Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Дін мен қазақы дәстүр-салттың сабақтастығы
29 қараша, 2022 жыл 241 Басып шығару нұсқасы

   Халқымыз ертеден салт-дәстүрге бай болған ел. Мәдениеті мен тәрбиесі өзгелерге үлгі боларлық жайттар көп.  Салт-дәстүрі мықты ел – тұғыры берік ел. Дана халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға өнегені  әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен сабақтастырып ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Тәлім мен тәрбие, салт пен сананы сақтай отырып, адамгершілік тәрбиені жол етіп ұстанған. Осы бір үлгілі жолды отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді. Сондай игі дәстүрлердің бірқатарына тоқталып өтсек артық болмас. Қазақтың салт-дәстүрлерінің қатарында дастарханға қатысты ас қайыру, дәм татыру, көңіл шай секілді жайттар берік қалыптасқан.

Асты «Бісміллә!» деп бастайтын қазақ халқы тамақтанып болған соң, оны батамен қайыратын әдетінен әлі күнге дейін жаңылған жоқ. Ас қайыру тілек, батамен айтылады. Оны қара сөзбен де, өлеңмен де, тақпақтап та айтатын болған. Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе берген ризықтарымыздың тазаларынан жеңдер де, Аллаға шүкірлік етіңдер, егер расымен Оған құлшылық еткен болсаңдар» «Бақара» сүресі, 172-аятта бұйырады. Сондықтан да мұсылманның тамақ жеуден бұрын «Бисмилләхир рахманир рахим» деп айтқаны дұрыс. Тамақтанып біткеннен кейін Алланы мадақтап, шүкір ету әдеп саналады. Өйткені, біз қорек еткен барлық нәрсе Жаратқан иеміздің берген ризығы. Сол себепті Алланың берген нығметіне пенденің шүкір етуі міндетті.

Дәм татыру. Қазақтар асты "дәм" деп атайды. Халық арасында біреуді еске алғанда "дәмдес болып едік", "үйінен дәм татып едік" деп жатады. Өйткені әр қазақ өздерінің жақын-жуығы мен ілік-жегжаттарына ғана емес, ел сыйлаған белгілі, құрметті азаматтарына, қадірлі ақсақалдарына, ана-әжелеріне өз үйінен дәм татыруды үлкен мұрат, елдік, адамдық парыз деп санаған және сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын табуда. Тек таныстар емес, кез келген жолаушы, үйге келген бейтаныс кісіге де дәм татырмай жібермеген. Себебі, ұлт ұғымында дәмде (аста, тамақта) кие, қадір, қасиет, ырыс, береке, бірлік, тірлік бар деген терең түсінік қалыптасқан. Дәм татырудың қоғамдық, әлеуметтік, елдік істерде атқарар қызметі өте зор болған. Ең алдымен, әдейі шақырып дастарқанынан дәм татыру-ата салт, қазақи көңілдің айғағы. Үшіншіден, қай жерде де, қай күнде де сыйласа, қорған, қамқор, тілектес болып жүрудің кілті. Дәмдес болған адамдар бір-біріне ел дәстүрі бойынша қиянат жасамайды, жоғалғанын іздеседі, табысына қуанады. Қуаныш, қайғысында да ортақтас болады. Бұл ғасырлар бойы санаға сіңген салиқалы салт, бұлжымас әдет. Демек дәм тату таза адамгершілік, достық, бірлік белгісі және куәсі.

Адам өмірінде қуанышты да, қайғылы да жайлар болады. Басына іс түскенде, тұрмыста кездесетін қиын жағдайда, ренішті, күйінішті кездерде адамдар бір-біріне көңіл білдіріп, қиыншылыққа ортақтасып, ақыл-кеңес береді. Ашулы сәтте басу айтады. Міне, осындай кездерде ауылы аралас ағайын-туыс көңіл білдіріп, дастарқан жайған. Аталған жағдайларда жайылған дастарқан «көңіл шай» деп аталған. Осы игі дәстүрлерде мұсылманға тән сипаттар орын алған.

 

  
ҚМДБ "Qamqor-Sharapat" орталыңының

Қарағанды өңірі бойынша өкілі  Абильдаев Бақдаулет Қыдырбайұлы

                                                                                    

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары