Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ата ибн Әбу Рабах
08 қаңтар, 2014 жыл 380 Басып шығару нұсқасы

Ата ибн Әбу Рабах«Білім арқылы Алла Тағаланың ризашылығын көздейтін мына үш кісіден басқа ешкімді көрмедім: Ата, Тауыс Және Мүжәһид»
(Сәләмәһ ибн Күһәйл)
Мінеки, біз Һижраның 97 жылының зүлһижжәһ айының соңғы он күндігінде тұрмыз... Әл-бәйт әл-атиқ (көне үй, яғни Кәғба) Алла үшін шартараптан ағылған қажылар толқынына оранған. Олардың бірі – жаяу, бірі – атты, бірі – кәрі, бірі – жас, бірі – әйел, бірі – ер, бірі – қара, бірі – ақ, бірі – араб, бірінің ұлты – басқа, бірі – мырза, бірі – жалшы...
Олар – адамдардың патшасына елжіреп, кемел мейірімінен үміт етіп, Алланың шақыруына бас иіп келіп тұр.
Анау – Сүлеймен ибн Абдүмәлик, (жер бетіндегі ең ұлық патшалардың бірі, мұсылмандардың халифасы) жалаң аяқ, жалаң бас, Қағбаны айналып, тауаф қылып жүр, үстінде бір изар мен жамылғыдан басқа түгі жоқ...
Оның мұндағы жағдайының бұқара халықтың жағдайынан титтей де айырмашылығы жоқ, Алла жолындағы бауырлары болып табылатын өзінің қарапайым халқының жайындай.
Оның соңынан ілесіп екі ұлы келеді. Екеуі де толған айдай ажарлы, көрікті, раушан гүлінің жапырағындай балғын, сүйкімді.
Тауаф жасап болған Халифа өзінің қасына ергендердің бірінен «имамдарың қайда?» - деп сұрады. Ол: «Ана жақта намаз оқып тұр» - деп, Харам мешітінің батыс жағын нұсқады. Халифа және соңынан ерген ұлдары ол нұсқаған жаққа қарай беттеді. Нөкерлері кептелісті жеңілдетуге жол ашамыз деп әрекет қыла бергенде, Халифа: «Бұл – патшалар мен қара халықтың теңесетін жері. Ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ. Тек қана тақуалықпен ғана дәрежелер артады. Патшаларға қарағанда шашы өсіп, үстін шаң басып, тер төгіп келген адамның Алла алдында істеген ғибадаттары қабыл болуы мүмкін», - деп тыйым тастады.
Өзі ізденген кісіге қарай жақындап та қалды. Имамның рукүғ, сәжделерге тереңінен батып, намазды жан-тәнімен беріліп оқып жатқанын көрді.
Адамдар оның жан-жағынан жиналып қалыпты. Ол балаларын ертіп, жиналғандардың ең шетіне барып отырды. Құрайыштың екі жігітті әмирүл-мүмининнің (мүминдердің әміршісі) арнайы келіп, қара халықпен бірге отырып, намаздан босауын күтіп отырған әлгі кісі кім екен деп ойлай бастады. Қараса, ол қап-қара, бұйра шашты, шоң мұрынды, отырған кезде қара қарғадан аумайтын Хабаши (Эфиопиялық) қарт екен.
Сол кісі намазын бітіргенен кейін Халифа отырған жаққа қисая бергенде, Сүлеймен ибн Абдүмәлик сәлем берді. Ол оның сәлемін ықыласпен алды. Осы кезде Халифа оған жақындап, қажылық рәсімдерін егжей-тегжейлі сұрай бастады. Ғалым да оның әр қойған сұрағына көңіл аударып, әрбір мәселені толығымен түсіндіріп, жауап беріп отырды. Әрбір сөзін жүйемен сабақтап, саралап, артық сөзге жол бермей жауап берді. Әрбір айтылған сөзді Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) апарып тіреді. Халифаның сұрақтары таусылғанда, алғысын айтып, балаларына: «Тұрыңдар», - деді. Сонан соң үшеуі жүгіретін жерге кетті. Олар Сафа мен Мәруа арасында жүгіруге бара жатқанда: «Осы тұрғыдан тек қана Ата ибн Әбу Рабах қана адамдарға фәтуа береді. Ол болмаса, Абдұллаһ ибн Әбу Нәжих», - деп жар салып жатқанын естіді. Ұлдары әкелеріне қарап:
- Әмирүл-мүминнің қызметшілері Ата ибн Әбу Рабахтан ғана фәтуа сұрауға жар салуда? Ал біз Халифа «патша» екен деп көңіл де аудармаған, дұрыстап құрмет көрсетуді де білмейтін бір кісіден барып фәтуа сұрадық, - деді.
- Сол көрген кісің, балам, алдында біз кішік болып тұрған – ол Ата ибн Әбу Рабах, Харам мешітінің бас мүфтиі, - деп, әкесі баласына жауап берді. Ол бұл ұлық мансапты Абдұллаһ ибн Аббастан мирас етіп алған. Балаларым, білім алыңдар! Білім кішікті ұлығ қылады, надандықтан оятады, құлдары патшалар мәртебесіне көтереді.
Ғалым жайында Сүлеймен балаларына апйтқаны рас еді. Өйткені, Ата ибн Әбу Рабах бала күнінде Меккеде тұратын бір әйелдің иелігіндегі құл болатын. Алла Тағала эфиопиялық баланы келген күннен бастап ғылым жолына салды. Ол өз уақытын үшке бөлді: өзін иеленуші ханымға, оның қызметіне беріліп тер төгуші еді. Оның иелік құқығын, міндеттерін, әмірлерін бұлжытпай орындайтын еді.
Екінші бөлігін өзінің негізгі Иесі Алла Тағалаға бөлген. Оған таза әрі ықыласты пейілмен ғибадат қылушы еді.
Уақытының үшінші бөлігін ғылым жолына арнады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірде қалған сахабаларынан білім алып, бұлақтай саф ғылымды құштар көңілмен ала бастады.
Білімді Әбу Һұрайраһтан, Абдұллаһ ибн Омардан, Абдұллаһ ибн Әз-Зубәйрден және тағы басқа сол заманда өмір сүрген сахабалардан (Алла оларға разы болсын) алып, көкірегі ғылымға, Пайғамбар хадистеріне толды.
Меккелік ханым өзінің құлының Алла жолына беріліп, ғылымға зер сала бастағанын сезгеннен кейін бар құқығынан бас тартып, Құдай үшін, Ислам мен мұсылмандарға пайда келтірсін деп оны құлдықтан босатты.
Сол күннен бастап Ата ибн Әбу Рабах Харам мешітінде өз баспанасы сияқты тұрақтап, білім алу және білім беру жолында уақытын өткізетін болды. Қасиетті мешітті Алла Тағалаға құлшылық ететін, намаз оқитын жеріне айналдырды. Тіптен ол жайында тарихшылар былай деп жазды: «Мешіт оған жиырма жылдай төсеп болды».
Ұлық тәбиғин Ата ибн Әбу Рабах ғылымда үлкен жетістікке жетті, білімі өте терең болатын. Оның ғылымдағы деңгейі биік еді; мұндай биік дәрежеге өз замандастарының санаулысы ғана жеткен болатын. Мына бір риуаятта былай айтылады: «Ұлық сахаба Абдұллаһ ибн Омар (Алла оған және оның әкесіне разы болсын) Меккеге умра жасауға келген екен. Сонда алдынан шыққан адамдар оған дін және ғылым бойынша сауалдар беріп, фәтуа сұрай бастағанда, ол: «О, Мекке тұрғындары! Араларыңда Ата ибн Әбу Рабах жүр. Сіздердің маған сұрақ қойып жатқандарыңа таң қаламын», - деген екен.
Ата ибн Әбу Рабахты дін мен ғылымғда осылай биік шыңға жеткізген оның бойына біткен екі сипаты еді: Біріншіден, ол өз нәпсісін тыйып, пайдасыз нәрседен ләззат алуға жол бермейтін жігерлі жан еді. Екіншіден, өз уақытын бос сөз бен пайдасыз істерге жұмсамай, уақытын тиімді пайдалана білді. Куфа ғұламаларының бірі Мұхаммад ибн Суқа өзіне келген қонақтарға былай депті:
- Маған кезінде көп пайдасы тиген насихат сөзді сіздерге де жарамды болар деген ниетпен айтып бергелі отырмын.
- Айтыңыз, - деді жамғат бір ауыздан.
- Бір күні маған Ата ибн Әбу Рабахбылай деді: «Бауырым! Бізден бұрын өткендер артық сөзді жек көруші еді».
- Олардың ойынша, «артық сөз» деген не? – деп сұрадым.
- Олар Алла Тағаланың кітабын оқыту мен түсіндіруден, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисін риуаят ету мен мағынасын ұқтырудан және адамды Алла Тағалаға жақындататын ғылым мен өміріңе қажетті нәрседен басқа әңгіменің бәрін артық, бос сөз деп қарайтын, - деді. Кейін маған тесіле қарап тұрып, былай деді:
- Құран аятында «Негізінде сендердің үстеріңде (істеген істеріңді) есте сақтап тұрушы ұлық періштелер бар» («Инфитар» сүресі, 10-11аяттар) – деген. Олай болса, сендер айтқан сөздеріміз бен істерімізді жазып «Оның оңынан да, солынан да екі байқаушы отырады. Аузынан бір сөз шығарса-ақ -болды, алдында аңдушы дайын» («Қаф» сүресі, 17-18-аяттар). Яғни бақылаушы екі періште бар екенін жоққа шығармайсыңдар ғой! Біреудің таңертеңнен түске дейін жазылған парағы жарияланса, ал оның көпшілігі дініне немесе дүниесіне қатысы жоқ нәрселер болып шықса, ұялмай ма?!

 

( Жалғасы бар)

 

 

Сайтқа дайындаған:
Қарағанды облыстық орталық мешітінің
баспасөз хатшысы: Райымбекова Ақерке

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары