Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ұят та болса айтайық...
13 желтоқсан, 2013 жыл 1006 Басып шығару нұсқасы
Ұят та болса айтайық...«Назар аудар! Дәрет алмастан бұрын истибра жасауды ұмытпа! (Истибра: еркектердің кіші дәреттен кейін қуық жолындағы зәрден толықтай арылғанша жүру немесе жөткірініп, біраз күту, бұл ­– уәжіп!)». Түркиядағы мешіттердің көбісінде дәрет алатын жерде осындай жазуларға көзіңіз түседі. Яғни, халықты истибра жасауға және оны әдетке айналдыруға үндейтін осындай жазуларды Түркияның көптеген мешітінен көресіз. «Истибра» осыншалықты маңыз аударатындай мәселе ме еді? Қаншалықты маңызды?

Рас, бұл мәселеге мән беріп, көңіл бөле қоймайтын мұсылмандар да бар. Кейбіреулері, тіпті, истибраның не екенін де білмейді. Оның қаншалықты маңызды екеніне зер салмайды. Истибра ұсақ мәселе болып көрінгенімен, екі дүниеде де зардап шектіретін, қайғыға душар ететін дүние екенін бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан да, ұят та болса, ұсақ та болса, бұл мәселеге халықтың назарын аударғанды жөн көрдік.

Ыстамбұлдағы мешіттердің бұл мәселеге бей-жай қарамайтынын аңғардық, жоғарыда айттық. Әр мешіттің дәрет алатын жерінде назар аударатындай жазумен жазылғанын да келтірдік. Мұндай дүние біздің мешіттерге де қажет-ақ, үлгі алатындай дүние.

«Истибра» дегеніміз не?


Сонымен, «истибра» дегеніміз не? Араб тіліндегі «истибра» сөзінің лексикалық анықтамасы «бра» түбірінен шығып, «тазару, арылу, құтылу» деген мағынаға саяды. Ал истибраның діндегі мән-мағынасы – кіші дәретке отырғаннан кейін несеп жолындағы зәр қалдығынан толықтай арылып, тазару және соған тиісті әрекеттер жасау. Истибра негізінен еркектерге қатысты мәселе.

Неге еркектерге уәжіп?


Бұл еркектердің несеп жолының жүйесіне байланысты. Жалпы, бүйректен шығатын зәрдің қуыққа толып, несеп жолы арқылы сыртқа шығатынын бәріміз білеміз. Сол қуықтан сыртқа шығатын несеп жолының ұзындығы еркектерде 16-18 сантиметрге дейін болады, ал ені 8 миллиметр. Әйелдерде бұл – 2,5-4 сантиметр, ені – 8 миллиметр. Әйелдердің несеп жолы еркектердікінен қысқа болғандықтан олар истибра жасауға міндетті емес. Сондықтан да, оларға бірден дәрет ала беруге болады. Ал еркектердің несеп жолы өзгеше келгендіктен, яғни ұзын болғандықтан, несеп жолы бойында әрқашанда зәр қалады. Сол зәрден толықтай арылу еркектерге уәжіп.

Қалай арылу қажет?


Ислам дінінің қайнарларында истибра қалай жасалу қажеттігі егжей-тегжейлі жазылған. Соның көбісі кіші дәретті отырып сындыруға, дәретке отырып болған соң, жөткірініп, сумен тазалануға, толықтай арылғанына көзі жететіндей уақыт біраз немесе 40 қадамдай жүруге, бірнеше мәрте отырып-тұруға кеңес береді. Сондықтан да, қазақ бұрын үйден кемінде 40 қадам қашықтыққа барып түзге отырған. Дәретхананы да кемінде 40 қадам қашықтықтағы ұзақтыққа салуға тырысқан. Дәретханадан келгенше истибра жасалады.

Дәретке қалай дұрыс отыру керек?


Айша анамыз: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) алғаш уахи түскеннен бастап дүниеден озғанша еш уақытта кіші дәретін тұрып сындырмаған» (Әбу Дәуіт), – дейді. Сондай-ақ, Имам Ахмад, Тирмизи, Насаи және Ибн Мәжәнің хадистер жинағында Айша анамыз былай дейді: «Біреу Пайғамбарымыз (с.а.у.) тұрып дәрет сындырды дейтін болса, оған сенбеңдер. Себебі, ол ылғи отырып дәрет сындырған». Пайғамбарымыз (с.а.у.) да өз сөзінде: «Ақиқатында, тұрып дәрет сындырғанға азап бар», – деген. Бұл хадис Абдулла ибн Мәсғұдтан жеткен.

Медицина не дейді?


Отырып дәрет сындырудың қаншалықты маңызды екені медицина ғылымында да дәлелденуде. Отырып дәрет сындырғанда қуық босаңсып, зәр толықтай сыртқа шығады. Бұл несеп жолдарында тас қалыптасуының, сондай-ақ, простатит ауруына шалдығудың алдын алады.

Сосын отырып дәрет сындырғанда шамалы солға қарай жантаю керек. Бұл да зәрден толықтай арылуға мүмкіндік береді. Тұрып дәрет сындыру зәрдің сыртқа толық шықпай, несеп жолында тастардың түзілуіне себеп болады. Бұл түрлі микробтардың жиналуына және аурулардың артуына жол ашады.

Бұл сүннеттің ақиқатын мұсылман емес ғалымдар да дәлелдеп, көз жеткізіп отыр. Тіпті, көктемде, мамыр айында Швецияның парламенті еркектерді отырып дәрет сындыруға міндеттейтін заң жобасын ұсынды. Жобаның авторы – солшыл партияның депутаты Вигго Хансен. Оның айтуынша, тұрып дәрет сындыру еркекті простата обырына шалдықтырады екен. Гигиенаға да кереғар. Әрине, швед еркектеріне отырып дәрет сындыру үйреншікті болмаған соң, біраз қоғамдық сынға да ұшырады. Дегенмен, Вигго Хансен бұл ұсынысын медициналық зерттеуге сүйеніп жасап отырғанын айтуда. Депутаттың сөзіне сүйенсек, Норвегияның бір мектебі де ұлдарға тұрып дәрет сындыруға тыйым салған.

Тайванның қоршаған ортаны қорғау министрі Стивен Шен де былтыр ер азаматтарды отырып дәрет сындыруға шақырғанын білеміз. Тайванның қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты кәріз және улы заттар департаментінің директоры Юнь Сьёпин де халқына Жапония мен Швециядан көп нәрсе үйрену қажет екенін айтады. Оның айтуынша, ұзақ өмір сүру жағынан алда келе жатқан, денсаулыққа ерекше мән беретін Жапонияда еркектердің 30 пайызы отырып дәрет сындырады екен. Міне, бұлардың бәрі 1400 жыл бұрын Пайғамбарымыздың үмбетіне үйретіп кеткен әдеттерді енді жаңғыртуда. Ал мұсылмандар бұл әдеттің қадірін әлі де болса жете түсінбеуде.

Истибра жасамаса, не болады?


Негізгі тақырыбымызға қайта оралсақ... Истибра жасамаса, не болады? Бұл дүниедегі зардабы өз басына, ақыреттегісі қалай болмақ, соны ойлауымыз керек. Ең әуелі, Пайғамбарымыздың сөзіне құлақ аспаған, өсиетіне бойұсынбаған боламыз. Пайғамбарымыз: «Зәрлеріңнің киімдерің мен денелеріңе тиюінен сақтаныңдар. Бұл қабір азабына душар етеді», – дейді.

Екіншіден, жоғарыда айтылғандай, қабір азабын тартуымызға себеп болады. «Сендердің кейбіреулерің азапты қабірден бастап тартасыңдар. Ондайлар жайында: «Олар өмірінде нәжістерінен сақтанып, тазармағандар», – деп айтылады», – дейді Алла Елшісі.  Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда, бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне немесе таза жерлерге тиуіне көңіл бөлмейтін еді), ал, екіншісі сөз таситын еді», – дейді (Бухари, Муслим риуаяты).

Үшіншіден, истибра жасалмай, бірден дәрет алған адамдардың зәрі намаз оқып тұрғанда, рукуғқа не сәждеге барғанда шығады. Бұл дегеніміз оқыған намазың, жасаған сәждең, барған рукуғың, қылған дұған зая кетті деген сөз. Себебі, зәрдің шығуымен дәретің бұзылды. Ал Пайғамбарымыз «Жұмақтың кілті – намаз, намаздың кілті – дәрет» демей ме? Кілттің кетігі келмесе, есік қайдан ашылсын?..

Міне, қорытындылай келгенде, ірі мәселе ұсақ мәселеге салғырт қараудан басталады. Арты аранын ашқан апатқа соңтырады...

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары