Аспанда бірінші қызғану ісі Ібіліс Шайтаннан бастау алған, сондықтан ол Алланың ең ауыр жазасына ұшырады. Жер бетінде алғашқы қызғану ісін Қабыл бастады, бауыры Абылды көреалмаушылық сезіміне беріліп, қызғанып өлтірді. Сондықтан ол да қиыншылықтарға тап болды. Ақылы бар адам осы екеуінің жағдайынан сабақ алуы керек. Расулулла (с.ғ.с.) бір хадис-шәрифінде: «Ұлы Алланың нығметінің дұшпандары бар»,-деді. - Олар кімдер? - деп сұрағанда, «Алланың өздеріне берген нығметтерін адамдардан қызғанғандар»-деді. Ілімді кісілер: - Жаман қателердің анасы осы үш нәрсе:
1. Қызғану
2. Құмарлық
3. Тәкаппарлық,-дейді.
Тәкаппарлықтың белгісі Ібіліс Шайтаннан келеді. Ол тәкаппарлыққа беріліп, өзін биік көріп, Адамға (а.с.) сәжде етпеді. Сондықтан лағынетке ұшырады. Құмарлық Адамнан (а.с.) келеді, себебі «мына өсімдіктен басқа жәннаттағы бүкіл өсімдіктерден жеуіңе болады» дегенде, құмарлық оған әлгі өсімдікті жегіздірді, сондықтан жәннаттан қуылды.
Факих Әбуллейс Самарқанди: Мына үш кісінің дұғасы қабыл болмайды:
1. Харам жеген кісінің
2. Көп өсек айтқан кісінің
3. Жүрегінде бір мұсылманды қызғанып кек сақтап жүрген кісінің, - деді. Атиие б.Әузе Садтың Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткізген бір хадисінде: «Ашулану Шайтаннан. Шайтан болса оттан жаратылды. От тек қана сумен сөндіріледі. Біріңіз ашуланған кезде, дәрет алыңдар»-делінген. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен тағы бір хабарларда: „Араларыңда баяу ашуланатындар бар және тез ашуы тарқайтындар бар. Араларыңда тез ашуланатындар да бар, бірақ ашуы кеш тарқайтындар да бар. Жақсыларыңыз баяу ашуланып, жылдам ашуынан қайтқандар. Жамандарыңыз тез ашуланып, бірақ ашуы кеш тарқағандар„. Мынаны біліп жүруге тиіссің. Қызғаныштың сегіз жамандығы бар, оларды кезегімен айтайық: 1. Құлшылықты және ғибадатты бұзады.
(жалғасы бар)
Сайтқа дайындаған: Тотия Енсебаева
Пікірлер