Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мұсылманның сипаты
20 тамыз, 2014 жыл 802 Басып шығару нұсқасы

Мұсылманның сипатыӘлемдердің Раббысы бізді жоқтан бар етіп жаратқан мейірімі шексіз Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын. Әрбір іс-әрекеті мен айтқан шәріп сөздері біз үмметіне өнеге әрі мұсылмандық айрықша сипат ретінде қалыптасқан, әлемге рақым етіп жіберілген әз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың игілігі мен сәлемі һәм салауаттар болсын.
Бүгінгі тілге тиек еткелі отырған тақырыбымыз мұсылманның сипаты, яғни бұл сипаттың қоғамдағы маңыздылығы жайында болмақ.
Реті келгенде жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру мұсылмандар үшін аса қасиетті, киелі Қағбаны жыққанмен бірдей. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)басты ерекшелігінің бірі – халыққа тек құрғақ үгіт-насихат айтып қана қоймай, оны өзінің нұрлы өмірі арқылы өрнектеп көрсете білуі. Сондықтан да жомарттық, әділдік, шынайылық, шыншылдық, сенімділік, мейірімділік, тақуалық, сабырлық қасиеттерінің ең биік шыңында қашан да ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тұрады.
Салт-дәстүріміздегі тәрбие жолын қарап отырсақ нақ осы мұсылманның шынайы сипаттарын көреміз. Барлығы дерлік Құран аяттары мен әз пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннет шәріптеріне саятын, тәрбие негізі. Кешегіде қарт қарияларымыз тіпті әжелеріміздің өздері немере-шөберелерін жинап алып, тәрбиенің қайнар көзі іспеттес хадис шәріптер мен нақыл сөздерді айтып санамызды жақсылықпен әрлейтін. Үлкенді сыйлау, ізет-құрмет көрсету секілді, тіпті, мәпелеп өсірген өз ата-аналарының тілдерін алмайтын жастарды да жиі байқап қалатын болдық.
Міне, осы сәтте бізге ең керегі үлкеннің ақылы, тек ақылы ғана емес тәй-тәй басқаннан бастап санасына тәрбиелік даналы сөздермен сусындатып, жүрегін мейірімділік пен жомартыққа, кішіпейілдікке, барлық жақсы сипаттарға лайықты насихаттап отыруымыз маңызды.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
من تمسك بسنتي عند فساد أمتي فله أجر مائة شهيد
«Кімде-кім үмметімнің бұзылған заманында менің сүннетімді ұстанса онда оған жүз шейттің сауабы бар» - деген. Олай болса шетел асып, өзге елдің саяси қақтығыстарына араласып, жалған шейттік сауапты емес, жүз шейттің сауабына лайық пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)шәріп сүннетіне жүгінейік. Батыстың жаман жағын өзімізге абырой көріп, ұлттық намысымызды таптамайық. Бесіктен өнегелі тәрбие көріп, өнегелі сөзге терең болып өскен кіп-кішкене ғана Қазыбек би: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай білген елміз» - деп кезінде қасірет әкелген қалмақтардан қаншама қазақты құтқарып қалған-тын. Бүгін ше? Кішіміз былай тұрсын, әлі күнге дейін үлкендеріміздің қисалаңдап, ащы суды ұрттағанын көріп, аузынан даналы сөз емес, дұшпан күле қарайтын шалалықты байқаймыз.
Дегенмен діні мен дәстүріне мығым болған ата-бабаларымызда жоқ емес еді. Мағжан Жұмабаев атамыз болашақ ұрпаққа деген сенімін мына өлең жолдарынан байқаймыз:


Қанатындай сұңқардың,
Тұяғындай тұлпардың,
Иман жүзді қуатты.
Мен жастарға сенемін.


Солардың дұға-тілектері болар, бүгінде тәуелсіздік алып, сүннетпен ұштасқан дәстүрімізді сақтап қала алдық. Отанымызды мақтан тұтып, үлкен белестерге жеттік. Міне, бұл отансүйгіштік мұсылмандық сипаттың бірі. Бір мұсылман екінші мұсылманмен кездесе қалғанда «бір-бірімен амандасуы». Бұл екеуінің арасына бауырмалдық, кішіпейілділік пен адамгершілікті ұялатады. Бейтаныс жерде немесе қараңғылықта кісі екінші танымайтын тараптан сескенуі, қорқақтауы мүмкін. Осындай кездерде дауыстап амандасу екінші кісіге алдағы кісіден қауіп келмейтіндігін түсінеді. Бұл да амандасудың бір маңыздылығы десек болады. Мұсылмандар «Әссәламу алайкум» деп амандасады. Ол - «Саған (Алланың) амандық, тыныштығы болсын» деген мағына береді.
Құранда Алла тағала:
﴿وإذا حييتم بتحية فحيوا بأحسن منها أو ردوها ... ٨٦﴾
«Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!» - деп бұйырған. Осы аяттан амандасудың қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады.
Сондай-ақ, «Жақсы мінез-құлық» мұсылманның ең жоғарғы сипаттарынан. Мінездің көркемдігі жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал - Алладан қорқу мен көркем мінез» - деген. «Ас тасыса, қатығы төгілер, Ашу тасыса, ақылы төгілер» - деген дана халқымыздың дана сөзіне ден қойсақ, ашу, ыза, көреалмаушылық деген сияқты адамды ақылдан алжастырып, кісіні ұятты халде қалдыратынын байқаймыз. Мұндай іс-әрекеттер кісіні жұмақтан тосатыны ақиқат. Сонықтан адам баласы өзінің бойын жақсылықта ұстап, мінезін түзетуге қашанда атсалысуы керек.
Хадис шәріпте: «Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз - көркем мінезділеріңіз» - деп біз аңсап жүрген пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізге деген сүйіспеншілігін, шапағатына қалай лайықты болу жолдарының бірі көркем мінез екендігін жеткізіп отыр.
«Кісі ауырғанда оның жағдайын сұрау», дүние салса көңіл айту, қолдан келсе сырқаттанғанға көмек көрсету мұсылмандық сипаттардан. Біз үйден жұмысқа баратын жолды білеміз, жұмыстан үйге қайтар жолды білеміз. Басқа да базар, дүкендерге барар жолдарды білеміз. Алайда ауырып жатқан бауырларымызды естігенде оған барып қайту жолын білсек те мән бере бермейтініміз өкінішті. Себебі дәл сол жол ақиқатында жұмақ жолы екенін Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп баяндайды: «Ауру адамның халін сұрауға баратын жол - жәннатқа баратын жол, ал ол жолдағы адамдарға періштелер қанатын төсейді» дейді.
Мұсылман сипаттарының тағы бірі «Бауырмалдық». Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ешбірің өзіне қалағанын діндес бауырына да қаламайынша толық иман келтірген болмайды» - деген. Қазақта «Аз қайғыны ас басады, Көп қайғына дос басады» - деген сөзі осы хадиске сайса керек. Бауырмалдық бұл кісі арасындағы шынайы қасиет. Әсіресе мұсылман бауырың үшін барыңды салып қолдау көрсетуің. Осындай өнеге көрсеткен көзге жас ұялататын мұсылмандар мен византиялықтар арасында болған Иармук соғысына қатысқан Хузайфа әл-Адауидің (р.а.) мына бір оқиғасын қараңыз:
«Соғыс бітісімен немере ағамның баласын тауып алайын деп іздедім. Сөйтсем ол ауыр жарақаттанып қалған екен. Оған біраз су берейін деп ұмтыла бергенім сол еді, енді ішкізейін деп жатқанымда қасымызда екінші бір жаралының ыңырсыған дауысы естілді. Немере ағамның баласы су ішпей қойды. Әуелі ыңырсып жатқан адамға апар деп ымдады. Суымды алып, әлгі ыңырсып жатқан жаралының жанына бардым. Ол, Хашим ибн Ас екен. Оған енді су берейін деп жатқанымда өзге біреудің қиналып ыңырсыған дауысын естіп ол да суды ішпей соған беруімді сұрады. Суды алып сол ыңырсыған кісінің қасына барғанымда енді ғана жан тәсілім еткен екен. Сосын Хашимнің қасына оралдым, олда қайтыс болған екен. Енді не болса да немере ағаның ұлына берейін деп жанына барғанымды оның да бақилық болып кеткенін байқадым. Осылайша ешқайсысына су ішкізе алмадым» - дейді. Не деген жоғары сезім, не деген асыл қасиет! Соңғы демі қалса да бауырларын ойлап дүние салды.
Құрметті ағайындар! Мұсылмандық сипаттың түрлері көп. Әр қайсысына жеке-жеке тоқталып өтуге болады. Дегенмен негізгі сипаттары ретінде бірнешеуіне тоқталып өттік. Аз болса да осыдан ой түйіп, пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті үмметі болуына, оның шапағатына лайықты болып, мұсылмандық қасиеттерімізбен Алла Тағала жұмақ төріне өрлей беруімізді жазсын.


«Бала қажы» мешіті бас имамы: Нуров Н.Н.





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары