Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алла елшісі мен әйелдер
02 шілде, 2015 жыл 199 Басып шығару нұсқасы

 brak v islameЕстеріңізде болса, Алла елшісіне алғаш пайғамбарлық түскен кезде ол ақылдасуға ағасына я достарына барған жоқ, Хадиша анамызға келіп, бәрін айтқан еді. Ал өмірінің соңғы күні де жұбайы Айша анамыздың қасында өткен-ді. Демек бұл Алланың қалауы. Алла елшісінің пайғамбарлық жолының басталуы да, соңғы сәті де жұбайларының жанында өткен.


Алла Тағаланың әйелдер қауымына осы дүниеде үлкен рөл бергеніне ешкімнің дауы жоқ. Алла елшісі де әйел затына хақысын, тиісті құқықтарын берген.


Ерлермен қоса әйелдер де Алла елшісіне жиі келіп, өздерін мазалаған сұрақтарын қоятын. Бірде бір топ әйел келіп Алла елшісіне сұрақтарын шетінен жаудыра бастайды. Дауыстары қаттырақ шығып кетсе керек. Осы уақытта  Умар Ибн Хаттаб келіп қалады. Ол Алла елшісінен кіруге рұқсат сұрап, ішке енеді. Әйелдер Умардың дауысын естіген сәтте-ақ тығылып, үнсіз қалады.  Бұған Алла елшісі күлгенде, Умар ибн Хаттаб: «О, Алланың елшісі неге күлесің?»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мына әйелдерге бола күлемін. Олар қатты сөйлеп, көп сұрақтар қойып отыр еді, сен келгенде жым болды»-дейді. Сонда Умар  ренжіп: «Сендер өз-өздеріңе жаусыңдар, сендер Алла елшісіне қарағанда менен көбірек қорқасыңдар!»-дейді. Бірқатар әйелдер Умарға жауап беру үшін Алла елшісінен рұқсат сұрайды.  Пайғамбар рұқсат береді. Әйелдердің бірі: «Иә, өйткені сен дөрекі әрі бірбеткейсің. Ал, Алла елшісі мейірімді әрі жұмсақ»-деп жауап береді. Бұл оқиға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдерге деген ерекше қарым-қатынасына дәлел болса керек.


         Пайғамбар заманында ең белгілі оташы Үммі Атийя есімді әйел еді. Ол белгілі сахаба да болатын. Алла елшісі оны жараланғандар мен сыртқаттарға көмектесу үшін өзімен бірге соғыстарға алып жүретін. Алла елшісі әсіресе білімге баса назар аударған. Сахаба аш-Шифаға өзінің әйелі Хафсаны оқытуды бұйырады. Одан бөлек Алла елшісі Айша анамыздың білім алуына көңіл бөлген. Айша анамыз екі мыңнан астам хадисті жеткізген. Исламға қатысты сұрақтарда терең білімді болған. Бұл әрине Алла елшісінің өз жұбайларының білім алуына көңіл бөлуінен.


Бірде Алла елшісі өзінің сахабаларымен тамақтанып отырған жерінде тілі уытты, өктем әйел келіп тамақ сұрайды. Алла елшісі дәм таттырмақ болғанда әлгі әйел Алла елшісінің жеп отырған асын сұрайды. Ол оған сұрағанын береді, содан кейін әлгі әйел Исламды қабылдап, тақуа әйелдердің бірі болған екен.


Пайғамбарымыз әйелдерге мешіттерде намаз оқуға рұқсат еткен, Пайғамбар мешітінде де намаз оқуға рұқсат берген. «Әйелдерге мешітке келуге тыйым салмаңдар»-дейді.  Пайғамбар мешітіне әйелдер келе бастағанда, олардың көп болғаны сонша, Алла елшісі әйелдер үшін жеке есік салуды бұйырады.  Бұл есік күні бүгінге дейін сақталған және «әйелдерге арналған есік» деп аталады.  Әйелдер мешітте намаздан кейін жиналып, оның уағыздарын тыңдайтын, білім алатын.


Алла елшісі әйелдердің өтінішін де жерде қалдырмаған, оларға қиын сәттерде көмектесуден әсте тартынбаған. Пайғамбар заманында әйелдер саяси және қоғамдық істерге белсенді қатысқан. Алла елшісінің тарапынан әйелдерге қамқорлық үнемі жасалып отырған. Тіпті ажал сәтінің алдында да ол: «Әйелдермен жақсы қарым-қатынас жасаңдар» - деген өсиет айтып кетеді.




Қарағанды облыстық орталық мешіті


Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары