Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Аталы ұлдан не пайда, баталы сөзді ұқпаса
31 қаңтар, 2023 жыл 96 Басып шығару нұсқасы

   Қазақ халқының ертеден қалыптасып келе жатқан өзіндік орны бар салт-дәстүрлерінің бірі — бата беру. Халқымыз ақ пейілімен бата беріп, жақындары үшін игі тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді» деп айтқан мақалы қолданылған. Жердің құнарланып, көркеюіне жаңбырдың қаншалықты пайдасы тиетін болса, ер азаматтың да өсіп-өніп, көркеюіне батаның да соншалықты пайдасы тиетінін меңзеп тұр. Бата қазақ жұртының ілтипатының ерекше түрі. Бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас-пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі. Яғни, алғыс айту, ақ тілек білдіру. Қазақ қоғамында бата көбінесе астан кейін табақты жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып ретінде қалыптасқан. Ақсақал бата беріп жатқан кезде шаңырақтағы жастар, кейде, тіпті, жасы үлкендер де орындарынан «Илаһи әумин» деп түрегеліп тұрады. Бата беруші кісі жаратушы Алладан бақытты өмір, дастарханға береке, ынтымақ пен татулық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды қосып өзінің жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі. Екі алақанды қосқан кезде адамның екі иығы еңкіш тартып, кішіпейілдік кейіпке енеді. Бұл да әдептілік нормалары. Дегенмен бір ескеретін жайт, батаны арнайы батагөй қариялар ғана беретіні көп жағдайда ескеріле бермейді. Батаның айтылатын жері мен өзіндік мазмұны, бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері болуы қажет. Ол адамды әдепті де арлы, дәулетті де бақуатты, білімді де батыр болуға баулиды. Мысалы, екі жастың тойында жастар өміріне қатысты, жаңа шаңыраққа кіргенде береке турасында, астарда дұғаға қатысты сөздер көбірек қамтылғаны жөн. Сонымен қатар, бата беру салты қай кезде және кімге қарата айтылып тұрғанына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар — жарапазан батасы, серттесу батасы, жол батасы, жаңа ай батасы, соғым батасы, көші-қон батасы т.б. Барлығымыз да жастайымыздан бата алып өстік. Батада үлкен қасиет, үлгі-өнеге, салт-дәстүріміз бен үлкенді сыйлаудың нышаны бар. Үлкеннің сөзін тыңдау, олардан бата сұрау — тәрбие мен тектіліктің көзі. Сондай-ақ, батаны кім көрінген адам бере бермеген. Бата беру үшін өзіміз де  абыройлы, салиқалы да парасатты өмір сүруіміз керек.

Бата десең берейін, үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң, ақ тілекті төгейін.
Дастарқаның мол болсын, абыройың зор болсын!

 

"Дін мен дәстүр" бағытының

Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы Бақдәулет Қыдырбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары