Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрбан болуға әмір етілген Исмаил ғана емес...
17 қаңтар, 2014 жыл 17 Басып шығару нұсқасы

Құрбан болуға әмір етілген Исмаил ғана емес...Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Егер бір қауым мәжіліс құрып, сол мәжілістерінде Маған (с.ғ.с.) салауат айтпаса, оларға бір қайғы бар, олар жәннәтқа кірсе де сауаптарын көрмейді», – деген.
Бір күні Жәбир (р.ғ.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Алла Тағала ең әуелі не жаратты?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «менің нұрымды» деп жауап беріп: «Ол кезде кеңістік те, жәннат та, тозақ та, аспан да, жер де, күн де, жындар да, адам да жоқ еді», – деді.
Алла Тағала Адамды (ғ.с.) жаратып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұрын маңдайына қойып «Мұхаммедтің (с.ғ.с.) атасы» деп шақырады. Неге бұлай шақырылғанын түсінбеген Адам (ғ.с.) Алла Тағаладан себебін сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Уа, Адам (ғ.с.) көтер басыңды», – дейді. Адам (ғ.с.) басын көтергенде Аршыда «Ахмет» деген жазуды көріп, «бұл кім?» деп сұрайды. «Сенің ұрпағыңнан шығатын пайғамбар. Көктегі есімі – Ахмет, жердегі есімі – Мұхаммед. Егерде ол болмағанда сені және басқа заттарды жаратпас едім», – дейді Алла Тағала. Сол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұры Адамнан (ғ.с.) бастап ұрпақтан ұрпаққа беріліп иесі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп қонады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әкесінің аты – Абдулла, ол Шәйбадан туады. Шәйба әкесі Хашимнен ерте жетім қалады. Шәйба Ясриб қаласында туады. Бұрынғы Медина қаласы осылай аталған. Бір күні Шәйба балалармен садақ тартып ойнап жүреді. Алайда, ешкім нысанаға дөп тигізе алмайды, тек Шәйбаның атқан жебесі нысанаға тура тиеді. Сол жердегінің бірісі: «Бәсе Хашимнің баласынікі тимегенде кімдікі тиеді дейсің» деп қалады. Оны балалардың ойынына қарап отырған сол жердегі үлкендер естіп қалып, Меккедегі Мутталибтің туысы екенін біледі. Меккеге барған сол жердегі біреуі Мутталибке жолығып, «Шәйбадай жүзінен нұры төгіліп тұрған баланы Мединеде қалғаны дұрыс па?» дейді. Бұл сөзден кейін Мутталиб Мединеге барып Шәйбаны Меккеге алып қайтады. Шәйба Мутталибтің үйінде өскендіктен оны елдер «Абдулмутталиб» деп атай бастайды. Шәйба ер жетіп өсіп, бір күні түс көреді. Түсінде бір дауыс «Ей, Абдулмутталиб, Тамибаны қаз!» дейді. Екінші күні тағы сол секілді түс көреді, онда «Барраны қаз!» деген дауыс естиді. Үшінші күні дәл сондай түсті тағы да көреді, онда «Зәмзәмді қаз!» дейді. Бұған түсінбей, таңғалған Абдулмуттолиб «Зәмзәм деген не?» деп сұрайды. Дауыс оған: «Зәмзәм» деген суы сарқылмас бұлақ, суы бүкіл қажылыққа жан жақтан келген адамдарға жетеді. Бұл қасиетті бұлақты Алла Тағала Исмаил (ғ.с.) үшін жаратты. Жәбірейіл (ғ.с.) қанатымен жерді ұрғанда пайда болған, адамдар үшін бұл суда шипа бар. Мен саған сол бұлақтын орнын көрсетем. Ертең адамдар құрбандықтарын шалып, қалдығын тастайтын жерге барсаң, тұмсығы қызыл қарға көресің. Сол қарға бір жерді тұмсығымен арши бастайды, сен сол жерді қаз!» дейді.
Ертеңінде Шәйба баласы Харисті алып Қағбаның жанына барып, қызыл тұмсықты қарғаны күтеді. Қарға ұшып келіп бір жерді арши бастағанда, Шәйба сол жерге жүгіріп барып қаза бастайды. Біраз қазғаннан кейін айтқандай-ақ бұлақтың көзіне жетеді. Әрі қарай қаза бастайды. Біршама уақыттан кейін Құрайыш руының адамдары келіп, жәрдем беруге ыңғайлана бастайды. Бірақ, Шәйба оларды қайтарып тастайды. «Бұл мәртебені Алла Тағала маған нәсіп қылды, сондықтан да араласпаңдар» дейді. Бұл сөзге ренжіген құрайыштықтар «бұл бұлақ біздің де бабамыз Исмаилдікі (ғ.с.). Сенің жалғыз-ақ балаң бар, көмектесейік» деп бір ғана баласы барын бетіне салық қылады. Олардың бұл сөзі жанына батқан Шәйба Алла Тағаладан он бала беруін сұрайды. «Егерде он бала берсең, иә Раббым, кішісін құрбандыққа шаламын!» деп ант береді. Бұлақтың көзін ашу үлкен дауға айналып бара жатқанын көрген Абдумутталиб халыққа қарап: «Білетін бір адамнан төрелік сұрайық», – деп ұсыныс айтады. Барлығы «Дамаск қаласында бір көріпкел тұрады, соған барып жүгінейік» деп жолға шығады. Дамаск қаласына бара жатқанда шөлде сулары бітіп шөлден өлетін жағдайға жетеді. Осылайша өлім аузында жатқанда Абдулмутталибтің түйесінің тұяғы астынан су шығады. Мұны көріп қуанған Абдулмутталиб барлығын шақырып алады. Мұндай ғажайыпқа таңғалған құрайыштықтар бұлақтың көзін кім ашу керектігін түсінеді. Бұл оқиғадан кейін Абдулмутталиб Мекке қаласының ең құрметті адамына айналады.
Уақыт өте келе Харистан басқа он ұл, алты қыз көреді. Олар Кусем, Абу ләхәб, Хажл, Муқауим, Дидар, Зубәйр, Абуталиб, Хамза, Аббас, Абдулла, Сафия, Атика, Уммухаким, Бәррә, Умәйа, Әруә.
Абдулмутталиб бір күні «уәдеңді орында» деген түс көреді. Таң ата құрбандыққа қой шалады. Келесі күні түсінде «қойдан бағалысын шал» дейді. Таң ата құрбандыққа сиыр шалады. Түсінде дауыс тағы да «сиырдан да бағалысың шал» дейді, сонда Абдулмутталиб «не шалайын» дейді, дауыс «балаңды шал» дейді. Балаларына түсін айтқанда балалары «әке уәдеңізді орындаңыз, біз Аллаға бой ұсындық» дейді. Абдулмутталиб балаларының бірісін таңдау үшін жеребе тастайды. Жеребе Абдуллаға түседі. Осылайша үш рет тастайды, үшеуінде де жеребе сүйікті баласы Абдуллаға түседі. Баласын құрбандыққа шаларға қимай, амалсыздан қолына пышақ алып, Абдулланы ерітіп Қағбаға қарай бет алады.
(Жалғасы бар).
Қарағанды облыстық орталық мешітінің найб имамдары:
Бекболат Зүлжаладдинұлы, Дархан Асылтайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары