Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Экстремизммен күресте қателеспеу керек
03 желтоқсан, 2013 жыл 314 Басып шығару нұсқасы
 

Экстремизммен күресте қателеспеу керекЕліміз бойынша жат ағымдармен күрес жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, теологтар мен арнайы мамандардың қатысуымен түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Біз сондай Атырау облысының ДІБ-ң шақыуымен Атырау қаласына келген Қарағанды облысының ақпараттық-насихат тобының мүшесі, дінтанушы маман Рустем СЫЗДЫҚОВПЕН әңгімелескен едік.


- Рустем Мәлікұлы, дәстүрлі ислам дегеніміз не, ал радикалды ислам дегенді қалай түсінеміз


- Ислам радикалды және дәстүрлі деп екіге бөлінбейді. Ол бейбітшілікті насихаттайтын дін. Ал исламның атын жамылған, әлемде және біздің елімізде сегрегация мен зорлау саясатын тудыратын түрлі деструктивті ағымдар — ислам дінінен емес. Олар ислам дінінің атын жамылған теріс ағымдар. Ислам дінінің зорлыққа, қылмысқа, кісі өлтіруге ешқандай қатысы жоқ. Идеялық орталықтары шет елдерде орналасқан кейбір жыртқыш топтар ислам дінін саяси құрал ретінде пайдаланып, террор саясатын үндейді. Ал, оның негізінде, белгілі мемлекеттердің билік элиталарының табиғи ресурстарға, күкіртсутекке немесе ықпал етушілікке деген геосаяси қызығушылықтары жатыр.


- Жат ағымдардың алдын алу үшін қазіргі уақытта қандай шаралар алынуда және олар қаншалықты іске асуда


- Еліміз бойынша семинарлар, конференциялар өткізіліп тұрса, муфтият шеңберінде ақпараттық-насихаттық 6 топ құрылды. Топ құрамындағы білімді мамандар, дінтанушылар мен теологтар студенттермен, зиялы қауыммен, мешіттерде жамағатпен кездесіп, ислам дінінің базалық принциптерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ислам дінінің шеңберінде қалыптасқан төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді дәріптей отырып, дәстүрлі ислам дінінің адасқан ағымдардан айырмашылығын таныту, ара жігін ажырату – негізгі мақсатымыз.


- Атыраудағы діни ахуал қазір қандай


- Атырауда 1-2 жылдықта орын алған келеңсіз жағдайлар халық арасына көп іріткі салып еді, дегенмен қазіргі уақытта осы мәселені шешу үшін күш көп жұмсалуда. Әкім облысы мен орынбасарының тікелей басшылықтарымен, өкілетті органдар өкілдері, білімдіде білікті теологтарды шақыртып, кешенді түрде жүргізілген іс-шаралары нәтижесінде облыстағы діни ахуал бірте бірте түзеліп келеді десек қателеспейтін шығармыз. Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев пен «Шапағат» орталығының директоры Ерсін Әміре Қазақстандағы ең бірінші теологтардың қатарында екендігі баршамызға аян. Олардың кәсіби деңгейлері жоғары. Ақиқатында, Елбасының көреген саясатын арқау етіп,Атырау өңірінде ұлтқа,мемлекетке ауадай қажет,кезек күттірмейтін іс шараларға мұрындық болып ұйымдастырып жүрген, «ат басына күн туса ауыздықпен су ішетін, ел басына күн туса етігімен су кешетін» көзі ашық көкірегі ояу ұлтжанды азаматтарымыз Б.С.Измухамбетов ағамызбен, Ш.Ж.Мұқан бауырымызға шексіз алғысымызды білдіреміз.


- Осындай радикалды топтардың қатарына қосылмау үшін не істеу керек Мәселен, экстремизмді ұстанушылар елді аралап, көпшілікке өздерін дін таратушылармыз деп таныстырады. Мешіттер осындай жағдайларда қандай шаралар алады Жалпы мұсылман бауырларымызды жат ағымдағы жандардан қалай ажырата аламыз


- Қазақстан территориясындағы барлық мешіттер ресми тіркелген заңды тұлға болып табылады, олар Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының филиалдары болып есептеледі. Мешіттен басқа жерлерде, жабық орындарда діни уағыздар тыңдауға, дәрістерге қатысуға болмайды. Көбіне оқу орталықтары немесе қайырымдылық қорлары болып қайта жасақталған пәтерлерде осындай сабақтар оқытылады. Дәл сондай жерлерде жамағатты маргинализациялау процесстері жүреді. Егер адамның діни сенімін өзгертсе, ол моральдық тұрғыдан дәстүрлі ислам дінін ұстанатын мұсылмандарға, христиандарға, буддистерге және .т.б. қатысты қандай да болмасын дискриминациялық қимылдарға дайын болады. Яғни, оларда дәстүрлі исламның қағидаттарына сыймайтын шыдамсыздық сенімі пайда болып, олардың «дұрыс» сенімдерін түсінбейтін біздің қоғамның «субъектілеріне» деген қарама қарсы қатынастары басталады. Ал енді басына орамал таққан, сақалын өсірген, балағын кескен адамдардың барлығын бірдей адасқан ағымдар мүшесі деп айту мүлде дұрыс емес. Ол тіпті адамгершілікке де жатпайды. Әрине, ондай адамдарға күдікпен қарауға болады, дегенмен алдымен олармен сөйлесіп, арнайы сұрақтар қойып, олардың берген жауабына қарап отырып байқауға болады. Егер жат ағымның мүшесі болса, онда оларға адасып жүргендіктерін жұмсақ мінезбен, хикметпен айтып түсіндіру керек, ғылыми тұрғыда көздерін ашу керек. Мешіттерде, кездесіп жатсақ, оларға «кітапқа жүгініп қарайық, көрейік, талдайық» деп кеңес беріп, шақырамыз. Ал «сен уахаббитсің, сен салафисің» деп табалау – наданның ісі. Бұл жерде өте абай болу керек.


- Сонда ел аралап, ислам дінін насихаттап жүрміз дегендерді радикалды ағымның ұстанушысы деп айтуға бола ма


- Егер ондай шаралар мешіттің бағдарламасына, жобасына, форматына сай келмесе, онда ондай топтарды, кемінде күмәнді топ дейміз де, ал адамдарды өздеріне тартып, олар кейін мәселен, Сирияға соғысуға кетіп жатса немесе ата-аналарын кәпірлер деп атаса, онда адамдарды мақсатты түрде адастыратын топ деп айта аламыз.


-Ал мешіттер уағыздарды қалай жүргізеді Олар, мәселен, қаладан шетке шықпай ма


- Ресми тіркелген мешіттер дәрістерді өз мекемелерінде ғана өткізе алады. Дегенмен кейде колледж, жоғары оқу орындары мен мектеп басшыларының сұранысымен сол жерлерге барып, дәстүрлі дін принциптері мен концепциялары, және адасқан ағымдардың ұстанымдарының айырмашылығы, терроризм, экстремизм туралы сабақтарын өткізеді. Мақсаты –дін атын жамылған түрлі секталардың дәстүрлі исламнан негізгі айырмашылықтарын әрбір қазақстандықтың көңіліне қондыру. Барлығына біруақытта бірдей намаз оқытып, орамал таққызатын мақсат жоқ, себебі ол әр адамның жеке ісі. Бірақ адам мешітке бармаса да, дәстүрлі ислам мен радикалды секталардың ара жігін ажырата білуі тиіс.


- Неге адамдар адасып, осындай секталарға көп түседі Мешіт имамдарының олқылығынан ба


- Қазір біздің елдің әр облысындағы мешіт имамдары арнайы дайындықтардан өткен. Мүмкін, ертеректе осындай жағдайлар болған шығар, ол кезде араб елдеріне, Египетке, Ливанға немесе Түркияға барып оқып келген имамдар болған жоқ. Ал қазір жағдай басқаша. Керісінше, осындай діни топтардың басшылары «шейхтары» біздің имамдардың ғылыми дәйектері, дәлелдері мен пікірлеріне жауап бере алмай жатады, олар жалпы ашық пікірталасты ұнатпайды, келіссөздер жүргізуге, дін туралы туындаған сауалдарға ғылыми түрде жауап беруден қашады,себебі басым көпшілігі дүнияуи және діни сауатсыз.Ал ислам – бұл нағыз ғылым тафсир, хадис, фикх, діни сенім және т.б. Олардың ешқайсысы кездескілері келмейді. Барлығы да біздің сауатты теологтарымызбен, имамдарымызбен, наиб-имамдарымызбен сөйлесуден бас тартады. Бірақ әр жерде шағын топтарды жинап алып, имамдарды нағыз сауатсыз деп көрсетіп, дінге өзгерістер енгізеді, яғни адамның артынан сөз айтады. Өздерінің қол астындағы жамағаттарын имамдарға жолықтырмауға тырысады, себебі олар имамдарды тыңдап, адасып жүргендерін түсініп қояды деп қорқады. Сондықтан имамдар сауатсыз немесе олар уағыз айта алмайды деген қауесеттер тек фактілерді бұрмалау екені анық.


- Сонда біздің жастарымыз шындық пен өтіріктің арасын ажырата алмай жүр ғой.


- Иә, тек жастар ғана емес. Өкінішке орай, қоғамның көпшілігінде дәстүрлі ислам діні туралы ақпараттар аз, «ислам» мен «мұсылман» сөзінің мәнін жете түсінбейді, діни сенім деген не, жаратушы туралы не айтып, не қою керек екенін де білетіндер кемде кем. Бұл біздің діні, тілі, ділі, тарихы бұзылған КСРО шеңберінде 70 жыл бодан болғанымыздың нәтижесі. Және тағы бір себебі – қазақтардың діни сауатсыздығы мен ұлт ретінде өзін-өзі тануының төмендігі. Сондықтан олар шетелдің идеологиялық орталықтарының жетегінде кетеді. Шетелге кеткендерді қайтару үшін де жұмыстар жалғасып жатыр. Олардың туыстарымен, балаларымен сөйлесіп, байланысқа шығуға тырысамыз. Бауырларымыздың бұлай шетелге кетуі – интернет ресурстардағы ұлтымызды адастырып жатқан шет елде отырған «шейхтардың» сөзіне еріп, адасқандары. Әрине, біз ешкімді зорлап, шетелге барма деп тыйым сала алмаймыз, дегенмен олардың адасып жүргенін түсіндіруге тырысып бағамыз.


- Мектептерде дін туралы сабақтар өте ме Діни әдебиеттерді, базарлар мен дүкендердегі кітаптарды оқи беруге бола ма


- Соңғы ақпараттарға сенсек, Білім министрлігінің бағдарламасы бойынша, 2017 жылдан бастап ҚР дінтану факультативтік емес, негізгі пән болып енгізіледі. Егер діни кітаптар алғыңыз келсе, міндетті түрді алғашқы беттерінде ҚМДБ-ның немесе ҚР Дін істері Агенттігінің сараптамасынан өткен деген жазуы бар кітаптарды алған жөн. Егер ондай жазулар болмаса, міндетті түрді жергілікті дін істері басқармасына хабарласу керек. Тағы бір айтарым, экстремизммен күрес дінмен күреске айналмасын деген Елбасының парасатты сөзін ұмытпаған жөн. Бізде сонымен қатар, мешіттер мен имамдарға қарайтын,ханафи мазхабын ұстанатын дәстүрлі жамағат бар, қандай жағдай болмасын, оларға діни қысымшылық көрсетуге болмайды. Егер біз дәстүрлі ислам өкілдерін заңсыз,негізсіз қудалайтын болсақ, қоғамда дискриминацияға ұшыратсақ, соңында олар нағыз радикалдарға айналуы мүмкін. Бізде осындай қайғылы фактілер орын алған. Өкініштісі сол, қоғамда қазір осындай тенденция – зайырлы (светское) радикализм белең алып барады. Кейде діннің бүге-шүгесін түсінбей, теологтардың, дінтанушылардың, имамдардың пікірін сұрамай, кез келген намаз оқып, орамал таққандарды, сақал өсіргендерді уахаббиттер деп атап, оларғы қысым көрсетіп, жұмысқа алмай, оқу орындарынан шығарып жатады. Егер деструктивті ағымдар мен секталардағы зұлымдықты жеңгіміз келсе, мұндайға жол бермеу керек деп есептейміз.


Сұхбат жүргізген Нұргүл Хайруллина.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары