Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Аюды жеңген – жарты батыр, ашуын жеңген – бүтін батыр
31 шілде, 2013 жыл 606 Басып шығару нұсқасы

Аюды жеңген – жарты батыр, ашуын жеңген – бүтін батыр«Адамның кейбір кездері» демекші, екі аяқты, жұмыр басты пендеге берілген көптеген мінездің қатарында ашудың да бар екені белгілі. Өмірде көп жағдайда өкінтіп, опық жегізетін мінездің бірі осы. Істің алды-артын аңдатып үлгертпейтін ашуды жеңе білудің жолы бар ма? Ислам дінінің бұл тұрғыдағы тәлімді кеңесі қандай? Адамға ашу не үшін берілген?
Ашу – қандай да бір істі, қылықты ұнатпағанда, жақтырмағанда еріксіз туатын оқыс мінез. Артық мазалағанда сәбидің де ашуланғанын көресіз, демек, ашу әр адамда тумысынан бар мінез. Бір қызығы, әр адамның ашулануы әр қилы. Сабырлы кісі ондайда ұстамдылыққа салып, ақылға жүгінсе, қызба мінездер ә дегеннен өз қызбалығын байқатады. Ал енді бір дөрекілердің ауыр сөзбен балағаттап, жаға жыртысуға дейін баратындары да жоқ емес. Ол, әрине, әркімнің жеке мәдениеті мен алған тәрбиесіне байланысты.


Құранның әмірі


Қасиетті Құранда ізгі ниетті, жылы жүректі мұсылмандар сипатталғанда, «Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында дүние-мүліктерін жұмсайтындар. Сондай-ақ, ашу-ызасын жеңгендер, адамдарды кешіре білгендер. Алла жақсы-лық жасаушыларды жақсы көреді», – делінген («Әли Имран» сүресі, 134-аят).


Тақырыбымызға қатысты аят-тағы «казиминәл-ғайза» (ашуын жеңе білгендер) сөзін талдар болсақ, «ғайз» – ашу-ыза дегенді білдіреді. Ал «казимина» етістігі – теріден жасалған су құятын ыдыстың аузын буу деген мағынаға келетін «казм» сөзінен туындаған. Яғни алқымына дейін келген ашуды сыртқа шығармау, іштей басу, қандай да бір оқыс әрекетке бармай, ашудың отын ақылмен сөндіріп, күші жете тұра кекке ұмтылмаған, жамандыққа жақсылық жасай білген адам деген мағынаны білдіреді. Расында да қатты ашу қысқанда, өз-өзіне ие болып, тікенек жұтқандай қиналса да ашуын іштей тарқата білгендер аятта жоқшылықта да, баршылықта да дін жолынан ештеңесін аямаған жомарт мінезді мүміндердің дәрежесімен теңестірілген.
Ашу ақымақтықпен басталып, өкінішпен тынады
Бұрқ етіп шыққан ашудың соңы көп жағдайда келеңсіз оқиғаларға соқтырып жатады. Кектесу, өштесу, түрлі жауыздық пиғылға берілу, тіпті ауыр қылмыстарға да ұрындыратыны жасырын емес. Қатты ашудан қабағы түйіліп, жүзі түтігіп, өне-бойы қалш-қалш етіп, көз алды қарауытқан адам не істеп, не қойғанын білмейді. Ақылдың басқаруынан шығып кеткен адам-ның сол сәтін психологтар зерттер болса, бәлкім, безгек ауруы секілді бір індетке ұқсатар ма еді. «Ашу тұтанған от сияқты. Кім ашуын билей алса, оны өшіргені, ал кім оны еркіне жіберсе, сол отқа алдымен өзі күйеді», – деп хазреті Әли (р.а.) айтпақшы, қолына кісен салынып, түрмеге тоғытылғандардың көп-шілігі бір сәт бойын билеген ашуға ие бола алмай, өмірлік өкінішке ұрынғандар екені белгілі. Тарихта бесінші халифа саналып кеткен Омар ибн Абдуләзиз өзі тағайындаған бір әкімге «Ашулы кезіңде ешкімді жазалаушы болма!» деп хат жолдаған (Ғазали, Ихия, ІІІ/1639). Өйткені істің анық-қанығына толық көз жеткізбестен ашу үстінде үкім шығару немесе оқыс шешім қабылдау өмірде орны толмас үлкен қателіктерге жол ашары сөзсіз. Демек, өз мінезінен сыралғы әркім бұған бей-жай қарамағаны жөн. Сол үшін адамына қарай қажетті тәлім ұсына білген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Маған есіме сақтайтындай қысқа ғана бір насихат айтыңызшы?», – деп өтінген бір сахабаға «Ашуланба!» дегеннен басқа сөз айтпаған. Әлгі кісі: «Тағы қандай насихат айтасыз?», – деп қайталап сұраған сайын ақиық елші (с.ғ.с.): «Ашуланба!», – деген бір ғана сөзін шегелей түскен (Бұхари, Әдеп, 76).


Ашуды мүлдем тыйып тастау мүмкін бе?


Әлемдегі барлық нәрсенің бір хикметпен жаратылғанын ескерсек, адам баласына ашудың да бекер берілмегенін ұғынуға болады. Негізсіз ашу шақыру, әрине, мұсылманға жараспайтын мінез, дегенмен ғалымдардың айтуынша, орынды ашудың да керекті жерлері жоқ емес екен. Айталық, дінге, ұлтқа, елге қауіп төнгенде, бұған ешбір мұсылманның бей-жай қарай алмасы белгілі. Алла мен пайғамбарға тіл тиіп, дінге шабуыл жасалғанда, елдік рәміздер аяқасты болып, қоғамда арсыздыққа жол берілгенде, т.б. өрескел жағдайларда мұсылмандардың бұған жүрек ауыртпауы қайта орынсыз. Ондайда өз мәдениетіне сай реніш білдіруге қажеттілік туындайтыны айтпаса да түсінікті.
Анығында әр мұсылман не нәрсенің нағыз ашулануға тұрарлығын жақсы білуі тиіс. Бұл тұста Исламның қандай ізгі істі қолдап, неге жол бермеуге тырысатынын білудің мәні зор. Жеке басына тіл тигенде талағы тарс айырылатын әлдекімдердің мұсылман үмбетінің мүшкіл жағдайына бас ауыртпауы, өзінің атақ-абыройына қыл жуытпайтындардың, рухани құндылықтардың аяқ асты етілгеніне көз жұмып қарауы олардағы ашудың қаншалықты жасанды екенін көрсетеді. Олай болса, шынайы мүмінге өз мүддесі үшін емес, көптің мүддесі үшін, қасиетті діннің абыройын қорғауда тиісінше салқын қабақ, сынық мінез таныта білгені керек-ақ.
Үлкен үлгі-өнеге иесі расулулла (с.ғ.с.) өз өмірінде бей-берекет қа-бақ шытпаған. Ғалым ибн Хажар жеке басына қатысты мәселелерде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сабыр сақтап, сыр бермегенін, алайда, діни мәселелерге қатысты келеңсіз жайт туындағанда, әлсізге тізе батып, әділетсіздік орын алғанда ашу білдіргенін айтқан.
Расында, мұсылман адамға жеке мүддесі үшін емес, Алла үшін, жалпыға ортақ діннің мүддесі үшін ғана ашулану жарасады.
Арыстан жүрек хазреті Әли (р.а.) бір жолы соғыста бір кәпірдің басын ұшырмақ болып, қылышын көтергенде, әлгі кәпір оның бетіне түкіріп жіберсе керек. Бір қызығы, Әли (р.а.) оны сол мезет өлтірмей қоя береді. Бұны күтпеген ол жалма-жан: «Неге мені өлтірмедің?», – деп сұрайды. Хазреті Әли: «Бастапқыда сені Алла үшін өлтірмекші едім. Сен бетіме түкіргенде, араға өз ашуым араласып кетті. Ниетім бұзылды. Енді өлтірсем, сені өз кегім үшін өлтіріп жіберер едім. Сондықтан бұған бармадым», – деп жауап береді. Сонда әлгі кәпір: «Бетіңе түкіру арқылы мені тезірек өлтіргеніңді қалап едім. Демек, осыншалықты кең түсінікті қамтыған діндерің кіршіксіз таза әрі шынайы болса керек», – дейді.


«Аюды жеңген – жарты батыр, ашуын жеңген – бүтін батыр»


Ел аузындағы осы бір мақал мына бір хадиспен мағыналас. «Мақтаулы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде сахабаларынан: «Балуан деп кімді айтасыздар?», – деп сұрайды. Олар күресте жан шыдатпай, бәрін жеңетін кісіні айтқанда, ол: «Жоқ, нағыз балуан – ашуланғанда өз-өзін жеңе білген адам», – деп түсіндіреді» (Мүслім, Бирр, 106). Демек, басқаны жеңгеннен гөрі қатты ашуға булыққанда өз-өзіңді жеңе білу – нағыз ерлік. Содан болар, ардақты елші (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Кімде-кім не істеймін десе де, күші жете тұра ашуын жеңе алса, Алла оны қиямет күні бүкіл елдің көзінше шақырып, хор қыздарынан қалағанын таңдауға ерік береді», – деген сүйінші хабар жеткізген (Тирмизи, Бирр, 74).


Ашуланғанда не істеу керектігі турасында хадистердегі мынадай кеңестерді де бере кеткен орынды.
Бір жолы екі адам пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында отырып, бір-бірімен қатты сөзге келіп қалады. Біреуінің ызаға булыққаны сонша, жүзі түтігіп, күре тамыры адырайып кетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол мезет: «Мен бір сөз білемін. Егер соны айтсаң, сендегі ашу кетер еді. Ол: «Ағузу билләхи мин әш-шайтани-р-ражим» (Қуылған шайтанның кесірінен сақтай гөр деп Аллаға сыйынамын), – дейді» (Тирмизи, Дағуат, 53).
Демек, ашуланғанда дереу Алла тағаланы еске алып, өзіне сабыр тілеп, жәрдем сұрау – мұсылман адамның алғашқы жүгінер амалы болмақ.
Ашуды басудың тағы бір тәсілі – сол мезет тіліңді тістеп үндемеу. Тәлімі мінсіз тәлімгер пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қатты ашуланған адам – үндемесін», – деген (Ахмед ибн Ханбәл, Мүснәд, 1, 239). Өйткені, ашу үстінде көбіне еріксіз жаман сөздер айтылып, кейін ұятқа себеп болатыны бар. Сондықтан, дәл сол сәтте артық сөзге бармай, үндемеу – ақылды адамның әрекетіне жатады.
Сондай-ақ, «Ашуланған адам түрегеп тұрған болса, отырсын, ашуы басылса жақсы, ал басылмаса, созылып жатсын», – деген хадисті де ескерген жөн (Әбу Дәуіт, Әдеп 4). Қазіргі уақытта психологтар да қатты күйзеліске яки торығуға тап болған кісіге оны ұмыту не сергу үшін сол орыннан басқа жаққа шығып кетуге кеңес береді.
Ал жоғарыда айтылғандардың ешбірі пайда бермесе, онда дереу дәрет алып қайтуға асыққан жөн. Өйткені, хадисте: «Ашу – шайтаннан, ал шайтан – оттан жаратылған, отты тек су сөнді-реді. Кімде-кім ашуланса, дәрет алсын», – делінген (Әбу Дәуіт, Әдеп, 4). Ашуланғанда дәрет алуға кеңес бергені де, жоғарыда айтылғандай, ашу туған жерден дереу алыстау болса керек. Өйткені, дәрет алған кісі расулулланың (с.ғ.с.) тағы бір кеңесін орындайтыны сөзсіз: ол – «Кез келген ашу мен ұрсысудың емі – екі бас намаз оқу» (Мүнауи, Фәйзул-қадир, 3\266).


«Жақсы адамның ашуы…»


Халық даналығында «Ашу жұту – тау жұту», «Ашулының алдында тұрма», «Жақсы адамның ашуы – шайы орамал кепкенше, жаман адамның ашуы – басы көрге кеткенше», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деп айтылғандай, әрине, адамның өз-өзін сабырға жеңдіріп, ашулы кезінде дереу сабаға түсуі, тез кешіре білуі оңай шаруа емес. «Мұсылман болу әсте-әсте» дегендей, бұл жаттығулармен бірте-бірте бойға сіңбек. Дегенмен, жұрт үлгі тұтқан тақуа кісілер қажет кезінде жоғарыда айтылған мұсылмандық кеңестерді мүлтік-сіз орындай білген. Төмендегі мысалдар соның айғағы іспетті.
Бір жолы Хасан ибн Әли (р.а.) дастарқан басында қонақтарымен отырғанда, тамақ әкеле жатқан күңі аңдаусызда сүрініп кетіп, ыстық ас халифаның үстіне төгіледі. Сол мезет не істерін білмей қорыққан күңі: «Тақуа құлдар ашуын жеңе біледі», – деген аятты оқиды. Бұны естігенде хазреті Хасан (р.а.): «Бопты, ештеңе етпес», – деп сол мезет сабасына түседі. Бірақ күңі: «Олар кемшілік жібергендерді дереу кешіреді», – деген әлгі аяттың жалғасын да еске салады. Бұны естігенде хазреті Хасан (р.а.) екі сөзге келмей: «Мейлі, сені кешірдім», – дейді. Қызметшісі: «Алла жақсылық жасаған құлдарын жақсы көреді» («Ғимран» сүресі, 134-аят), – деп аяттың соңын оқығанда, Хасан (р.а.): «Онда Алла разылығы үшін басыңа бостандық бердім, бүгіннен бастап азатсың», – деген екен (Бүрсауи, Рухул-баян тәпсірі, 2, 83-84).
Ал асқан тақуа кісілердің бірі, бұқаралық Бахааддин хазрет болса, тамақ ашумен пісірілгенін білсе, адал бола тұра алдына қойылған астан татып алмайтын болған көрінеді. Себебін сұрағандарға: «Ашумен пісірген ас бойға сіңбейді әрі берекесі де болмайды. Ондай тағамға шайтан араласады. Егер де жеген кісіден нашар қылық байқалса, таңғалмаңыз. Ал ашық қабақ, шын пейілмен пісірілген астан жеу құлшылық жасағанда адамға ләззат сыйлайды», – деп түсіндіреді екен.
Қорыта келгенде, тақырыппен мазмұндас мына бір хадиспен мәселені түйіндеуге болар: «Адам ата ұрпақтары мінез тұрғысынан әртүрлі жаратылған: кейбіреулердің ашулануы да тез, қайтуы да тез. Енді біреулердің ашулануы тез, бірақ қайтуы баяу. Үшіншілер баяу ашуланып, баяу қайтады. Ал төртінші топтағылар бірден ашуланбайды, сөйте тұра тез қайтады. Бұлардың ішіндегі ең жақсысы – соңғысы» (Тирмизи).


Құдайберді Бағашар,
дінтанушы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары