
Баяғыда бiр мұсылман бала Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кiмде-кiм жәннаттан үмiттi болса, пайдалы сөз айтсын немесе үндемесiн» деген хадисiн естiп, соған лайық әрекет етуге тырысады екен.
Өзi жас, пайдалы ештеңе айта алмайтын болған соң, үндемеуге бел буыпты. Үндемейтiнi айналасындағыларды таңырқатып, әкесi алаңдай бастапты.
«Осы менiң балам ауру емес пе екен?» деген оймен баланы емшiге апарады. Емшi:
- Балаңыз зерiккен. Оны қаланың сыртына серуендеуге шығарыңыз, - дептi. Әкесi баланы ертiп, қаланың сыртына орман, тоғайлы жерге серуенге шығады.
Екеуi келе жатса, бiр тотықұс шықылықтай бередi. Әке баласының көңiлiн көтермек болып, дыбыс шыққан жердi iздеп жүрiп, тотықұсты ұстап алады.
Оны торға салып жатқанда, баласы:
- Әй, байқұс! Шықылықтап дыбыс бермей, үндемей отырғаныңда, сен мынандай күйге түспес едiң, - дейдi.
Әкесi болса:
- Сен сөйлей алады екенсiң ғой. Ендеше елдiң бәрiн неге әбiгерге саласың? - деп шапалақпен тартып жiбередi.
Сонда бала:
- Мiне, мен де үндемей-ақ қойғанда шапалақ жемес едiм, - деген екен.
Пікірлер