресінің 13-аятында: «Мен жақтан бұл сөз шын болған. Мен жәһаннамды (кәпір) жындар, (дінсіз) адамдардың барлығымен толтырамын» деген.
Айша анамыз «Пайғамбарымыздың (ﷺ): жазылған күнәлар үшеу:  1 – Алла кешірмейді; 2- Алла кешіреді; 3-Алла ол нәрседе ешнәрсеге тимейді» деп айтқанын риуаят еткен.
1. Алла кешірмейтін күнә – Аллаға серік қосу. «Әлбетте, кімде-кім Аллаға серік қосса, Алла оған Жәннатты харам етеді және (олардың) баратын жері тозақ» («Маида» сүресі, 72-аят).
2. Алла кешіретін күнә – Пенде өз жанына зұлымдық етуі (яғни, күнә істеп, бірақ ол күнәдан басқалар зардап шекпесе).
3. Пендерлердің бір-біріне істеген жаманшылығы және зұлымдығы. Олар бір-бірін кешірсе, Алла Тағала оларды кешіруші.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әлбетте қиямет күні махлұқтардың құқықтары өтеледі (яғни, бір-бірінен өш алынады), тіпті мүйізсіз қой үшін мүйізді қойды байлатып, оны сүздіреді. Пенде араздасқан кісілерін риза етуі керек. Егер күнә өзі мен Алла арасында болса, әлбетте Алла мейірімді, кешірім сұраса, Алла кешіруші. Егер, күнә өзі мен адамдар арасында болса, ол кісіні (яғни, зұлымдық көргенді) разы етуі керек. Ренжіткен адамды разы етпесе, оған кешірім сұрау, тәубе ету пайдасыз. Егер, бұл дүниеде разылығын алмаса, ақыретте оның жақсылықтарынан алынады» деген. Сондықтан бір-бірімізді ренжітпеуге тырысуымыз қажет. Ағайын-туысты татуландырып, өкпесі бардың ренішінен тайдырып игі амалдар етуге әрекет еткен абзал.
Мұхаммед ибн Сирин (р.а.): «Бір жақсылық істеп, сосын оны тәрк етуден сақтан. Өйткені, біреу тәубе етіп, кейін тағы күнә істеп құтылған емес. Тәубе етуші адам, өзінің ажалын екі көздің арасындай өте жақын екенін білу керек. Сонымен қатар, істеген тәубесіне берік болу және өткен күәларын ойлауы, истиғфарды көбейтуі керек. Тәубе сияқты ұлық нығметке лайықты болу үшін Аллаға шүкір ету керек. Қиямет күніндегі сауаптар туралы ойлау адамды ізгілікке үндейді. Қиямет күніндегі азаптарды ойлау, адамды жамандықтардан қайтарады», - деген. Абу Зар (р.а.): «Ей, Расулуллаһ, Мұса пайғамбардың кітабындағылардан маған хабар беріңізші» деп сұрағанда, Пайғамбар (ﷺ): «Онда мысалдар және ғибраттар бар» деген. Сонда ол: «Тозақтың бар екенін сенімен біліп, күліп жүргенге таң қалдым. Өлімнің шын екенін сенімен біліп, шаттанып, шаттықпен жүрген кісіге таң қалдым. Есеп-қисапты сенімен біліп, күнә істеп жүрген кісіге таң қаламын. Тағдырды сенімен біліп, дүниеге қапа болған кісіге таң қаламын. Дүниенің өткінші екенін біліп, дүниеге алданып, жайбарақат жүрген кісіге таң қаламын. Жәннатты сенімен біліп, игі амалдар істемеген кісіге таң қаламын»,-деп Шәһәда кәлимасын айтқан екен.
Құрметті оқырман, бәріміз де Алланың сүйген құлдарымыз! Әттең, күнә істі істеу барлық пендеге тән. Дегенмен, Алла Тағала шын ниетпен сұрасақ күнәмізді кешіруші! Сондықтан да нақ осы сәт баршаңызды істеген қайырсыз амадар үшін тәубе етулеріңізді сұраймын. Алла әрбірімізге қайырлы амал ететін иман берсін!

Тусупбеков Асылхан Рахымжанұлы

"Әл Машани" мешіті

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары