Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Шешім қабылдау немесе Истихара
03 желтоқсан, 2015 жыл 748 Басып шығару нұсқасы

Біздің бар ғұмырымыз шешім қабылдаудан тұрады екен. Қалай дейсіз ғой? Қараңыз. Біз өзіміз қабылдаған шешімдердің өмірлік маңызы барларын ғана есте сақтап қаламыз. Ал күн сайын таңертең тұрғаннан бастап шешім қабылдауға кірісетінімізді байқамаймыз да. Таңғы асқа не жеймін, жұмысқа не киемін дегеннен бастап күнұзын не керектің бәріне шешім қабылдаймыз. Мұндай ұсақ-түйек тірліктің шешімдері ешқашан таусылмақ емес. Тек, сол ұсақ-түйек тірліктегі шешімдердің өзін залалсыз, кесірсіз, қиянатсыз қабылдай білсек, қайыры, сауабы мен жақсылығы көбірегін таңдасақ болғаны. Себебі мұсылманның «тіршілігі де құлшылық»!


Ал әлдебір маңызды шешім қабылдағанда өз ақыл-санамыз бен түйсігімізге, жағдайды пайымдаудағы тұжырымымызға арқа сүйейміз. Алайда жүз пайыздық білім Аллада ғана. Ал біз сол білімнің Алла берген бөлігіне ғана иелік етеміз. Сондықтан да шешіміміз соңында біз күткен нәтижеге жеткізбей, қате болып, жоспарымыздың бұзылып жататын жағдайлары жиі болады.


Себебі шешім қабылдауда асығыстық жасалады. Уақыты келместен, орайлы сәтті күте алмай, төзім таусылып шешімді «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген тәуекелмен қабылдаймыз. Төзім, сабыр жоқ себебі. Жеті рет өлшеп, бір рет кесу естен шығып кетеді. Күте білудің де қайыры осындайда білінсе керек.


Төзім мен сабырдан бөлек, шешім қабылдағанда адамның өз-өзіне сенімділігі де негізгі себеп болады. Ал адамның шектен тыс өз-өзіне сенімді болуы өзімшілдігі Алласын ұмыттырып, адасуға алып келуі мүмкін. Асқан өз-өзіне сенімділік тәкаппарлыққа ұласса адамның рухани дүниесі үшін аса қауіпті. Себебі жоғарыда айтқанымыздай бәрін білуші де, көрішу де, шешуші де Алла.


Әлдебір шешім қабылдағанда қанша адаммен ақылдассаңыз да, қаншалықты ақпарат жинасаңыз да, асығыс я ұзақ, сенімді я сенімсіз түрде қабылдасаңыз да шешімнің дұрыс яки бұрыс болуы Алланың қалауына байланысты екенін ешқашан естен шығармаған абзал. Сондықтан да әлдебір маңызды шешім қабылдағанда Алладан адастырмауды, қабылдаған шешімнің қайырлы болуын тілеу, тек Аллаға ғана тәуекел ету маңызды. Мұны истихара намазын оқу арқылы жасауға болады. Себебі әлдебір істің я қайырлы, я қайырсыз екенін білгіңіз келсе Алла Тағала истихара намазын оқуға бұйырған.


Әмина Омарова


Қарағанды облыстық орталық мешіті

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары