Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ораза – маңызды құлшылық
29 маусым, 2015 жыл 86 Басып шығару нұсқасы
Ораза

Сұрақ: Исламдағы үшінші парыз не?
Жауап: Рамазан айында отыз күн ораза тұту.

С: Оразаны қалай тұтады?
Ж: Таң бозарып атқаннан күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан тыйылу.

С: Оразаның парызы нешеу?
Ж: Үшеу: ниет ету, ішіп-жеуден сақтану, жыныстық қатынастан сақтану;

С: Ниет етпей ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан сақтанса, ол ораза болып есептеле ме?
Ж: Жоқ, есептелмейді. Міндетті түрде ниет ету керек.

С: Оразаға қай уақытта ниет етіледі?
Ж: Сәресінен таң бозарғанша ниет ету абзалырақ. Таң бозарғаннан сәске уақытына дейін ниет қылуға болады, одан кейінгі уақытта ниет ету дұрыс емес.

С: Егер таң бозарғаннан сәске уақытына дейін оразаны бұзатын амал істемей, сәскеден бұрын сол күнге ниет ететін болса, оразаға санала ма?
Ж: Әрине, оразаға саналады.

С: Таң бозарып атқаннан кейін сәресін ішіп, оразаға ниет етсе, оразасы дұрыс бола ма?
Ж: Дұрыс болмайды.

С: Оразаға тек тілмен ниет ету қажет пе, әлде іштей ниет ете салуға бола ма?
Ж: Оразаға тілмен бірге жүрекпен ниет қылу абзалырақ. Бірақ, тек жүрекпен ниет етуге де болады. Алайда, сақ болу керек. Өйткені, тек қана тілмен ниет ету дұрыс емес. Ниет – жүректің ісі. Көп адамдар тілмен айтылған ниетті ниет деп есептейді. Ғибадаттың бәрінде тек тілмен ниет ету дұрыс емес.

С: Тілімен ораза ұстауға қалай ниет етіледі?
Ж: «Нәуәйту ән асуума шаһра рамадаана минәлфәжри иләлмағриби хоолисан лилләәһи тәъәәләә Аллааһу акбар».
Мағынасы: «Алла Тағала үшін ықыласыммен таң бозарғаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын тұтуға ниет қылдым».

С: Күн батқаннан соң ауызды қалай ашады?
Ж: Отқа піспеген тағаммен ауыз ашу керек. Құрма сияқты шырынды тағаммен ашу мұстахап. Болмаса, сумен ашады.

С: Ауыз ашқанда не деп айтады?
Ж: Мына дұға оқылады: «Аллаһумма ләкә сумту уә бика әмәнту уа ъаләйкә тәуәккәльту уә ъалә ризқикә афторту фағфирли иә ғоффәр мә қоддәмту уә мә аххорту».
Мағынасы: «Я, Аллам! Осы оразаны тек Сен үшін ұстадым, Саған иман келтірдім және Саған тәуекел еттім. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Я, Аллам! Менің әуелгі күнәларымды және алдағы күнәларымды кешіре гөр және жарылқай гөр!».

Оразаның сүннеттері, мәкрүһтері және оны бұзатын амалдар
С: Ораза ұстаған адамға қандай амалдарды істеу сүннет?
Ж: Оразадағы сүннет амалдар мыналар: сәресін ішу, таң бозарғанша ниет ету, оразамен бірге нәпсіні жаман ниеттерден тыю, ораза кезінде пайдасыз, әдепсіз сөйлеуден, естуден және ұрыс-керістен сақтану, кез келген күнәлі істерден сақтану, мүмкіндігінше зікір, тасбих және Құран оқумен айналысу, күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымас бұрын ауыз ашу.

С: Ораза ұстаған кісіге қандай амалдарды істеу мәкрүһ?
Ж: Пайдасыз, әдепсіз сөздерді сөйлеу, біреумен ұрсысу, моншаға түсу, қажетсіз суға шомылу, қажетсіз жағдайда тамақтың дәмін тату, оразасын ашпай, келесі күнгі оразаға өтіп кету.
С: Ораза ұстаған кісіге қандай амалдарды істеуге болады?
Ж: Сатып алатын нәрсенің дәмін тілмен татып көру, қажет жағдайда тамақтың дәмін тату немесе балаға шайнап беру, көзге сүрме тарту, мисуак қолдану, жүзін майлау, қан алдыру, сүлік салдыру, ғұсыл алу.

С: Оразаны қандай амалдар бұзады?
Ж: Ноқат көлеміндей болса да тағамды жұту, бір тамшы болса да су ішу, дәрі ішу, төсек қатынасы.

С: Бір адам өзінің ораза екенін біле тұра оразаны бұзатын амалдарды істесе, ол адамға не істеу міндет?
Ж: Оразасының қазасын тұтып, кәф-фәратын өтейді.

