Алла Тағала Ата ибн Әбу Рабахтың білімінің пайдасын көптеген түрлі топтардың игілігіне жаратқан. Олар: ғылыми мамандар, кәсіпкерлер, және тағы басқалар.
Әбу Ханифа Ән-Нұғман өзі жайында былай дейді:
Меккеде ғибадат рәсімдерінің бесеуінен жаңылдым. Оған көзімді жеткізген шаштараз болды. Ихрамнан шығу үшін шаш алдыруға шаштаразға келіп, одан қанша аласың, деп сұрадым.
Алла сені тура жолға салсын, ғибадат рәсімдерінде шарт қойылмайды. Отыр, шамаңа қарап бер, - деді.
Ұялып отыра кеттім. Бірақ қыблаға тура қарап емес, сіл ауытқып отырдым. Ол қыблаға қарап отыруды бұйырды. Мен ұялып бетімді қыблаға бұрдым. Кейін шаш алу үшін басымның сол жағын ыңғайлай бергенімде, «оң жағын бұр» деп айтты. Ол шашымды ала бастады. Ал мен таң қалып, тып-тыныш отырмын.
- Неге бұлай үнсіз отырсың? Тәкбір айтып отыр, - деді. Шаш алып біткенге дейін тәкбір айтып, сонан соң тұра бергенімде:
- Қайда барасың? – деді.
- Көлігіме бара жатырмын, - дедім,.
- Екі бас намаз оқығанан кейін қалаған жағыңа жүре бер. Екі ракаат намаз оқығанан кейін, ішінен «мына шаштараз білімді біреу болмаса, мұндай әрбір іске көңіл бөле бермес еді» деп ойландым.
- Бұл рәсімдердің бәрін қайдан білесің? – деп сұрадым.
- Алла үшін айтайын. Ата ибн Әбу Рабахтың осылай жасап жатқанын көрдім. Содан бері келген адамдарға айтып келемін.
Ата ибн Әбу Рабахтың мол дүние-мүлікке иелену мүмкіндігі көп еді, бірақ ол бұдан түпкілікті бас тартты. Бар өмірін бес дирхамнан артық тұрмайтын жалғыз көйлекпен өткізді.
Оған Халифалар серіктес, жолдас болып, қастарында бірге жүруге ұсыныс жасап, талай рет жалынды. Олардың дүние қызығы дініме әсер етеді деп қорқып, бұл шақыруларын қабылдамады. Бірақ Ислам мен мұсылмандардың мүдделерін қорғау үшін оларға барып тұратын. Бұл жайында Осман ибн Ата ибн Әл-Хорасани былай дейді:
Әкем екеуіміз Шамға бара жатып, Дамаскіге жақындаған кезде жолда қара есек мінген, үстінде тігісі көп, қалың көйлек киген, ескі шапан жамылған, сәлдесі басына жабысқан, ағаш аяқкиімді шалды көрдім. Әкемнен: «Бұл кім?» - деп сұрап, күле бастадым.
- Тыныш! Бұл - хижаз ғалымдарының мырзасы Ата ибн Әбу Рабах, - деп айтты. Жақындаған кезде әкем қашырынан түсіп, ол да есегінен түсіп, екеуі құшақтаса амандасты. Кейін екеуі бірге әңгімелесіп, Һишәм ибн Абдүлмәлик сарайының қақпасына дейін келді. Енді олар кіреберісте отыра бергенде, сарай қызметшілерінің бірі келіп, кіруге рұқсат берді. Әкем сарайдан шыққаннан кейін, одан не болғанын егжей-тегжейлі сұрадым. Әкем маған болған жағдайды айтып берді:
- Халифа Һишәм Ата ибн Әбу Рабах келіп тұрғанын естісімен, шақыртып алыпты. Алланың атымен ант етейін, соның арқасында тез кіріп шықтым. Халифа: «Қош келдіңіз, мына жерге отырыңыз, мына жерге» - деп, құрметтеп, өз көрпешесінен орын беріп, тізесін тізесіне тигізіп отырды. Халифа мұндай ілтипат білдіріп жатқаннан кейін барлығы тым-тырыс бола қалды. Һишәм ғұламаға қарап:
- Қандай бұйымтайыңыз бар, Әбу Мұхаммад (ғалымның күнясы)!
- Әй, Әмирүл-мүминин! Екі қасиетті жердің тұрғындарына – Алланың халқына, Пайғамбардың (с.ғ.с.) көршілеріне риззықтары мен берешектерін үлестіріп отырсың.
- Иә.
- Балам! Мекке мен Мәдинеге үлестері мен ризықтарының бір жылдығын жібер.
- Тағы қандай бұйымтайыңыз бар, Әбу Мұхаммад?
- Хижаз бен Нәжд тұрғындары – арабтың асылдары, Ислам көшбасшылары, олардың садақаларының артығын қайтарып бер.
- Не бұйырасыз, Әбу Мұхаммад?
- Шекарада тұрып жатқан мұсылман қауым дұшпаннан елді қорғап, бізге қастандық жасаушыларға қарсы соғысып келеді. Оларға жәрдемді көбірек жібер. Олар қырылса, шекара да жойылғаны.
- Тағы тілегіңіз бар ма, Әбу Мұхаммад?
- Қарамағыңыздағы басқа дінді ұстанған халықтарға төлей алмайтын салық салушы болма. Олардың шамасы келетін салық жаз. Олардың салығы – дұшпандарына қарсы күресте көмек.
- Тағы не сұрайсыз, Әбу Мұхаммад?
- Иә, тағы сұрайтыным, Әмирүл-мүминин, Алладан қорық! Сен жаратылғанда жалғыз болатыныңды біл. Қиямет күнінде Алламның алдында жалғыз жауап беретініңді ұмытпа. Мұнда отырғандардың бірін де қасыңнан көрмейсің.
- Һишәм осы сөздерді естіп, басын төмен салып, жылап жіберді. Қайтып бара жатқанымызда шыға берісте қызметшілердің бірі: «Халифаның өзі берді», - деп ғалымға түйіншек ұстатпақшы болғанда.
Ол Халифаның қабылдауында отырып бір тамшы су да ішкен жоқ.
Ата ибн Әбу Рабах ұзақ өмір сүріп, жүзден асып қайтыс болды. Ұзақ өмірін ғылыммен, еңбекпен өткізіп, жақсылық жасауға, тақуалық жолға арнады. Пәнни дүниенің қызығынан бас тартты. Бар қалауы да, мақсаты да, Алла Тағаланың ризашылын алу болды.
Өмірден аттанғанда, сапарға шығарып салушылар дүние жүктері жеңіл, ақырет сауаптары ауыр екенін байқады. Оған қоса, онда жетпіс рет қажылық жасады, оның ішінде «Арафатта» 70 рет тұру маңдайына жазылды. Ол үнемі Алла Тағаланың ризашылығын, жәннаттын сұрап дұға етті. Оның ашуы мен тозағынан пана іздеді.
(соңы)
Қарағанды облыстық орталық мешітінің
баспасөз хатшысы: РайымбековаАқерке
Пікірлер