Ілім жолы – жәннат жолы. Ілім үйреніп, сол ілімімізден өзгеге пайдамызды тигізер болсақ және діннен хабарсыз көптеген адамдардың иманға келуіне себеп бола білсек, зор сауапқа кенелетінімізді хадисте сүйіншілеген: «Сенің себебіңмен Алла Тағала бір адамды һидаятқа бастаса, сен үшін бұл дүние және дүниеде болған барлық нәрседен хайырлы». (Хадисті имам Бухари риуаят етті). Саффан ибн Ассал (р.а.) әңгімелейді: «Бірде Алланың елшісі мешітте отыр екен. Қасына барып, «Уа, Расулалла! Мен білім іздеп келдім», – дедім. Расулалла: «Қош келдің, білімге құштар жан! Періштелер білім іздеген адамға құрмет көрсетіп, оны айнала қанаттарын жайып, көкке шеңбер жасай көтеріледі», – деді». Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағаладан пайдалы ілім сұраңдар және пайдасыз ілімнен Алла Тағалаға сыйыныңдар!»,-деді. (Хадисті Ибн Мажә риуаят етті). Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Сен оларға айт: (Ақиқатты) білетіндер мен (Құдайы мен пайғамбарын танымайтын) білместер әсте тең бола ала ма? («Зүмәр» сүресі, 9-аят). «Өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұрап, үйренуге талпыныңдар!» («Нахыл» сүресі, 43-аят) деп Ұлы Алла білімнің артықшылығын баяндап әрі жол нұсқап тұр.
Расында, ерте алынған білім санада сақталып қалса керек. Дүние, атақ, абырой барлығы да уақытша нәрсе. Алланың кереметтерін ұғынып, ілім іздену үлкен сауапты іс. Бізге жеткен хадистерден білім алудың аса маңыздылығына көз жеткіземіз. Білімнің әсте естен кетпейтіні мен білімдінің дәрежесін айқындайтын екі хадисті келтірелік:
«Язид ибн Үмәйра (р.а.) жеткізген екен:
Сахабалардан Муаз ибн Жәбәлдің (р.а.) әл үстінде жатқан кезі. Жұрт тегіс жиналып жылап отырады. Муаз (р.а.) олардан: «Неге жылайсыңдар?», - деп сұрайды. Олар: «Сенімен бірге кететін ілімді жоқтап жылаймыз», - дейді. Сонда Муаз (р.а.) оларды жұбатып: «Ілім мен иман жоғалмайды, қияметке дейін қалады. Кім ізденсе, бұл екеуін табады. Бұлар Құран мен сүннетте тұнып тұр. Ілімді басқадан емес, Омар, Осман, Әлиден (р.а.) алыңдар. Ақиқатты кім айтса, мойындаңдар. Өтірікті кім айтса, одан бойларыңды аулақ салыңдар», - деп айтқан екен.
Ілімді адам оқ бойы озық тұратыны жасырын емес. Алла тағала білімдіге осы дүниеде ақ құрмет көрсетіп, дәрежесін өсіріп қойған. Бұл дүниеде ғана емес, оның дәрежесі Алла алдында да озық болмақ. Бір кісі: «Ғалым мен тақуаның қайсысының дәрежесі биік?», - деп сұрағанда, Алла елшісі ﷺ: «Мен араларыңдағы ең төменгі дәрежедегі адамнан қаншалықты жоғары болсам, ғалымдар да тақуалардан соншалықты санатта биік тұрады. Себебі, екі дүние, төрт тараптың сыры білімділерге мәлім болмай ма? Алла, періштелер, тіпті құрт-құмырсқа мен теңіз жәндіктеріне дейін білімділерге дұға етеді» - деді де мына аятты оқыды: «Құлдардың арасындағы ғалымдар ғана Аллаға лайық түрде құрмет көрсетеді» («Фатыр» сүресі, 28-аят).
Ілімнің қайнар көзі – Құран. Құран оқуды үйрену әсте қиын емес. Нәпсіні жеңіп алғашқы қадамдарды жасаған адамға, Алла оның жолын ашып қояды. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады. («Бақара» сүресі, 269-аят). Білімге ұмтылу – шынайы сенушілерге тән қасиет. Құран мұсылмандарды білімді байлық пен атақ үшін емес, сенім үшін игеруге шақырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ Мәдинаға хижра жасағаннан соң, сол жерде мешіт салдырып, онда арнайы дінді үйрету мақсатында бір бөлім құрғаны және ол орында өзі ұстаздық еткені мәлім. Алла елшісі оқу-жазуды және басқа да ғылымдарды халыққа үйретуді сахабалардың ішіндегі сауаттыларына міндеттейді. Бәдір соғысы кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ қарсылас жақтан тұтқынға түскендердің оқу-жазу білетіндеріне, мәдиналық он мұсылманның сауатын ашқан жағдайда босату шартын қойғаны ислам тарихынан белгілі. Хз. Пайғамбарымыз бір жағынан білімділерге білетінін білмейтіндерге үйретуді бұйырса, екінші жағынан мұқтаж аймақтарға дінді үйрететін ұстаздарды жіберіп отырды. Осылайша мұсылмандардың білім алуына өзі тікелей ұйытқы болып, үлгі көрсетті. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ ислам діні жаңадан таралып жатқан аймақтарға өз сахабаларын жіберу арқылы сол аймақтағы халықтың дін исламды тереңірек түсінуіне жағдай жасады. Исламға дейін сан түрлі наным-сенімді ұстанып келген жат жерлік халықтар білімдар мұсылмандар арқылы ислам дінінің асыл құндылықтарымен сусындады.
Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Олай болса бар құнды уақытымызды білім жолына жұмсайық. Алла баршамызға ілім жолында жеңілдік берсін.
Қалдарбеков Нұрболат Сейлханұлы
Балқаш қаласының Бас имамы
Пікірлер