Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Айлардың сұлтаны Рамазан мүбәрак болсын!
13 шілде, 2013 жыл 502 Басып шығару нұсқасы

Ораза – арнайы ниет ете отырып таңның атысынан кештің батысына дейін ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Оның уақыты Құранда былай көрсетілген: « Кім рамазан айына жетсе, ораза ұстасын» («Бақара» сүресі, 185-аят), «Таңнан, қара жіптен ақ жіп ажыратылғанша ішіп-жеңдер де кешке дейін ораза ұстаңдар» («Бақара» сүресі, 187-аят)


Аллаһты көбірек еске алып, одан кешірім тілеу, мүмкіндігінше жұртқа жақсылық жасап, мейілінше ізгі істі көбірек істеу, жиіркенішті қылықтар мен жамандықтардан, күнә атаулыдан барынша бойды аулақ ұстап, кедей-кембағал, жарлы-жақыбайларды мүсіркеп қол ұшын беру, садақа үлестіру, көбірек ғибадат-құлшылық жасау, қаза намаздарды өтеу, нәпіл ғибадаттарды арттыру, Құран оқу, ауыз бекіткен жандарға ауызашар беру сынды жақсы аммалдар қылу керек. Рамазан айында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ораза ұстаған адамның ризығы адал болса, ақиретте есепке тартылмайды»-деп айтқан (әл-Хунди, «Кәнзул-Ұммал», 3/328).


«Ораза ұстағанның ұйқысы – ғибадат, үндемегені – (Аллаһқа айтылған) мадақ болып саналады. Жақсылықтар мен ғибадаттарына еселеп сауап жазылады». «Ораза, қиямет күні ауыз бекіткен жан үшін шапағат етеді. Сол күні ораза Хақ тағалаға: «Уа, Раббым! Мен оны күндізгі барша ішіп-жеу, ләззат атаулыдан тыйдым. Сол себепті, оған деген шапағатымды қабыл ете гөр!» деп тілек тілейді. Аллаһ тағала да оразаның бұл тілегін қабыл алып, оның шапағат етуіне рұқсат етеді» (әл-Мұнзири, «әт-Тарғиб», 2/84).


Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Рамазан айында жұмақтың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», -деген. Ал бұл хадисті таратып түсіндірер болсақ, бұл хадистің мән-мазмұны астармен айтылған. Тіке мағынасында ұғынбау керек. Яғни, басқа айларда жабық тұратын жұмақтың есіктері ашылып, ашық тұрған тозақтың есіктері тарс жабылады, еркіндікте жүрген шайтандар тек осы айда ғана кісенделеді деген сөз емес. Жұмақтың есігі айқара ашылады дегені- жұмаққа жетелейтін салиқалы амалдарды істеу мүмкіншілігінің молаятындығы. Бұл айда ораза ұстау, ауыз ашар беру, садақа тарату, тарауих намазы, Құран оқу – бәрі де ерекше ықыласпен атқарылады. Соның бәріне де еселеніп сауап жазылады. Тіпті, бір Қадір түні жасалатын құлшылықтың сауабы сексен үш жылдың сауабына тең. Яғни, бұл айда жұмаққа апарар істер өте көп әрі олардың сауабы да басқа айларға қарағанда әлденеше есе артық, тіпті, шексіз екенін білдіреді.


Ал, тозақтың есігі жабылады дегені тозаққа бастайтын іс-әрекеттен ораза ұстаған адамның тыйылатындығы меңзелген. Бұған қоса, мүмин құлдардың күнәлары Ұлы Жаратушының осы айдағы ерекше рақымшылығымен кешіріледі. Патшаның да айтулы мереке қарсаңында түрмедегі қылмыскерлерге кешірім жасап, босататыны секілді, Ұлы Жаратушы иеміз Рамазан айында ниеті түзу, тәубасы шынайы құлдарына рақымшылық жасап, олардың күнәларін түгелдей кешіреді.


Ал, шайтандар кісенделеді деуі – шынайы ораз ұстаған адамды шайтан азғыра алмай, іштей дымы құриды деп ұққан жөн. Себебі, ораза ұстаған адам Ұлы Иесімен үнемі байланыста екенін ерекше сезінеді. Сондықтан да, оның нәпсісі әлсіреген сайын, рухы күшейеді. Ал, мұндай күйдегі адам күнәдан қашық жүреді. Әлдебіреулер оны даттап, балағаттаса да «мен оразамын» деп ішіндегі шайтаны мен нәпсісінің бетін қайтарып, ауыздықтап ұстауға күш-жігері жетеді.


Оразаның пайдасына тоқталар болсақ. Ауыз бекітіп ораза ұстаудың сауап тұрғысынан да, денсаулық тұрғысынан да пайдасы зор. Айталық ораза ем ретінде ішек ауыруларына, іш қатуға қарсы қолданылады. Оразада кейбір тері аурулары жазылып, асқазан мен ішек жұмысына тоқтау салып, олардың белгілі бір уақыт аралығында тынығуы қамтамасыз етіледі. Ораза адамның ішкі мүшелеріне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмді жандандырады. Бүйрек, бауыр, қуық, сусамыр (қант диабеті), жүрек пен тамыр ауыруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ол үшін сәресі мен ауыз ашар уақыттарында тым көп ас жемеу керек.


Құрметті мұсылман ағайын! Қасиетті айда көбірек қайырымдылық жасап, Жаратқан Иеміздің разылығына жетуге амал етіп, мұқтаж жандардың мұңына ортақтасып, қолымыздан келген көмегімізді аямайық.


Сөз соңында айтарымыз, қызылды-жасылды әшекеймен көмкерілген алдамшы дүниенің соңына түсіп жүріп, мәңгілік мекендегі салиқалылардың сарайынан құр қалмайық, қымбатты бауырлар! Мұқтаж, міскін, қамкөңіл, жетім-жесірлерге қолымыздан келгенше көмек көрсетсек, Аллаһтың алдында жүзіміз жарқын, жүрегіміз тыныштықта, төбеміз көк тірердей керемет күй кешеміз. Жаратқан Иеміздің жәннатына кіруге қам жасайық!



«Бала қажы» мешітінің Бас имамы Нұров Н.Н

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары