Баяғыда бір өте бай төре болыпты. Ол әрқашанда Ұлы Жаратушыны есіне алып Алла Тағалаға құлшылық етеді екен. Жылдар бойы мұсылманға тиісті бес парызды орындап жүріпті.
Үйіндегі малдың көптігі соншалық – санына сан жетпеген екен. Оның он алты ұлы болады. Мұның байлығына көз салған шайтан: «Осыны бір сынап көрейік, сыннан өтсе, төрелігінде қалады, өтпесе кетеді»,– депті.
Сөйтіп, бір күні байдың ауылына қатты жел тұрғызады. Малының барлығы қырылады. Дауыл басылған соң төре далаға шықса, малшылары жылап отыр екен:
– Ау, не болды? Неге жыладыңдар?– дейді.
– Малдың бәрі қырылғанда, неге жыламаймыз?– дейді олар.
– Ештеңе етпес, өздерің, бала-шағаларың аман ба?– дейді төре.
– Аман.
– Онда қайғырмаңдар. Бас аман болса, тағы да мал бітер,– деп сабыр сақтап, малшыларына басу айтады.
Бәрін бақылап жүрген шайтан: «Мынаның сүйегіне батпады-ау» деп тағы да бір сұмдықты ойластырады. Қатты жер сілкінісін жіберген шайтан төренің сүрінуін күткен. Зілзаладан төренің он алты ұлы да жер астына кетеді. Әйелі жоқтау айтып жылап отырғанда ері келіп:
– Жылама, жаспыз ғой, әлі-ақ балалы болармыз,– деп жұбатады.
Шайтан мұның сабырлығына таң қалып тағы да сұмдықты ойлайды. Енді төрені мүгедек етіп қояды. Аяқ-қолы істемей сал болып, төсек тартып жатқан еріне қайдан тамақ табарын білмеген жұбайы ұзын шашын кесіп сатып, үйіне азық әкеліп, еріне сорпа қайнатып тамақтандырды. Ыстық сорпаны сүйсіне ішіп отырып:
– Ақшаны қайдан алдың, мына ет қайдан келді?– деп сұраған еріне, әйелі болған жағдайды айтып түсіндіреді.
Бәрін бақылап жүрген шайтан енді төреге тағы да қиянат көрсетеді. Бұл жолы қимылсыз жатқан бейшара төренің үстін құрттатып жібереді.
Сөйтсе ол:
– Алланың сендерге берген нәсібі – мен. Жеңдер менің етімді,– деп түскен құртты тергізіп үстіне қойғызыпты. Сабырлығына қайран қалған шайтан: “Бұл адамға дауа жоқ” екен деп қиянат жасауын қойыпты. Содан оған нұр жауып, денсаулығы түзеліп, бастарына мал бітіп, ұл-қызды болып жұбайы екеуі бақытты ғұмыр сүріпті.
Сайтқа дайындаған: Мөлдір Қуандыққызы
Пікірлер