Оразаның қазасы мен кәффәраты
С: Оразасын бұзған адам не істейді?
Ж: Оразасы бұзылған күндердің қазасын Рамазаннан кейін өтейді. Оразасы қанша күн бұзылса, сонша күн қазасын өтейді.

С: Оразаның кәффәраты деген не?
Ж: Оразаны біле тұра әдейі бұзған адам-ның өтеуі тиіс міндеті. Ол адам бір құлды азат етуі тиіс, егер оған шамасы жетпесе, ораза-дан кейін 60 күн ораза ұстайды, егер оған да шамасы жетпесе, 60 кісіні тамақтандыруы қажет.

С: Егер 60 күн ораза ұстаған уақытта арада біраз күнді үзіп алса, не істейді?
Ж: 60 күн оразасын қайтадан бастап ұстайды, алдындағы бастаған 60 күн ораза кәффәратқа саналмайды.

С: Бір адам кәффәратының 59 күнін өтеп, соңғы 60-шы күнін өтей алмай қалса, не болады?
Ж: Кәффәрат үшін жаңадан 60 күн ораза бастайды, алдыңғы тұтқан оразасы есептелмейді.

С: Бір адам Рамазан оразасына ниет етіп, ұстап жүріп, кейін бірнеше күнді, мысалы, 4-5 күнін біліп тұрып бұзса, не істейді?
Ж: Әрбір бұзған күнінің қазасын өтейді және бәріне бір кәффәрат өтеуі тиіс.

С: Бір немесе бірнеше күннің оразасын ниет етпей, біле тұра ұстамай, тамақ жеп жүрген адам не істейді?
Ж: Әрбір тұтпай қалған күндерінің қазаларын өтеуі тиіс, әрі бұл күнәһарлығы үшін тәубе және кешірім тілейді. Бірақ, ол кісі кәффәратын өтемейді. Өйткені, оның күнәсі өте ауыр, ол кәффәратпен өтелмейді.
С: Ораза тұтқан адамның тамағына шаң, құм, топырақ, қыл және түтін сияқты нәрселер кірсе, оразасы бұзыла ма?
Ж: Бұзылмайды, қаза және кәффәрат ләзім емес.

С: Аузы берік адамның тамағына қар, жас, жаңбыр суы кірсе, оразасы бұзыла ма?
Ж: Бұзылады, қазасын өтейді, кәффәрат ләзім емес.

С: Өзінің түкірігін жұтса, оразасы бұзыла ма?
Ж: Бұзылмайды, бірақ жинап жұту дұрыс емес.

С: Адам өзінің ораза екенін ұмытып, біраз тағам жесе, ішсе, жыныстық қатынасқа түссе, оразасы бұзыла ма?
Ж: Бұзылмайды, қаза және кәффәрат ләзім емес.

С: Адам ұйқыдан тұрғанда жүніп болса немесе жыныстық қатынастан басқа бір себеппен жүніп болса, оразасы бұзыла ма?
Ж: Бұзылмайды.

С: Ол адамға ғұсыл алу керек пе?
Ж: Тез арада суға түсіп, ғұсыл алу керек және душпен ғұсыл алған дұрыс болады.

С: Тіс арасында қалған тамақты жұтса, оразасы бұзылады ма?
Ж: Ноқаттан кіші болса, аузынан сыртқа шығармай жұтып жіберсе, ораза бұзылмайды, егер ноқат көлеміндей болса немесе аузынан шығарып, кейін жұтса, бұзылады.

С: Ол кісі не істеуі керек?
Ж: Оразаның қазасын өтейді, кәффәрат керек емес.

С: Қаза және кәффәрат үшін ұсталатын оразаға қай уақытта ниет етеді?
Ж: Кешке ниет етілуі керек. Таң атқаннан кейін ниет ету жарамды емес.

С: Босанғаннан кейін қырық күн толмаған немесе етеккір уақытындағы әйелдерге ораза ұстау міндет пе?
Ж: Міндет емес.

С: Сол ораза ұстамаған күндерін не істейді?
Ж: Неше күн ораза ұстамаса, сонша күн кейін қазасын өтейді.

Ораза пидиясы
С: Денсаулығы жоқ қарт адамның ораза тұтуға шамасы келмесе, не істейді?
Ж: Әр күнгі оразасы үшін бір міскінге пітір садақа көлемінде пидия беруі керек.

С: Егер Рамазаннан кейін ораза тұта алатынын білсе, не істейді?
Ж: Пидия бермейді, ораза тұтпаған күндерінің қазасын ұстайды.

С: Жүкті немесе бала емізетін әйелдер ораза тұтқан кезде өзіне немесе баласына зиян келуден қорықса, ораза ұстамауына болады ма?
Ж: Болады. Бірақ мүмкіндігі болған кезде оразаларының қазасын өтейді.

С: Сырқат кісі ораза ұстасам, ауруым асқынады деп ойласа немесе бір сенімді дәрігер ораза ұстау зиян болады деп айтса, оның ораза ұстамауына бола ма?
Ж: Ұстамаса болады, бірақ денсаулығы түзелгенде оразасының қазасын өтейді.

С: Жолаушы кісінің ораза ұстауы дұрыс па?
Ж: Жолы көп қиындық тудырмаса, ораза ұстағаны абзал. Бірақ, ұстамаса да болады, Рамазаннан кейін қазасын өтейді.

С: Жолға шыққан күнгі оразасын не істейді?
Ж: Егер сол күнгі оразасын бұзса, қазасын өтеуі шарт, кәффәрат міндет емес.

С: Бір жолаушы кісі ораза ұстауды ниет етпей, таңертең тамақ жесе, сосын үйіне қайтып келсе, не істейді?
Ж: Сол күні күн батқанға дейін жеп-ішуден өзін тоқтатып тұрады. Егер жеп-ішсе, сол күннің қазасын өтейді, кәффарат міндет емес.

С: Қаза қылған ораза күндерін жедел түрде өтеу керек пе?
Ж: Әлбетте, мүмкіндігінше уақытын жібермей, тезірек қазасын өтегені абзал.

С: Бір кісі қаза оразаларын өтеуге уақыты бола тұрып өтемесе және ауырып, ажалы жақындағанын сезсе, не істейді?
Ж: Қаза оразаларының пидиясын беруді перзенттеріне өсиет қылуы уәжіп.

С: Ол кісі қаза болса, балалары оның оразаларының пидиясын қалай береді?
Ж: Сол марқұмның малының үштен бір бөлігі есебінен пидия береді.

Жаңа айды көру
С: Рамазан айы қай кезде басталады?
Ж: Шағбан айының жиырма тоғызы, яғни ақырғы күні жаңа туылған ай көрінсе, ертеңгі күні Рамазан айының басы болып есептеледі.

С: Шағбан айының жиырма тоғызыншы күні ай көрінбесе, не істейді?
Ж: Шағбан айын отыз күнге толтырып, келесі күні Рамазанның бірінші күні болып есептелінеді.
С: Ораза айт қай күні болады?
Ж: Шәууәл айының бірінші күні Ораза айт болып есептеледі. Рамазан айының жиырма тоғызы немесе отызыншы күні кешке ай көрінсе, ертеңі Ораза айт болады.

С: Отыз күн ораза тұтқан соң, кешке ай көрінбесе, не істейді?
Ж: Рамазан айының басы күмәнды болмаған болса, ертесі айт бастала береді. Егер Рамазанның басы күмәнды болған болса, отыз бір күн ораза тұтып, отыз екінші күні айт болады.

С: Айды көруде қанша кісінің куәлігі керек?
Ж: Күн батқан уақытта бұлт болмаса, жаңа айды көп кісі көруі шарт, бір, екі, үш кісінің сөздері қабыл болмайды. Егер де сол кезде бұлт болса, ораза ұстау үшін мейлі ер немесе әйел болсын, тек бір әділ кісінің сөзі қабыл болады. Бірақ оразадан кейін Ораза айт басталуы үшін екі әділ еркек немесе бір әділ еркек пен екі әділ әйел айды көріп, куәлік беруі тиіс.

С: Қандай адамдар әділ кісі болып есептеледі?
Ж: Үлкен күнәлардан өзін сақтап жүруші, ақылды және нағыз мұсылман кісі әділ болып саналады.

С: Шағбан айының жиырма тоғызыншы күні жаңа ай көрінбесе, отызыншы күні қай ай болып есетеледі?
Ж: Шағбан мен Рамазан айларына ортақ болады. Ол күн шағбанның отызыншы күні немесе Рамазанның бірінші күні болуы мүмкін, сол себепті күмәнды күн деп аталады.

С: Күмәнды күні не істеу керек?
Ж: Әрбір кісі түскі уақытқа дейін ай көрініп қалуы мүмкін деп, ораза ұстап жүруі тиіс.

С: Ай көрінгені туралы хабар келсе немесе басшы қабыл етсе, не істейді?
Ж: Әрбір кісі ниет етіп ораза ұстайды.

С: Айдың көрінген хабары түске дейін жетпесе, не істейді?
Ж: Ораза тұтпай, ішіп-жей береді.

С: Күмәнді күні ораза ұстауға бола ма?
Ж: Рамазан оразасы деп ниет етіп ораза тұту дұрыс емес, бірақ нәпіл ораза тұтуға болады. Егер күмәнді күні нәпіл оразаға ниет еткеннен соң, сол күн Рамазанның күні екендігі мәлім болса, тұтқан оразасы Рамазан оразасы болып қабыл алынады.

(«Ислам ғибадаты» кітабынан) Ислам және өркениет инетернет сайтынан алынды.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары