Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«Зəмзəм» бұлағы қалай пайда болды?
04 қазан, 2015 жыл 434 Басып шығару нұсқасы

Ибраһим пайғамбарға (а.с.) хақ тағаладан уахи келіп, пайғамбар жас əйелі мен баласын Мекке төңірегіндегі тау-тастың қуысына əкеліп тастады. Айнала елсіз сахара, жерге қылтаң шықпайтын. Хазірет Ибраһим оларға бар-жоғы бір қоржын құрма мен бір торсық су қалдырды. Яғни бұл жердегі хикмет – хазірет Исмайылдың Меккеде өсуі тиіс болатын. Хазірет Ибраһим кеткен соң Ажар ана қолындағы шаранасымен жапан далада жалғыз қалды. Бірақ қарап отырмай, сол жердегі бір ағаштың жапырағынан өздеріне пана жасап алды. Баласын кейде емізсе, кейде су берді. Көп ұзамай торсықтарындағы су да таусылды. Құндақтағы сəби қарны ашып шырылдап жылай бастады. Анасы сəбиінің сай сүйекті сырқыратқан дауысына төзе алмай безек қақты. Жүгіріп Сафаның төбесіне шығып жан-жағына көз салды. Айналадан тек ұшы-қиыры жоқ шөл дала мен тау-тастар ғана көрінді. Ол осыдан кейін кері қайтып Мəруəнің төбесіне шықты. Айналадан сол баяғы сақара мен таулар көрінді. Бір жағынан айнала жүгіріп шаршаса, енді бір жағынан сəбидің ащы дауысы жанын жегідей жеді. Ол осылайша екі төбенің арасында тыным таппай жеті рет жүгірді. Жетінші мəрте Мəруаның төбесіне шыққанда құлағына ғайыптан бір дауыс естілді. Ол дереу: «Ей, дауыс! Шамаң келсе бізге көмектес!» деп айқайлады. Осы кезде дəл қазіргі зəмзəм құдығының тұрған жерінен Жəбірейіл періште көрінді. Ол аяғымен яки қанатымен жерді қаза бастады. Бір кезде жерден бұрқ етіп мөп-мөлдір су атқылап қоя берді. Хазірет Ажар суды көре сала, қуанышы қойнына сыймай, жан-жағын бөгеп, бұлақтың көзін тырмалап ашып, Мысыр тілінде «зəм зəм» (тоқта-тоқта) деді. Ақиық елші (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бұл туралы: «Аллаһ Исмайылдың анасы – Ажарға рақым етсін. Ол зəмзəмды алақанымен бөгемегенде, ол сөзсіз сарқырап аққан үлкен өзен болатын еді» дейді. Хазірет Ажар да, баласы да судан қанғандарынша ішіп шөлдерін басты. Жəбірейіл оған: «Өмір сүре алмаймыз деп қорықпаңдар. Бұл жерде Қағба бар. Оның қабырғасын мына бала мен əкесі бірге қалайды» деді де көзден ғайып болады. Ажар ана мен баласы Исмайыл осылай күн кешіп жатты. Бір күні бұл маңнан Жархам тайпасы өтіп бара жатты. Олар ұзақтан Қағбаның төбесінде бір құстың айналып ұшып жүргенін байқайды. Жархам тайпасының ақсақалы «құс бар жерде сөзсіз су болады, қанеки барып көріп келіңдер» деп екі адамын жібереді. Олар сол жерге жақын бір төбенің басына шыға қап суды көріп өз көздеріне өздері сенбей дереу артқа қайтып, көргендерін ақсақалдарына жеткізеді. Олар бұлақ басына жеткенде сол жердегі күркеде бір əйелдің құндақтағы сəбиімен ғана тұрып жатқанын байқайды. Олар əйелден: – Біз де осы жерге келіп қоныстансақ деп едік. Осыған рұқсат етесің бе? – деп сұрайды. Ол: – Əрине, болады. Судан қалағандарыңша пайдаланыңдар. Бірақ түптің түбінде «су біздікі» деп таласпайсыңдар. Судың иесі мен, – деп жауап береді. Жархам тайпасы осылайша сол жерге шатырларын тігіп қоныс тебеді. Хазірет Ажар да олар келген соң жалғыздықтан айықты. Көп жыл өткен соң бұл жер қауым елге айнала бастады. Бұл – Ибраһимнің (а.с.) дұғасының қабыл болуының белгісі еді. Жархам – сол аймақтағы арабтардың тайпасы болатын. Хазірет Исмайыл өсе келе араб тілін үйреніп, сол тайпаның бір қызына үйленді.

 

 

«Пайғамбарлар тарихы»

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары