Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрақ құраудың сыры неде?
26 қаңтар, 2023 жыл 87 Басып шығару нұсқасы

    Дана халқымыздың тұрмыс тіршілігінде тәрбиелік пен тәлімдік тұрғысынан алатын тәмсілдер көп. Соның бірі қонағына төрден құрметпен жаятын құрақ көрпесі. Бүгінде осы үрдіс халық арасында кеңінен қолданысқа еніп, тұрмыс салтында қайта жаңғыруда. Бабаларымыздың ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қол­өнер бұйымдары да – біздер үшін мұра және мақтаныш. Құрақ – «адамның басы құралсын», «мал дүниесі құралып тұрсын» деген ниетпен тігі­ле­тін көрпе. «Бақ құсы қонбай, пендеге дәулет құралмас», деп жырға да қосқан ақындарымыз. Шын мәнінде адам қия­лының шексіздігін қолының ісмерлігімен көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұты­натын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қара­саң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйым­дар­дың бірі – құрақ көрпе. Бұл дегеніміз – өнер, екіншіден – тұрмысқа қажетті бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-материал қат кезде қолданылған маталардың қиындыларын рәсуа болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату мақсатымен, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі. Ал, асыл дінімізде ысырапшылықты Алла сүймейтін іс екендігін ескерткен. Ысырапқорлық – жат қылық екенін ежелден-ақ ұғынған ата-бабаларымыз үнемшіл болып, қолдағы темір, сүйек, ағаш, тері тәрізді заттардың да кесінділерін де қажетіне ұқсатып, аяқ асты тастамаған. Ал қолдағыны осылай ұқсатуда қиыстырып құрақ құраушылардан асқан шебер жоқ. Олай болса, құрақ құрау қыз-келіншектерді ысырапқорлықтан тыйып, үнемділікке үйрететін іс болған. Ұлттық қол өнерімізді жаңғыртып, ұрпақ­тан-ұрпаққа мұра ету арқылы үйде отырып іс тігіп, шеберлікті дамытуды керемет жолға қоя білген ғой қазақ халқы. «Шеберді саусағы асырайды» деп мақалдаған бабаларымыз, «Еріншектің ертеңі бітпес», «Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал құралмас» деген асыл сөздерін қазіргі тілмен айтқанда «мотивацияға» айналдырған. Сонда құрақ тігуді үйрету арқылы өз маңдай теріне сүйенуді, тек адал еңбегімен шыңдалуды тәрбие тетігіне айналдырған. Ал енді құрақ көрпеге келер болсақ – үйдің сәні, нәсі­бі мол кәсіп, ұлттық өнер. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын анық аңғара алады. Сол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танытады. Құрақ құрау – қазақ дәстүрінде қыз балалар кішкентайынан біліп, үйренуге тиісті қолөнер түрі болғандықтан қыздарымызды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды. Рухани тазалыққа, әсемдікке үндейді, ішкі жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар, құрақ құрау - қалдық қалдырмау. Ертеде қазақ даласында қымбат маталар тапшы болғандықтан, киім-кешек тігушілер қалған маталардың қиықтарын бір кәдеге жаратуға тырысып, олардан әртүрлі бұйымдар жасаған. Сөйтіп, құрақ құрау өнері дүниеге келген. Енді осы игі істі дамыту бүгінгі ұрпақ еншісіндегі ілкімді іс болмақ.

"Дін мен дәстүр" бағытының

Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы Бақдәулет Қыдырбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары