Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ислам терорризмге қарсы
09 желтоқсан, 2013 жыл 311 Басып шығару нұсқасы

Ислам терорризмге қарсыИсламиятта фундаментализм, экстремизм, терроризм деген нәрселер жоқ. Бұл Исламияттың өзегіне сәйкес келмейді, өйткені, Ислам дегеннің өзі бейбітшілік, тыныштық деген сөз. Исламның басты мұраты адамдар арасында ынтымақ, бірлік, бейбітшіліктің болғаны. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталған топтардан діннен басқа себептерді, мақсаттарды іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.б. мақсаттары, ойлары болғанын тексеру керек. Екінші мәселе, сондай саяси-экономикалық топтар туралы айтқанда не жазғанда міндетті түрде «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың ойы бөтен. Егер, олардың мақсаты терроризмді, экстремизмді қаралау болса, онда тек террористтерді немесе экстремистерді айыптар еді олар, Ислам сияқты бәшериет (күллі адамзат) жаралғалы бері жеткен ең жоғары өркениет дәрежесіне, ең таза имандылыққа олар тіл тигізбес еді.


Террористтік ұйымның мүшесі қандай бір мұсылман елдің азаматы болса болғаны, әлгі бұлақтар дереу «мұсылман террористтер» дей салады. Ал, басқа діндегі террористтік топтар туралы болғанда, олардың діні айтылмайды да, басшысының ғана аты немесе шыққан жерінің аты, ең болмағанда саяси көзқарасы ғана айтылады. Мәселен, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы олар ешқашанда «Христиан террорист Баск тобы» деп айтпайды. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «христиан-католик» террористік ұйымын «ИРА» деп ешкім айтқан емес! Токиодағы метрода улы газ шашып, көптеген адамдардың өлуіне себеп болған Жапониядағы буддист «Аум Синрике» сектасы туралы «Буддист террористтер» деп ешкім айтқан емес. Сондықтан, мұның негізінде Исламды көре алмаушылық және Исламды жағымсыз етіп көрсету секілді жауыз пиғылдар болғанын айта кетуіміз керек.


Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында былай деді: «Исламның ішіндегі эктремистер деп айтылып жатқан сөз жөн емес. Ислам – дүние жүзілік дін. Екі миллиардқа жақын халық мұсылман дініне бағынады. Сондықтан, әлгі бандиттер мен экстремистер әр дінде болып жататын жағдай. Ол екеуін біз ажыратып айтуымыз керек. Ал енді, Мұхаммед Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.)қалған, діннен қалған мәселелер ондай емес, еш уақытта мұсылманның діні соғыспен, қолына қару-жарақ алып біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, мемлекетке қарсы жүру деген мәселелер болмайды мұсылманда. Сондықтан, осындай нағыз таза мұсылманның, Құранның жолыменен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі деген сөз».


Қорыта айтқанда, фундаментализм АБД-де және христиандықтан пайда болған. Мың төрт жүз жыл бойы жиһанды ғылымға, әдiлеттiлiкке, тазалыққа, имандылыққа, абзалдылыққа, өркениетке, адамшылыққа бөлеген хақ дiн Исламға және оған иман етушi мүминдерге фундаменталист деген жаланы жабудың жалғыз ғана мақсаты – ең жылдам һәм өздiгiнен өсiп, таралып келе жатқан хақ дiн Исламның алдын тосу, оған жүректерi жiбiп келе жатқан пенделердi айнытудан.


Ислам деген сөздiң өзi араб тiлiндегi «силм» — бейбiтшiлiк, тыныштық, берілу деген сөзден, , мұсылман деген мағнаны бiлдiретұғын «мұслим» сөзі – бейбiтшiлiкке берiлген, тәсiлiм болған һәм оны сақтаушы деген мағынадан шыққан. Демек, фундаменталист секiлдi дөрекi де кертартпа сөздер мұсылмандыққа әсте жараспайтынын, әлбетте, оңайлықпен аңдауға болады. Мұсылмандар амандасқанда-ақ «Әс-саламұ алайкұм!» яғни «Саған бейбiтшiлiк болғай!» деп, біріне-бірі татулық, тыныштық тілейді ғой. Ал, хақ дiн Исламның пайғамбары Әз Мұхаммед Ғалайһиссалам бір хадисінде «адамзаттың ең жақсысы, ең хайырлысы, адамзатқа ең пайдалысы!» деген. Пайғамбарымыз тағы да бiр сөзiнде «дұға дiннiң дiңгегi, негiзi!» деген. Ислам ұғымындағы бейбiтшiлiк Аллаһ Тағаланың ризалығына ие болумен, яғни, жақсы ғамалдар iстеумен ғана пайда болады. Он төрт ғасырлық тарихында ғылымның, мәдениеттiң, әдебиеттiң ең озық және пайдалы үлгiлерiн мұралатқан хақ дiн Исламға және мұсылмандар хақында батыс өлшемдерiндегi атаулардың мағналары мен шығу тегіне мән берiлместен қолданылуы, бұл ғажайып байлық пен пәктікті жете түсiнбегендiктің салдарынан дер едiм!


Көптеген аяттар мен хадистер мұсылмандарды орта жолға, қанағаттылыққа, адамгершілікке шақыруда. Сондықтан, Алла Тағаланың бұйрығын орындағысы келетін мұсылман ешқашан да экстремист, террорист т.б. бола алмайды. Ислам дініндегі автоконтроль жүйесі мұсылмандарды асыра сілтеушілікке жібермейді. Ислам дінінде дүниедегі өмір мен ахиреттің, құлшылық пен пендешілік өмірдің, дүнияуилік пен ұхрауиліктің балансы жасалған. Мұсылман сондықтан ифрат уә тәфриттен, яғни әр түрлі әсірешілдіктен аулақ болады. Қоғамдағы һәм жанұядағы орнын сақтайды, көршілерімен тату-тәтті қатынас орнатады, мемлекеттің дамуына үлес қосады. Мұсылмандар ешқашанда «құлатушы» болған емес, қайта «тұрғызушы» болған үммет. Ал, Ислам атын жамылып адамзатқа зиянды іс-әрекет жасаушылардан сақ болған жөн, олардың негізінде Исламнан басқа нәрселерді іздестірген жөн. Өйткені, Ислам діні күллі адамзатқа рахмет ретінде жіберілген дін. Басты мақсаты адам нәсілін қорғау, көркем ахлақты уағыздау, бейбітшілікті орнату. Дініміздің қадірін білейік ағайын һәм дінімізді қанаушыларға жол бермейік.


 Осакаров ауданы

Тоқа Байғозы қажы мешітінің бас имамы

Қанат Анасұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары