Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ислам – тыныштық пен татулықты қалайды
28 қазан, 2013 жыл 17 Басып шығару нұсқасы

Ислам – тыныштық пен татулықты қалайдыДін мәселесі- өте нәзік мәселе. Жер бетіндегі кейбір қақтығыстардың негізінен дінге, дінаралық келіспеушіліктерге байланысты болғанына көнекөз тарих куә. Қазіргі уақытта дін мәселесі мен қоғамның дамуы ең маңызды мәселелердің бірі болып отырғаны шындық. Көршілес елдерде орын алып жатқан қақтығыстар, отқа оранып жатқан қалалар мен түн тыныштығы бұзылып жатқан халықтардың бір кездері тыныш бейбіт халде өмір сүргенін баршамыз білеміз. Осы көріністердің барлығы әлбетте өзара бөліну мен алауыздық отына арбалудан басталған. Осы жағдайларға байланысты діни басқарма дер уақытында мұсылман қауымын парасаттылық пен сабырлыққа шақырып, таным тұғырында қарауға үндеп пәтуа жариялады. Ендігі жерде біз де жер бетінде бейбітшілік орнауын Жаратқан иемізден дұғамызбен тілеп, өз еліміз бен жеріміздің бүлінбеуін ойлап, бүтіндігіне амал етуге тиіспіз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде де рухани ұлттық қазыналарымызды сақтап қалу мен ұрпақтан ұрпаққа жеткізу- біздің басты міндетіміз. Адам баласы табиғатынан рухани өмірге бейім, Ислам көзқарасы бойынша, мұның мағынасы - Аллаһқа құлшылық етуге бейімділік. Иман нығметін адам тек бар ынтасымен соған ұмтылғанда ғана ала алады, сол ниеті ғана оны нығметке лайық етеді. Күнделікті өмірде иман қағидаларын ұстану және оны әр күні жаңа қырынан жүзеге асыру арқылы пенде рухани дамуға қол жеткізіп, шығармашылық еңбек пен ойлауға қабілетті болады. Жеке бір тұлғаның кез-келген жерде жүзеге асыратын дербес іс-әрекетінің имандылық тұрғысынан қарағанда маңызы зор. Өйткені, оның сырт көз көретін бұл жүріс-тұрысы көбіне ішкі жасырын иманын білдіреді. Құран Кәрім әр кісінің жеке адамгершілік қасиеттерін жетілдіруге талпынысының, адам тұлғасының еркіндігін растай түсетін рухани қажыр-қайратының маңыздылығын ұдайы баса айтады. Осыған орай Құран Кәрім бір-біріне ұқсамайтын екі адам туралы мысал келтіреді. Олардың бірі - ештеңе түсінбейтін мылқау, сондықтан да ол қожайыны бір нәрсеге жұмсаса, орындай алмайтын масыл. Құран Кәрім оны тура жүріп-тұратын, әділдікті ұстанып, басқаларға үлгі болатын екінші еңбекқор жанмен қалай салыстырамыз деп сұрайды:
«Аллаһтың тағы бір мысалы: Екі адамды алып қарайық. Біреуі - қолынан ештеңе келмейтін, иесіне ғана масыл болған мылқау, қайда жіберсең де ол ештеңе тындыра алмайды. Енді бірі - өз жолын өзі тапқан, адамдарды да дұрыс жүруге үндейтін адам, сонда осы екеуі бірдей ме?»
Аталған екі іс арасындағы айырмашылық өте маңызды. Кез-келген кісінің жақсы амалдарға ұмтылуға және сол жолда күш-қайратын жұмсауға күш-қуаты әбден жетеді. Адам табиғатынан еркін. Алайда, ол сол қалпында еркін болып қалғысы келсе, онда өз өмірін жоспарлы да жемісті етіп құруға тырысуы керек.
Бүгінгі күні шын мәнінде мемлекетіміз асыл дінімізге өз қамқорлығын көрсетіп отыр. Қазақстан зайырлы мемлекет болғанмен Ата заңымызда діни конфессияларға аса мән беріп, азаматтардың ар-ождан бостандығына кепілдік берілген. Халқымыздың басым бөлігі Ислам дінін ұстанушылар екендігі де мәлім. Сондықтан бүгінгі таңда мұсылманның бірінші қағидасы гуманизм, адамды сүю, адамгершілік қатынас, адам құқығын қорғау, Отанды сүю, иманды болу. Өйткені Ислам діні мемлекетте, тыныштық, әділдік болуын көздейді. Жасыратыны жоқ, Ислам өркениетінің арқасында адам баласы ұлтына, нәсіліне, географиялық жағдайына қарамай көптеген игіліктерге қол жеткізді. Өз еліміздегі игілікті істерді айтатын болсақ, Елбасымыздың әлемдік қауымдастықтағы беделінің жоғарылығы нәтижесінде мұсылман елдерімен рухани, экономикалық байланыстар өсуде. Бұл орайда, Елбасы өз Жолдауында «Біз үшін мұсылман әлемі елдерімен халықаралық ынтымақтастық пен мәдени алмасулар құрылымдарына белсене қатысу мейлінше табиғи нәрсе» , -деген болатын. Аллаға шүкір, бұрындары арман болған барша мұсылман үшін ең қасиетті де киелі саналатын Мекке мен Мәдина қалалары орналасқан Сауд Арабиясы Корльдігімен рухани байланыс орнықты. Біріккен Араб Әмірліктерімен елімізде көптеген қайырымдылық шаралары атқарылуда. Мұның барлығы бәсекеге қабілеті отыз елдің қатарына ену жолында өз үлесін қосатын рухани бауырластықтың үлгісі. Бүгінгі таңда рухани тұрғыда бәсекелестік те жоқ емес. Оның кейбірі шынайы сенімімізге селкеу түсіріп, бірлігімізді сетінетуге ықпал еткісі келеді. Алайда бүгінгі діни қызметкерлер уақыт талабынан туындаған қандай да бір жайттарды сауаттылықпен, байсалдылықпен, парасаттылықпен, көркем түрде шешуді меңгерген деуге әбден болады. Себебі, егемендік алған тұстағы діни көзқарас пен бүгінгі талғамның арасында едәуір айырмашылық бар. Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазірет дін қызметкерлеріне жаңаша бағытта жұмыс жасаудың тетіктерін көрсетіп, халықтың салт-санасынан бөлектенбей дінге ықыласты қызмет атқаруды міндеттеп отыр. Осы талап үдесінен шыға отырып атқарылған жемісті жүмыстардың барысында ұлтжандылық пен Отансүйгіштікке тәрбиелеуде имандылық адамның ар-намысының бет бейнесіне айналды деп айта аламыз.
Иман тек дінге қатысты ұғым болып қалмай, дін туралы мәселенің шеңберінде шектелмей, ауқымы кең отбасылық, тұрмыстық, әлеуметтік өмірде өзінің лайықты орнын алып, халықтың рухани қажеттілігіне айнала отырып дамып келеді. Адамзат баласына тән ұстамдылық, сабырлық, төзімділік және бейбітшіліксүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірген жас буын рухани құндылықтарын ешуақытта жоғалтпайды. Әлде де болса рухани тәрбие тәсілі арқылы жас ұрпақтың бойында қоғам өміріндегі жат, келеңсіз құбылыстарға жиіркенішпен қарайтындай сезім қалыптастыруымыз қажет. Басты проблемаға айналып отырған суицид, нашақорлық, кісі қанын жүктеу, лаңкестік әрекет секілді екі дүниеде зардабы мол күнәлі істерден жас буынды арашалау баршамыздың басты міндетіміз. Алла Тағала Құранның «Әнғам» сүресінде: «Ізгілікте және жамандықтан сақтануда бір-біріңе көмектесіңдер» деген. Олай болса, Отанымыздың өркендеуі жолында, еліміздің абыройын ойлап, халқымыздың жоғын түгендейтін, ар-намысын, ата дінін қорғайтын ұрпақ қалыптастыруды баршамызға нәсіп етсін. Біз де әрдайым жамағат болып мешітерімізде ел тыныштығы мен мұсылман қауымының береке бірлігін тілейміз, соған сай амал етеміз. Жаратушымыздан баршамызды Өзін разы ететін амалдарды көбірек атқару үшін иманымызға нұр, ғибадатымызға қуат берсін деп тілейміз.



ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі
бойынша өкіл имамы: Бекқожа Өмірзақ Қазкенұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары