Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ережеп – тәубе, құрмет, ғибадат айы
26 қаңтар, 2023 жыл 202 Басып шығару нұсқасы

    Он екі айдың ішіндегі қасиетті де құрметті төртеудің бірі - ережеп айы. Бұл ай тәубе, құрмет және ғибадат, ал рамазан жақындық пен нығмет айы болып табылады. Аллаға шүкір, қасиетті үш айдың бірі саналатын ережеп айына аман - есен жеттік. Бұл айда әрбіріміз ғибадатты күшейтіп, Жаратушымызды ұлықтап, пәктеуді бұрынғыдан да арттыруымыз қажет.

«Ережеп» сөзі араб тілінен ұлықтау, мадақтау деген мағыналарды білдіреді. Бұл айда соғыспайтын, ұрыс-керіс, жанжал болмайды, тәубә етушілерге Алланың рақметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі. Пайғамбарымыз: «Жәннатта сүттен ақ, балдан тәтті өзен бар. Ол «Ережеп» деп аталады. Кімде-кім ережеп айында ораза ұстаса, Алла тағала сол өзеннен су ішкізеді», – дейді. Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы», – деген. Сондықтан, босқа өткізіп алмай, Алланы көбірек еске алып, біліп-білмей істеген қателеріміз үшін кешірім сұрап, тәубеге келіп, Құран оқып, ілім үйренумен өткізгеніміз жөн.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа қасиетті айларға көп көңіл бөліп, сахабаларға оларды қалай өткізу керектігі жөнінде айтатын. Иә, ережеп, шағбан айларында ізгі амалдарымызды көбейтсек, жетімнің басынан сипап, көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшымызды созып, сауапқа кенелсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы – Рағайып түні болса, жиырма жетінші түні - миғраж сапарына дөп келеді. «Рағайыптың» сөздік мағынасы – «жауһар, құнды, бағалы, игілік» деген мағыналарды білдіреді. Осыған байланысты «Ләйлә Рағайып» тіркесін «жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, пайғамбарымыз бұл түні нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ айтып, шүкіршілік жасап, дұға, кешірім тілеп, намаз оқыған.
Пайғамбарымызға дұшпандармен табанды күрес жүргізіп, әбден қажыған шағында, қасиетті Миғражды (түнгі серуен) нәсіп еткен еді. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмбетіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый - намазды әкелген еді. Пенде намаз оқыған сәтте бейне бір миғражға көтеріліп, Алланың құзырына барғандай әсерленеді.

Міне, ережеп айы осындай қасиетті түндерімен де құнды. Қасиетті күндер мен түндерден басқа күні жасалған әрбір игі іс, Құраннан оқыған әрбір әріптің сауабы жүз немесе мыңға дейін көбейсе, бұл қасиетті айлар мен түндерде тіпті еселенеді. Сондықтан, бұл айларда қолымыздан келгенше, Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, пайғамбарымызға  салауат айтып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз абзал.


Шахтинск қалалық "Нұр" мешітінің имамы

Әсет Наурызбайұлы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары