Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Пайғамбардың сүйікті жиені Хусейн. І-бөлім. 
27 желтоқсан, 2014 жыл 623 Басып шығару нұсқасы

хусейн


         Хижраның төртінші жылында, Шағбан айының үшінші жұлдызында Әли ибн Талиб пен Фатиманың ұлы Хусейн дүниеге келеді. Алла елшісі жиенінің дүниеге келгенін естіп, қызының үйіне асығады. Келген бойда Асмадан баланы алдына әкелуін өтінеді. Алла елшісі жас сәбиді қолына алып, оң жақ құлағына азанды, сол жақ құлағына икамды оқиды.


Осы сәби дүниеге келгенен кейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Жәбірейіл періште келіп: «О Расулаллаһ, бұл баланың есімін Харунның кіші ұлы Шубейрдің атымен, яғни арабша Хусейн деп атаңдар. Харун Мұса ибн Имранға қандай болса, Әли саған сондай, себебі сенен кейін Пайғамбар(с.ғ.с) болмайды»-дейді. Осылай киелі есімді бұл балаға Алланың өзі берді. Баланың туылғанына жеті күн толғанда Фатима қойды құрбандыққа шалып, жас баланың шашын алып, күмістен  қайырымдылық садақасын таратады.  Дүниеге келгенінен бастап Хусейн атасының тәрбиесінде болады. Алла елшісінің оған деген махаббатында шек болмаған деседі. Язид ибн Әби Зиядтың жеткізуі бойынша: «Алла елшісі Айшаның үйінен шығып келе жатып Хусейннің жылаған дауысын естиді. Сол күйі Фатиманың үйіне бет алады. Қызының үйіне келгеннен кейін: «Оның көз жасы мені қинайтынын сендер білмейсіңдер ме?»-деген екен. Фатима мынадай хадисті жеткізген: «Хасан мен Хусейнді ертіп мен Алла елшісінің үйіне бардым. Ауырып, хәл үстінде жатқан әкеме қарау үшін барған едім. Барғаннан кейін мен оған: «Мен екі ұлымды алып келдім. Оларға мұраға ештеңе қалдырмайсың ба?»-деп сұрадым. Сонда ол: «Хасан менің келбетті тұлғамды, кеңдігімді алады, ал Хусейн батылдығымды алады»-деді. Шынында Хусейн өте батыл, мықты адам болған. Барлық жақсы қасиеттерді бір бойына жиған.


Хусейн алты жасына дейін сүйікті атасының қасында болады. Ұлы Пайғамбар(с.ғ.с) қайтыс болғаннан кейін, отыз жыл ғұмырын әкесінің қасында өткізеді. Әкесінің биілігі тұсында халифатқа қарсы шабуылдаушыларға қарсы күресіп, Алланың діні мен әкесін қорғайды. Бірақ көп ұзамай Хайдар, одан кейін бауыры Хасан дүние салады. Бұл қиындықтарды қайыспай көтереді, себебі бұның барлығы Алланың қалауымен болып жатқанын түсінетін.


Патшаны тақтан түсіріп, Хусейнді халиф сайлау әрекеті 


Сол кездері Шамның әмірі болған Муавийат қоластындағыларға қайырымды болып, ахль аль-байттарды (Пайғамбардың(с.ғ.с) ұрпақтары) құрмет тұтқан. Муавийат не істесе де Хусейнмен кеңесіп отырған. Меккеге қажылық парызын өтеуге барып, қайтар жолда сырқаттанып қалады. Үйіне қатты әлсіреп оралғаннан кейін көп ғұмыры қалмағанын сезген ол өзінің ұлы Йазидті шақырып өсиет айтады. Йазидке халифатты тапсырады. Пайғамбардың ұрпақтарына тиіспеуді, ренжітпеуді ескертіп, «Байқа, Хусейнді өлтірме» - деп тұрып шегелеп тапсырады. Сондай-ақ, халиф болу Пайғамбар(с.ғ.с) ұрпақтарының  құқы екенін ерекше ескертіп, Хусейн есейгеннен кейін халифатты Хусейнге тапсыруды өсиет етеді. Сөйтіп дүние салады.


Әкесін жерлегеннен кейін Йазид оның тағына отырады. Әкесінің өсиетін орындамайды. Пайғамбар(с.ғ.с) ұрпақтарына құрмет көрсетпейді. Муавийаттың өлімінен кейін Хусейн мен оның отбасы бір түндерін тыныш өткізуден қалады. Хусейн  әпкесі Сакинмен ақылдасып, өзін ойландырған мәселені жеткізіп, ата-бабасының елі Мекке не Мединеге қайтқысы келетінін айтады. Әпкесі онымен келісіп, тек бұған Йазидтен рұқсат алу керектігін айтады. Себебі оның жауыздығынан қорыққан олар оның рұқсатынсыз кете алмас еді. Хусейн Йазидке Мединеге көшкісі келетіндігін айтып хат жазады. Йазид қайда барғысы келсе сонда барсын деген сарында дөрекі жауап қайтарады. Пайғамбардың барлық ұрпағы Шамды тастап, Мединеге көшеді.


Йазид кезінде әкесі тағайындаған Медине билеушісі Марван ибн Хакамды биліктен шеттетіп, оның орнына Валид ибн Утбатты тағайындайды. Хусейн қоныс аударып келгенде Валид ибн Утбат Мединенің билеушісі еді. Ол Йазидтен Мединенің халқына ант бергізуді бұйырған хат алады. Валид хатты Абдуллаһ ибн Зубайр мен Хусейнге жібереді. Хусейн Йазидке ант беруден бас тартады. Сонымен қатар ол халифатты  басқару Пайғамбар ұрпақтарының құқы екенін де айтады. Йазидке бұл жауап ұнамайды. Йазидке Марван қосылып Хусейн мен оның отбасын түртпектей бастайды. Мұнда да маза бермеген соң Хусейн Абдуллаһ ибн Зубайрмен Меккеге аттанады. Меккеліктер оларды ашық-жарқын, қуанышпен қарсы алады.


Куфада, Басра мен Ирак жерінде тәртіп орнату Ибн Зийадқа тапсырылғанды. Куфада Хусейннің ант беруден бас тартып, Меккеге аттанған белгілі болған еді. Әлиге ерекше ықыласты болған Куфа тұрғындары жиылып кеңеседі. Олар кеңесіп, Йазидтің ісіне төзбейтіндерін айтып, оны тайдыруға бел буады. «Халифатты Бану Умаййат басқаруы тиіс емес»-деп билікті Хусейнге алып бермек болады. Сулайман әл-Хазаи орнынан тұрып: «Біз әли ибн Әбу Талибтің және Хусейннің жақтастарымыз, ал Хусейн біздің көмегімізге мұқтаж»-дейді де, жиналғандардан Хусейн үшін күресуге дайын екендіктері туралы сұрайды. Жиналғандар бір ауыздан Хусейн үшін жан алысып, жан берісуге дайын екендіктерін айтып, сөз береді. Олардың уәдесін алып, Сулайман Хусейнге хат жазып, хабаршы жібереді.


         Хабаршы Меккеге, Хусейнге келіп хатты береді. Куфалықтардың хатын оқып, мәнісін түсінген Хусейн ұзақ уақыт жақ ашпайды. Олардың ұсынысынан бас тартып, Меккені тастап кетпейтіндігін, өмірінің соңына дейін Алланың елшісі дүниеге келген Уммаль-Курада қалғысы келетінін айтады. Осындай жауаптың өзінен кейін де куфалықтар Хусейнге маза бермейді. Куфадан мыңға жуық хат келеді. Бар халықтың қалауы Йазидті тақтан түсіріп, Хусейнді тағайындау болатын. Ирак халқы Хусейнге: «Егер бас тартып, бізді жапа шегуге қалдырсаң, Ғарасат күнінде біз үшін сен жауапты боласың»-деген соңғы хатын жолдағанда ол екіұдай күйде қалады. Халыққа жаны ашып, дін жолында күресуге бел буады. Қолына қалам алып куфалықтардың хатына жауап жазады. Жауапты алып Куфаға жеткізетін хабаршымен қоса Укайл барады. Хатта өзі барғанша олардың имамы Мүслім болатынын хабарлайды.


Куфа тұрғындары Мүслімді қуанышпен қарсы алып, Хусейнге ант береді. Бұл жағдай Нуман ибн Баширге мәлім болады. Бұл кезде Нуман Куфаның билеушісі еді. Ол Шамдағы Йазидке Хусейннің келе жатқаны туралы хат жазады. Мұны естіген Йазид Убайдулла ибн Зийаданы шақырып әскер дайындауды бұйырады. Қару-жарақ мен әскерді дайындап алып Убайдулла жолға шығады. Түн жамылып жасырын қалаға кірген олар билеушінің сарайына кіреді. Келесі күні таңында елді жинап Йазидке бағынулары қажеттігін айтады. Мұны естіген Мүслім Нани ибн Урватқа көмек сұрап, жасырынуға барады. Нани ибн Урват амалсыз оны үйіне кіргізеді.


Убайдулла қызметшісіне үш мың дирхем беріп, Мүслімнің қайда екенін біліп келуді тапсырады. Қызметші Мүсліммен жолығып, Хусейнге ант бергісі келетінін айтып сеніміне кіреді де оның қайда тұрып жатқанын Убайдуллаға жеткізеді. Убайдулла бірден Нани ибн Урватты алдырып: «Үйіңде Мүслімді тығып отырғаныңды білмейді деп ойладың ба?»-деп қорқыта бастайды.Убайдулланың бәрін білетінін түсінген Нани: «Ибн Укайлды үйіме кіргізгім келген жоқ. Оған бөлмемді жалға берген едім. Егер оған рұқсат жоқ болса, оны қуып шығайын. Тек мені босатыңызшы»-деп ақталады. Убайдулла оған: «Егер Мүслімді маған алып келмесең үйіңді көрмей кетесің»-деп қорқытады. Бірақ Нани: «Өліп кетсемде үйімдегі қонақты ұстап бермеймін»-дейді. Ибн Зийаданың адамдары оны сол жерде ұстап қамап тастайды. Осыдан кейін Мүслім он сегіз мың жауынгермен билеуші сарайына шабуыл жасайды. Бірақ жауыздардың қорқытып-үркітуінен қорыққан Мүслiмнің жауынгерлері жан сауғалап быт-бырақай қашып кетеді. Бір өзі жалғыз қалған Мүслім жаулардың әскерімен бір өзі шайқасады. Жаудың қаншама жауынгерін өлтіріп, өзі де ең соңында ауыр жарақаттар алған Мүслімді жаулары ұстап алып Убайдуллаға алып барады. Олар Мүслімді, одан кейін Наниді өлтіреді. Ибн Зийад Шамға, Йазидке хат жазып, Мүслім мен Нанидің бастарын сенімді екі хабаршысынан беріп жібереді. Йазидтің бұйрығымен  екеуінің басын Дамаск шаһарының дуалына іліп қояды.  Мүслім мен Нанидің бастарын алып келген хабаршыларға он мың дирхемнен береді. Мүслім осылай қаза табады.


(жалғасы бар)


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары