Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ДАУЛАСУДЫ ДОҒАРҒАНҒА БЕРІЛЕТІН СЫЙ
11 ақпан, 2016 жыл 229 Басып шығару нұсқасы
PR6YOyySIdcБіздің өмірімізді диалогсыз, әңгімесіз және пікірталассыз елестету мүмкін емес. Біз барлық жерде әңгіме айтамыз, ой өрбітеміз, пікір алмасамыз: жиында, қонақта, оқуда, ғаламторда. Талқылау, пікірталас біздің өмірімізде ерекше орын алады. Оның маңызы әлеуметтік желілер пайда болғалы тіпті артқан. Бірақ біз диалогты қалай жүргізу керектігі туралы ойланамыз ба?

Диалог, пікірталасқа келгенде ең алдымен бізге ниетіміз бен мақсатымызды айқындап алуымыз, не үшін пікір таластырайын деп отырғанымызды жақсы түсінуіміз қажет. Мысал үшін, біреу әлдекімге күйе жағуды, ол туралы өсек таратуды мақсат етеді. Біреу пиарға жүгініп, атын шығаруды ойлайды. Мұның бәрі әрине мұсылманға жат қылық.

Исламға, шариғатқа қарсы, оны мойындамайтын, сенбейтін, ол туралы тыңдағысы келмейтін адамдарды да көптеп ұшыратамыз. Сондықтан мұсылман адам алдымен Алланың разылығы үшін, екіншіден өзінің білім-күшімен, мінез-құлқы, жүріс-тұрысымен адамдарды шындық жолына шақыруды мақсат етуге тиіс. Бұл арада пікірталастың алатын орны бөлек. Себебі кез-келген жағдай сөзбен түсіндіріледі. Мұсылман пікірталасындағы негізгі ұстаным Құрандағы ұстаным болуы керек:  «Өз Жаратушыңның жолына ақылмен шақыр және жақсы насихат жүргіз және олармен арадағы дауды көркем түрде жүргіз» (ан-Нахл, 125). Алла елшісі (ﷺ) өз хадисінде: «Кім дауласуды доғарса, тіпті өзінікі дұрыс болып тұрып дауласуды доғарса оған Жұмақ маңынан үй болатынына уәде етемін...»-деген.

Шындық жолынан ауытқымай пікірталас жүргізу үшін не істеу қажет? Бұл үшін келесі ережелерді есте ұстаған абзал:

Бірінші ереже – тек шындықты айту.

Алла елшісі: «Расында шындық  – бұл тыныштық, ал өтірік – қауіп»-деген.

Екінші ереже – білетініңізді және өзіңіз сенімді болған деректі ғана растау. Өкінішке қарай көпшілік әлдебір жерден оқығанын, әлдкімнен естігенін өзінше түрлендіріп өзгелерге жеткізіп жатады.  Соңында бұл пікір қайшылығына әкеліп, түсінбестік тудырады.

Үшінші ереже – қарапайымдылық. Қарсыласқа деген тәкаппар көзқарас, тәкаппар қарым-қатынас оны дұрыс жолға әкелмейді. Себебі адам нәпсісі біреудің өзіне күліп, кекесінмен, төмендету арқылы айтып тұрғанын мойындауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан әркім алдымен өз нәпсісін жеңіп, өзгелерге үлгі болуы тиіс. Пікірталастағы қарапайымдылық қарсыласыңыздың сізге деген сый-құрметін арттырып, сіздің айтып отырған сөздеріңізге сенімін күшейтеді.

Төртінші ереже – ешқашан әділетсіздікті, өтірікті жақтамау. Біз өтірікті өтірік деп танитындай, әділетсіздікті әділетсіздік деп айта алатындай болуымыз керек. Егер өзіңіздің досыңыз, пікірлесіңіз өтірік қосып, әділетсіздік жасап тұрса оны түзетуге тырысыңыз. Мұндай екіұштылыққа жол бермеу қажет.

Бесінші ереже – өз пікірін анық әрі түсінікті жеткізу.  Пікіріңізді барынша түсінікті жеткізсеңіз пікірталас соғұрлым қысқа болмақ. Себебі пікірталастың көбі қарсыластардың бірін-бірі түсінбеуінен созылып кетеді. Алла елшісінің сөйлеу мәнері түсінуге өте оңай болатын.

Алтыншы ереже – қарсыласты тыңдай білу, түсіне білу. Егер қарсыласыңыздың пікіріне, ойына   көңіл бөліп, ұғынбасаңыз, сіздің пікіріңіз оған өтімсіз болады. Бұл түсінбеушілікті күшейтеді.

Жетінші ереже – ақпаратты жеткізбес бұрын оның шын екеніне көз жетізу. Алла Тағала Құранда:  «О, сенім келтіргендер! Егер сендерге күнәһар хабар әкелсе [өтірік я шынын] анықтаңар»-деген  (әл-Худжурат, 6-аят).

Сегізінші ереже – әлімдердің айтқанын жоққа шығармау. Дінді әркімнің түсінуі әрқалай. Адам дінді қаншалықты таныса, ақпаратты да соғұрлым қабылдайды. Кейде ғұлама ғалымдардың ой пікірлерін көпшіліктің түсінбей, қабылдай алмай жататыны сондықтан.  Сол себепті әр адам түсіне алатындай мағлұматты берген абзал.   Ибн Мас’уд: «Егер сен адамдармен олардың ой-санасына жеткізе алмайтын жайт туралы сөйлессең, бұл олардың бірқатарына фитна болады»-деген (Мүслім). Сондықтан да әлімдердің, ғалымдардың әлдебір пікірін жеткізер алдында олардың сөзінен түсініксіз үзінді кесіп алмай жинақтап берген абзал.

Тоғызыншы ереже – әр сөзіңізді, мінез-құлқыңызды, тіпті ой-ниетіңізді Алла Тағала біліп тұрғанын естен шығармау. Егер өзіңізді Алланың көріп тұрғанын сезер болсаңыз жоғарыдағы ережелерді үнемі есте ұстайсыз.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары