Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сүлеймен пайғамбар таққа қалай келді?
18 қаңтар, 2014 жыл 55 Басып шығару нұсқасы

Сүлеймен пайғамбар таққа қалай келді?Бір хабарда Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) қартайып, өлімі жақындағанын сезіп, уәзірлерін жинап үлкен жиын өткізеді. Осы жиында өзінің патшалық тағына кіші ұлы Сүлейменнің отыратынын хабарлайды. Дәуіттің (ғ.с.) бұл шешіміне үлкен ұлы Баһшунқо қарсы шығып: «Үлкен ұлыңыз болғандықтан мені отырғызыңыз», – деп өзін ұсынады. Баһшунқоның жақтастары оны қолдайды. Сөйтіп, халық екіге бөлініп, ел арасы дау-дамайға ұласады. Дәуіт (ғ.с.) осы дауды шешпек болып дүние жүзінің данышпандарын ордасына жинап, «бес сұрақ дайындаңдар» деп бұйырады. Сосын сол бес сұрақты бес кісіге беріп: «Баһшунқо мен Сүлейменге жолдаңдар, қайсы сұраққа дұрыс жауап берсе, сол таққа отырады», – деп жар салады. Ол бес сұрақ мынандай еді:





  1. Не көп?




  2. Не аз?




  3. Не жақсы?




  4. Не жаман?




  5. Екі нәрсе бар: бірі болмаса, екіншісінен пайда жоқ?




Данышпандардың дайындаған бес сұрағын бес кісі алып, бірінші Баһшунқоның үйіне барады. Ол бұл сұрақтардың біреуіне де жауап бере алмай, сұрақтың жауаптарын білмейтінін айтып шығарып салады. Сосын олар Сүлейменнің үйіне келеді. «Ассалумағалайкум» деп келген қонақты «уағалайкумассалам» деп қарсы алып, дастархан басына отырғызады. Осы кезде Сүлеймен тағы да «уағалайкумассалам» деп жымиып, еш қобалжымастан отыра береді. Келген қонақтар Сүлейменнің бұл қылығын мазақ қылғандай көріп, ренжіңкіреп қалады. Сосын өздерінің келген мақсаттарын айтып, сұрақтарын қоя бастайды:





  • Не көп?




Сүлеймен (ғ.с.):





  • Әйел көп. Өсек, ғайбат және өтірік айтқан еркек әйел қатарында, – дейді.




  • Не аз?




Сүлеймен (ғ.с.):





  • Еркек аз.




  • Не жақсы?




Сүлеймен (ғ.с.):





  • Жақсы әйел.




  • Не жаман?




Сүлеймен (ғ.с.):





  • Жаман әйел.




  • Екі нәрсе бар: бірі болмаса екіншісінен пайда жоқ?




Сүлеймен (ғ.с.):





  • Ол сұлулық пен ақыл. Ақылың болмаса сұлулығыңнан еш пайда жоқ , – деп жауап берген екен.





Келген қонақтар жауабына қанағаттанып, Дәуітке (ғ.с.) болған жәйтті баяндайды: «Сұрағымызға дұрыс жауап берді, бірақ бізді менсінбей мазақ қылды», – деп реніштерін білдіреді. Дәуіт (ғ.с.) Сүлейменді шақыртады. Келген соң Сүлейменге: «Балам менің жіберген адамдарыма дастархан басында қайыра сәлем қайтарып, жымиып күліп мазақ қылған екенсің, бұл қылығыңды қалай түсінеміз?» деп сұрайды. Сонда Сүлеймен: «Осыдан біраз жыл бұрын мен мыңдаған әскеріммен жорыққа кетіп бара жатқанымда жолымызды кесіп өтіп бара жатқан бір топ құмырсқаларды көріп, әскерімнің алдын тоқтатып біраз кідіріп тұрып қалдық. Осы кезде «Иә, Алла, осы еш пайдасы жоқ құмырсқаны не үшін жараттың?» деп сабырсыздығымнан Жаратушыға тілім тиген еді. Кеше сіз маған бес сұрақпен бес кісі жібердіңіз, оларды жақсы қарсы алып сұрақтарына қалай жауап берем деп уайымдап отырған едім. Сонда дастархан басына бір құмырсқа келіп сәлем берді, оны менен басқа ешкім көрмеді. Мен оған «уағалайкумассалам» деп жауап қайтардым. Құмырсқа: «Ей, Сүлеймен, сен білесің бе қалың әскеріңмен өтіп бара жатқан жорықта Алла Тағалаға тіл тигізіп, «құмырсқадан еш пайда жоқ» деген едің. Мен сол құмырсқалардың басшысы болам. Сен бес сұраққа бола неге қиналып отырсың, елу сұрақ болса да мен жауап берер едім ғой», – деді. Сонда қуанғанымнан жымиып күлдім, мені кішкентай құмырсқаға тәуелді етіп қойған Алла Тағаланың құдіреті шексіз екен», – деді Сүлеймен. Осы кезде Баһшунқо келіп: «Мұнан өзге бес сұрақ болса, мен жауап берер едім», – деп наразылығын білдіреді. Дәуіт (ғ.с.) «енді не істеймін» деп отырғанда көктен Жәбірейл (ғ.с) түсіп: «Ассаламуғалайкум! Иә Алла елшісі, Алла Тағала сізге сәлем айтып мына бес сандықшаны жолдады, олардың ішінде сұрақ жасырылған, жауап берген ұлың таққа отырады», – деді. Сандықтағы сұрақтар мыналар еді:





  1. «Нәрсе» деген не?




2) «Нәрсе емес» деген не?


3) «Жарты нәрсе» не?


4 ) «Толық нәрсе» не?


5 ) Еш нәрсеге ұқсамайтын ол не?


Әдеттегідей бірінші Баһшунқодан сұрады, ол тағы да жауап бере алмады. Одан кейін Сүлейменнен сұрады, ол бірден сұраққа жауап бере бастады:





  1. «Нәрсе» деген – мұсылман Алла алдында орны бар адам.




  2. «Нәрсе емес» деген – Алла Тағалаға сенбейтін кәпір. Ондай адамның Алла алдында еш құны жоқ.




3 ) «Жарты нәрсе» деген ол – екі жүзді мұнафиқ.


4) «Толық нәрсе» деген ол – амалы түгел толық мұсылман адам.


5) «Еш нәрсеге ұқсамайтын» – өзі жаратқан жаратылыстың еш біріне ұқсамайтын Алла Тағала!


Осыдан кейін Баһшунқо өзінің жеңілгенін мойындап, Сүлейменнің алдында басын иеді.


Осылайша Сүлеймен (ғ.с.) әкесі Дәуіт (ғ.с.) дүние салғаннан кейін таққа отырып, Алла Тағаладан пайғамбарлық келіп, дүние жүзін билейтін ұлы патша болады. Жын-перілер де Сүлейменнің (ғ.с.) құзырына өтіп қызмет жасайды.




Арабшадан аударған:

Балқаш теміржолшылары мешітінің бас имамы Медет қажы Құралұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары