Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрбан айт
12 қазан, 2013 жыл 1220 Басып шығару нұсқасы

Құрбан айтҚадiрлi де құрметті қауым! Күллi мұсылман жұртының ұлық мерекесi - құрбан айт құтты болсын! Жаратқан Алла елiмiзге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға бейбіт аспан берекелі тіршілік берсін!
Құрбан айт намазы биылғы жылы 15-қараша күні таңғы сағат 8.30 да оқылады. Барша мұсылман қауым айт намазын оқу уажіп (міндетті) амал. Құрбандық шалу айт намазынан кейін басталады.
Бұл күнде әлемнiң төрт бұрышынан қассиеттi Меккеге жиналған миллиондаған мұсылман, дiндес бауырларымыздың ішінде отандастарымыз жүр. Қажылықта жүргендерге Құдай қуат берсін, қажылықтары қабыл болып, аман-есен елге оралуды Алла нәсіп етсін!
Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші хазірет Мұхаммедке де (с.ғ.с.) жетті. Осы кезден бас­тап құрбан шалу қажылықтың бір рә­сімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұрт­шы­лығына ортақ құлшылық түріне айналды.
Құрбан деген не сөз? Құрбан, құрбандық қазақ тіліне араб тілінен енген сөз. Құрбандық сөзі құрбы, құрдас деген сөздермен түбірлес. Мағынасы жақын, жақындық, жақындау дегенді білдіреді. Демек, құрбандық шалудан мақсат Алла тағалаға жақындай түсу. Оның ризалығына бөлену. Сауап алу.
Қасиетті құранда:
“Әрине, Аллаға жететiнi олардың етi де, қаны да емес, сендердiң тақуалықтарың” (“Хаж” сүресi, 37 аят),- дейдi. Демек, бiздiң сойған құрбандығымыздың қаны мен етi Алла құзырына жетпейдi. Мұны есте сақтайық. Өйткенi, Жаратушы Иемiз оған мұқтаж емес. Сiздер мен бiздерден жететiнi ниетiмiз бен тақуалығымыз ғана.
Негiзiнен, тақуалық деп–адамгершiлiктен тыс iстерге жетелейтiн амалдарға бармауды түсінеміз. Бiр хадисте: “Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): Ей, Алла Елшiсi тақуа қайда? -деп сұраса, Ол оң қолын көкiрегiне қойып, ол мұнда деп көкірегін басыпты”,- деген. Демек, тақуа адам көкірегі ояу, көзі ашық адам дегенді білдіреді. Демек, Құрбандық шалудың қасиеті жан шығарып, қан төгуде емес, оның тағлымы мен тәрбиесінде, өнегесінде. Өйткені, малдың жанын шығарғаннан оның етіне қарық болу деген әңгіме кеп шықпайды екен. Мәселе, көкірегі ояу, көзі ашық адам бола білуде. Алланың жолында ең керекті нәрсені қия білуде. Сондықтан құрбандық жасауға бұйырудан мақсат мұсылманның Алла әмiрiне бойұсынуын, ықылас-ниетiн, тақуалығын және Алла үшін, тілі, діні үшін, елі мен жері үшін ең қымбат нәрсесін қия білуін байқау, сынау.
Құрбандық бір жағынан - перзент аман қалған оқиғаны еске салатын ғибадат. Исмаилдың (ғ.с.) жанының амандығы үшiн Алла тағала тарапынан жiберiлген қой құрбандыққа шалынғандықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) әрбiр өмiрге келген нәрестенiң атынан, оның амандығы үшiн құрбандық шалып, “ақиқа” жасауды өзiнiң сүннетi еттi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): құрбан айтта құрбандық шалу Ибраһим аталарыңның сүннеті, ал перзент дүниеге келгенде құрбандық шалу менің сүндетім», деді.


Құрбан айтта негізгі мәселе құрбандық шалу. Сондықтан оның сауабы қанша деген сұрақ туады? Пайғамдарымыз (с.ғ.с.) хадисiнде: “Сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)
Ей, Алла елшiсi, құрбандық деген не?- деп сұрады.
Құрбандық сендердiң Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннетi,- дедi.
Оның сауабы қанша?
Сойған қой жүнiнiң әрбiр тал қылшығына сауап аласыңдар”,-дедi.
Аллаһ тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына болеп, ақыретте сый сыяпатқа кенелтеді. Құрбан шалу да Аллаһ Тағаланың арнайы бұйрығы. Сол себепті бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді. Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді. Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып)- қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар.


Ал енді құрбандықты кім шалады? Кімге құрбандық шалу уәжіп? Құрбан айт күндерi шариғат бойынша нисап мөлшерiндегi яғни 85 г. алтыны бар немесе осыған тең ақшасы бар, бас бостандықтағы, ақыл-есi бүтiн, жол сапарда емес мұсылманға құрбандық шалу уәжіп.
Сұрақ. Қандай мал құрбандыққа шалынады? Жауап. Кемшiлiгі жоқ бiр жастағы қойды немесе ешкiнi, бiр адамнан жетi адамға дейiн ниеттерiн бiрiктiрiп екi жастағы сиыр немесе бес жастағы түйенi құрбандыққа шалуға болады.
Келесі Сұрақ. Құбандықтың уақыты қашан? Жауап. Қасиеттi Құранда:


“Раббың үшiн (айт намазын) оқы да, соңынан құрбандық шал”,-деп бұйырады.
Демек, Құрбандық айт намазынан кейiн шалынады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде де:


“Бiрiншi орындайтынымыз мерекелiк намаз, содан соң құрбандық. Кiм осылай iстесе, бiздiң сүннетiмiзге ергенi. Ал, кiмде-кiм бұдан бұрын құрбандығын шалса, ол жәй кездегi отбасы қажетi үшiн сойған еттен айырмашылығы жоқ. Ол құрбандыққа жатпайды”,-деген.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүмкіншілігі бола тұра яғни, 85 грам алтынға тең өз ақшасы бола тұра құрбандық шалмайтын кісілер туралы:


“Кiмде-кiм мүмкiншiлiгi бола тұра құрбандық шалмаса, бiздiң намаз оқитын жерiмiзге жақындамасын!”,- деп ескерткен.


Құрметтi бауырлар! Құрбан айт күндері үлкен-кіші демей бір-бірімізді құттықтайық, қабағы түйік жандарды қуантайық, жетім балаларымызды ескерейік, көрші, туыс, құда, жекжаттарға айттап баруды ұмытпайық, ренжіскен жандарды татуластырайық. Айт күнгi ғибадаттарыңызды Жаратқан ием қабыл, ал, мұрат-мақсаттарыңызды асыл етсін ! Мерекелерiңiз құтты болып, әр отбасына бақыт, береке қонсын! Қасиеттi орындарда қажылығын жасап жүрген отандастарымыз аман-есен елiмiзге оралсын! Күллi әлемде тыныштық болсын! Алла тағала мұсылман үмбетiн жарылқап, дінімізге күш-қуат берсiн!


Балқаш қаласының бас имамы
Аманжолов Марат қажы Құрбанбекұлы



Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары