Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қай имамнан өнеге аласыз?
21 қаңтар, 2014 жыл 17 Басып шығару нұсқасы

Қай имамнан өнеге аласыз?Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын.


Кез келген адам баласының жаратылысында еліктеу деген қасиет болады. Яғни, бір тұлғаға қарап бой түзеп, соны үлгі тұтып, одан өнеге алуға бейім тұрады. Қоғам ішінде әр нәрсеге еліктейтін жандар бар. Мәселен, кейбір адамдар спортта, енді біреуі ғылымда, басқасы кәсіпте т.б. салаларда да өзінің идеалын тауып жатады.


Ал мұсылман үшін, мұсылман үшін ғана емес, барлық адамзат үшін үлгі боларлық тұлға ол – адамзаттың ұстазы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.). Жалпы адамдық принциптерден бастап, барлық өмір сүру қағидаларын кемеліне жеткізіп кеткен Әлемнің Рахым Нұрын темірқазық еткен жанның қос дүниеде де бақытқа қауышатыны кепілдендірілген.


Сондықтан да, оның ғибратқа толы өмір жолымен Аллаға қарай беттесек, рухымыз тек асқақтамақ. Мұғжиза болған Қасиетті Құран Кәрімнен кейін екінші ілімнің бұлағы саналатын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті 23 жылдың аясында бүкіл әлемге тура жолды көрсетіп, Алланың аманатын толығымен тәмамдап жеткізді. Адам ұрпақтарына өмірлік сынақтарда өзін қалай ұстау керектігін үйретіп, адамгершілікке, иләһи құндылықтарға тәрбиелеп кетті, тәрбиелей де береді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен кедейлікте қандай болу керектігін, бай-қуатты кезде адам өзін қалай ұстау керектігін де үйренуге болады.


Алла Елшісі (с.ғ.с.) үлгілі әке де, басшы да, тәрбиеші де, ұстаз да, жар да бола білді. Сондықтан да, Ол – қай қайсымызға болсын таусылмайтын тәрбиелік қазына. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры мен сүннеті әлі де шөліркеген мұсылмандардың шөлін қандыруда. Бірақ ешкім «Мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннет амалдарының негізіне жеттім, құндылықтарын толық менгердім» деп айта алмайды! Оның қазынасы сарқылмас қазына, түбі көрінбейтін тұңғиық.


Пайғамбарымыз өзінің (с.ғ.с.) өсиеттерінің бірінде былай дейді: «Алла (с.т.) Тағала менің айтқан сөздерімді өзгертпестен басқаларға жеткізген адамның жүзін жарық қылады» (имам Тирмизи, ибн Мажә). Сүйікті пайғамбарымыздың өнегелі хадистері (с.ғ.с.) әр ғасырда адамдарға жаңадан бір өнеге нәсіп етіп тұрады, яғни әр кезеңнің сұранысына жауап беріп тұрады. Мысалы, батыстың бір адамы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін оқып зерттесе, арабқа ашылмаған құнды нығметке ие болуы мүмкін. Ал енді шығыстың бір адамы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын жан дүниесімен оқып ізденсе, өзінің мінезіне лайықты таусылмас құндылыққа сөзсіз ие болады. Сол себепті Алла елшісінің (с.ғ.с.) бойынан алынатын рухани тәрбиелер, әр адамның болмысына лайық келеді.


Кейбір адамдардың сөздері, біреулерге ұнауы мүмкін, басқаларға жақпауы мүмкін. Ал енді бір ғалымдардың сөздері көпшілікке ұнаса, қалған ғалымдардың сөзі көңілдерінен шықпауы мүмкін, әр адамдардың пікірі әртүрлі. Ал мейірім ретінде жіберілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеттері баршаның жүректерінде бірдей орын алып, тыныштық нәсіп етеді. Алла (с.т) кейбір адамдардың тәкәпарлығына сәйкес жүректерін бекітіп қояды, Алланың жалғыздығына, пайғамбарлыққа иман келтірмеген жандар сол ақиқат нұрынаң махрум қалады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) болмысы адамзатты неге үйретеді? Ол адамды зерттеуге, ілім алуға, яғни ақиқатты іздеуге үндейді.


Алла Тағаланың (с.т) мейірімі сонша, өз құлдары арқылы әр ғасырда, сол қоғамға лайық болған нығметін жіберіп тұрады. Мысал ретінде келтірсек: мұсылман ғалымдарының бас қосуында, қазіргі таңда болып жатқан бүлікке қатысты ғалымдардың пікірін сұрайды, сонда бір ғалым көбісі мән бермеген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен мына бір оқиғаны еске түсіреді. «Бірде пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Ей, Мұхаммед қарызымды қайтар, сен және сенің руың бану Хашим басқалардан еш айырмашылықтарың жоқ, алған қарызды уақытында қайтармайсындар», – дейді. Сол кезде мұны естіп тұрған Омар бин Хаттаб (р.а): «Иә Расулалла, рұқсат етіңіз мына адамның сазайын тартқызайын?», – дейді. Бұған Алла елшісі (с.ғ.с.) Омардың (р.а) бетіне күлімдеп қарап, өте жұмсақ түрде: «Сен керісінше оған «қарызыңды сұрасаң, өте сыпайы түрде сұра» деуің керек, ал маған қарызды өз уақытыңда қайтаруымды ескертуін керек еді» деп ескертеді. Демек, біз бұл оқиғадан жақсылық істеуді, адамдарды ауызбіршілікке шақыруды және адамдарға бірдей қарауға, яғни қоғамда теңдікті сақтауға үйренеміз. Құрметті оқырман осы бір оқиға пайғамбарымыздың өмірінен болған! Мұсылманның өмірлік қағидасының өлшемі, нақтырақ айтсақ, жақсылыққа және ауызбіршілікке үндейді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннеттері өмірдін әр саласын қамтиды; дәретханаға кіру әдебінен бастап, намаз, қоғаммен қарым-қатынас, отбасын тәрбиелеу секілді жайттарды да қамтып кеткен. Алланың мейіріміне ие болам деген жан пайғамбарымыздың әр сүннетін құрметтеп, шама келгенше амалға асырып, барлық өсиеттерді толығымен бойына сіңірсе, осы өмірде және ақыретте жүзі жарық болатыны сөзсіз.


Бірде имам аш-Шафий, имам Ахмад ибн Ханбалдың үйіне қонаққа барып, сол үйде қонып қалады. Сонда имам Ахмадтың қызы таңғалып: «Сондай ұлы ғалым түнгі намазды неге оқымады екен», – деп әкесінен сұрайды. Имам аш-Шафий: «Мен осы түні бір хадиске ой жүгіртіп, сол хадистен 70-ке жуық шариғи үкім шығардым», – деп жауап берген екен. Ол хадистің мәтіні кішкентай баланың көңілі жайында еді. Бірде Алла елшісі (с.а.у) көңілі түсіп кеткен кішкентай баланың қасынан өтіп бара жатып, баланың қолындағы өліп қалған торғай жайында сұрайды: «Иә, Абу Умайр, торғайыңа не болды?», – деп, көңілін жұбатады. Имам аш-Шафий осы хадистен көптеген шариғи үкімдер шығарады, соның бір-екеуін келтірсек: Кішкентай балаларға еркелетіп, оларға есім қою, көңілі түскендердің көңілін аулау және де барша тірі жаңға мейріммен қарау секілді үкімдерді шығарған. Қазіргі таңдағы зертеулерге қарасақ, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен жүру, амалда берік болу арқылы сол жерге тыныштық бейбітшілік алып келеді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ұстаз, тәрбиеші, адамның жаның емдеуші, керемет отағасы, аяқ басқан жерінде тыныштық әкелетін болған. Ислам дінінің қағидасымен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен өмір сүрген қауым ақиқаттан адаспайды, адам баласының денесіне қуат, жанына тыныштық береді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірбаяны жайында ой-жүгірту, жан дүниеңмен жақсы көру, онымен өмір сүру адамның рухын қанағаттандырады, себебі сүйікті пайғамбарымыз Алланың бірлігіне, мейріміне қауышып, келетін азабынан құтылуға шақырады.


Абу-Дарда (р.а) өз сөзінде: «Бір сағат Алланың (с.т) нығметтеріне ой жүгірту, шүкіршілік білдіру – түнгі намаздан жақсырақ», – деген.


Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы:


Жарімбетов Мұхит

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары