Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Даналардың сөзі – ақыл, зер салсаң, зердеңе қонар
13 ақпан, 2023 жыл 306 Басып шығару нұсқасы

     Сайын даланы еркін жайлаған қазақ халқы Ислам дінінң мәңгілік мұраларына қанығып, шариғат қағидаларын өмірге тірек етіп келген. Ақиқат дініміздің талаптарын өлеңмен өрнектеп, ұрпақ тәрбиесіне жарата білген. Сондықтан сөз қадірін жақсы білген момын елдің рухани қоймасы ата дінімізді әспеттеген небір даналық ойларға толы. Бір ауыз аталы сөз айтылса, «паһ, шіркін!» деп, теңізден маржан тергендей бір жасап қалған өрелі қазақтың діні мен тілі құстың қос қанатындай қатар қағылып келген. Қазақтың би-шешендері мен ақын-жазушылары айтқан отты лебіздерді жалаң түсінікпен ұғына алмаймыз. Сырты кестелі, іші зерделі ой орамдарының байыбына жете білуіміз қажет. Жиренше шешеннің «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегеніндей, ғасырымызға даңқпен жеткен ұлы тұлғалардың даналық сөздерімен таныс болудың маңызы зор. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасында адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау, сөз өнері, адамның әр-түрлі жақсы-жаман қасиеттері туралы кең көлемде әңгімелейді.  

Сабыр – ақыл парасаттың белгісі,

Ақылсыз жан хайуанмен тең кісі.

Бастарда істі байыбына барып ал,

Асыққандар күйінер де жаңылар.

Ақылды адам қарын бақпас, ой бағар

Жан семіртер, ой семіртер, ойланар.

Тән семіртер сөз ауыздан сіңеді,

Жан семіртер сөз құлақтан кіреді.

Көп тыңдай біл, сөздеріңді таңдай біл,

Ізгі ойларды өз жүрекке жалғай біл!

Екі нәрсе тірі адамға керегі –

Бірі көңіл, бірі тілдің желегі.

Көңіл-тілдің иесі, сүйенеді сөз тілге,

Сөз – күйресі, күйгені көңіл мен тіл, көркінде.

Ахмет Игүнеки тіршіліктегі өмірдің әсемдігін жырлайды. Адамгершілікті, қарапайымдылықты, сыпайылықты дәріптеп, сонымен бірге мінез-құлықтың жақсы қасиеттерін қалай тәрбиелеу, сондай-ақ оның кері қасиеттерін жою жөнінде бірсыпыра пайдалы кеңестер мен ұсыныстар береді.

Тәкаппарлық – барлық елде жеккөрінішті қылық.

Қолында бар болса, кемтарға жәрдем бер.

Дәрежең өскен сайын ұстамдырақ бол.

Үлкен – кішіге сыпайы бол.

Қожа Ахмет Яссауи «Диуани хикметте» иманды адамды ақыл-парасатқа жетелеу, шыдамды, төзімді болу, жүріп-тұру секілді жалпы адамгершілік нормаларды дәріптейді.

Рахым болып ғаріптерге шапағат еткін,

Ғаріптерді көрген жерде қорламаңыз.

Ғаріптерге ашумен сөз қатпаңыз,

Сорлы екен деп, ғаріптерге тас атпаңыз.

Бұл дүниеде ғаріптердей адам болмас,

Құмар болса, ей достар, нәпсіге еріп,

Ертелі-кеш жалған айтып, байғам жүріп.

Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі сөздерінің жинағы) дейтін еңбегінде әдеп, тәлім-тәрбие, моральдық-психологиялық сипаттағы ой-пікірлер, адамның кейбір жаман қасиеттері айыпталып, ерлік, ізгілік, адамгершілік, ақ ниеттілік секілді жақсы қасиеттері дәріптеледі.

Ақылды ал, ұлым менің, рахымшыл бол, әулетіңнің ағасы бол, ақылшы данасы бол, білгеніңді ортақтас.

Іс тындырсаң аптықпа, өлшеп-пішіп асықпа!

Даналардың сөзі – ақыл, зер салсаң, зердеңе қонар.

Рахымшыл болсаң, менмен болма.

Рахымың болмай мақтансаң, қиын-қыстауда қиналарсың.

Туғаннан мәртебесін өсіргің келсе, сый-сияпат көрсет.

Жомарттық – жүрек қуанышының шырқау шыңы.

Қайырымдылық- адам көркі, ал білім оның байлығы.

Ғасырлар өтсе де өміршеңдігін сақтаған асыл сөздердің төркіні хадистермен астасып жатыр. Адамзат бойына қажетті асыл қасиеттер сабыр, рахым, мейірімділік, қанағат, кеңпейілділік секілді ұлғаттарды ұлыларымыз әу бастан ұғындыра білген. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жан дүниемізді Жаратқан иеміздің тарту еткен жақсы қасиеттерімен толықтыра білсек, жан тыныштығы мен рухани кемелдік қалпымызды сақтап қалар едік. 

«Дін мен дәстүр» бағытының 

Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы

Бақдәулет Қыдырбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары