Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қасиетті Рамазан
24 маусым, 2014 жыл 476 Басып шығару нұсқасы

Әбу Һурайра (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) риуаят етті: «Сондай адам – менің атымды естіп тұрып, салауат айтпаса қор болады, сондай адамға – ата-анасы жанында болып, сол екеуінің ризалығын таппай жұмаққа кірмесе өкініш, және тағы бір адамға – күнәсы кешірілмей тұрып, Рамазан айын өткізіп алса өкініш». Себебі: Рамазан кешірім мен рахмет айы, демек кімде-кімнің күнәсі кешірілмесе, ол адам шектен шыққан. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) тағы бір хадисінде:«Кімде-кім Рамазан айының кіргеніне қуанса, Алла Тағала ол адамның денесін тозақ отына арам етеді». Пайғамбарымыз(с.ғ.с) айтты: «Рамазанның алғашқы түнінде Алла Тағала былай дейді: «Кімде-кім бізді жақсы көрсе, біз оны жақсы көреміз, бізді талап қылса, талабын қабыл етеміз, күнәсына жарылқау тілесе, біз оны Рамазан айының құрметімен кешіреміз». Сондай-ақ, Алла Тағала Кироман-Кәтибинге сол құлдарының күнәсін жазбауды және өткен күнәларын өшіруге әмір етеді». Алла Тағаладан кітаптар парақтармен қасиетті Рамазан айында түскен, мысалы, Ибраһимге(ғ.с.) тиісті парақтар Рамазан айының бірінші түнінде түскен, Ибраһимнен(ғ.с.) 700 жылдан кейін Мұсаға(ғ.с.) Рамазанның алтыншы түнінде Тәурәт кітабы түскен, Мұсадан(ғ.с) 1200 жылдан кейін Рамазан айының он сегізінші түнінде Исаға(ғ.с.) Інжіл кітабы түскен. Исадан(ғ.с.) алты жүз жиырма жылдан кейін, Рамазан айының жиырма жетінші түнінде қасиетті Құран Кәрім Пайғамбарымыз Мұхаммедке(с.ғ.с.) нәзіл болды. Пайғамбарымыздан(с.ғ.с) Абдулла ибн Аббас(р.а.) естідім деп айтты:«Егер үмметім Рамазан айының қадір-қасиетін білсе, жыл 12 ай Рамазан болғанын қалар еді», себебі, Рамазан айы сауапқа толы, құлшылық пен дұғалар қабыл, күнә кешірілген, тіпті пейіштің өзі Рамазан айын құрметтеп, ораза тұтқан адамның өзіне кіруін тілеп тұрады. Хикаяда:«Дәуід Тойи деген кісі Рамазанның алғашқы түнінде жәннәттағы жақұт-маржан төгілген өзеннің жағасында хор қыздарының жүргенін түсінде көреді, сұлулықтарына таң қалған ол кәлиманы айтады. Хор қыздары да кәлиманы айтып:«Біз Рамазан айында ораза тұтып, Алла Тағалаға мадақ айтып, рукуғ, сәжде қылған адамға нәсіп етілеміз»,- дейді». Пайғамбарымыздың(с.ғ.с.) хадисінде: «Жәннәт 4 түрлі адамның өзіне кіргенін қалап тұрады: біріншісі – әрдайым Құран оқып жүретін, екіншісі – тілін сақтаған, яғни, өсек-аяңнан аулақ болған, үшіншісі – аш адамдарды тамақтандырған, төртіншісі – Рамазан айында ораза ұстаған. Рамазан айы туғанда Аршы, Күрсі, Періштелер, олардан төмен жаратылыстардың барлығы Мұхаммедтің(с.ғ.с.) үмметін Алла Тағаланың қасындағы нығметтермен сүйіншілейді. Шайтандардан басқа күн, ай, жұлдыздар, ауадағы құстар мен судағы балықтардың барлығы Пайғамбарымыздың(с.ғ.с.) үмметтерінің күнәларының кешірілуін тілеп тұрады. Рамазанның келесі таңы атқанда Алла Тағала барлық пайғамбар үмметінің күнәларын кешіріп, және түні бойы періштелер айтқан истиғфар дұғалардың сауабын Мұхаммедтің(с.ғ.с.) үмметіне жазуларын бұйырады. Пайғамбарымыздан(с.ғ.с.) Омар ибн Хаттаб(р.а.) риуаят етті: «Кімде-кім Рамазан айында оянып, төсектен тұра алмай жатса, сол кезде Періште келіп: «Тұр! Саған Алланың берекесі мен рахметі болсын»,-дейді, сол сәтте ол пенде намаз оқимын деген ниетпен тұрса, төсегі оған:«Ей, Алла Тағала! Бұл пендеңе жұмақ төсектерін нәсіп ет», ал енді киімін кисе, киімі оған:«Ей, Алла Тағала! Бұл пендеңді жұмақ әшекейлерімен безендір»,-дейді, осы пенде аяқ киімін кисе, аяқ киімі оған: «Ей, Алла Тағала! Бұл пендеңнің аяғын қыл көпірде бекем қыл»,-десе, дәрет аламын деген ниетпен қолына ыдыс алса, ыдысы оған:«Ей, Алла Тағала! Бұл пендеңді күнәлары мен қателіктерінен таза қыл»,-дейді ал, намазға тұрған кезде үйі оған: «Ей, Алла Тағала! Бұл пендеңнің қабірін кең қылып, нұрға толтыр»,-деп дұға қылады. Сол кезде Алла Тағала осы пендесіне былай дейді: «Ей, пендем! Сенен дұға – бізден қабыл қылу, сенен сұрақ – бізден жауап, сенен кешірім талап ету - бізден жарылқау»,-деп хадисте келеді».


Алла Тағала қиямет күнінде Рамазан айын адам бейнесінде жаратады, сол сәтте Рамазан айы Алла тағалаға сәжде қылады. Алла Тағала оған:«Ей Рамазан, сұра қажетіңді және де сенің хақыңды білген адамның қолынан ұста деп айтады. Осыны естіген Рамазан айы қиямет алаңын айналып, оразасын дұрыс өтеген адамдарды қолынан ұстап, Алла тағаланың құзырына әкеледі. Сол кезде, Алла Тағала: «Ей, Рамазан, не қалайсың? Осы адамдарға ұлылық тәжін кигізуіңді қалаймын». Алла Тағала осы тілегін бергеннен кейін, Рамазан айы 70000 үлкен күнә істеп, тозаққа түсейін деп тұрған адамдарға шапағат етіп, оларды хор қыздарына үйлендіріп, пырақтарға мінгізеді. Сол кезде Алла Тағала: «Тағы не қалайсың?»-деп сұрайды. Сонда Рамазан айы:«Сүйікті құлың Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көршісі қыл»,- дегенде, оларды «Фирдаус» жәннатына кіргізеді. Алла Тағала: «Тағы не қажетің бар?»-дегенде, Рамазан айы «Қажетімнің бәрі өтелді, кереметіңіз қайда?»,- деп сұрайды. Сонда Алла Тағала оларға мыңдаған сарайы бар, жүздеген жақұт-маржаннан салынған қалалар сыйлайды.


Қадірменді мұсылман қауым! Қасиетті Рамазан айын күндіз ораза, түнде құлшылықпен өткізейік. Алла Тағала қадамдарымызды сауаптан қылсын. Қасиетті Рамазан айы баршамызға мүбәрак болғай!


Мақаланы сайтқа дайындағандар Қосмағамбетов Бекболат, Карсембай Дархан


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары