Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Cалауат айтудың артықшылығы
10 ақпан, 2014 жыл 980 Басып шығару нұсқасы

Пайғамбарымызға (с.а.у.)  салауат айтып, сәлем жолдаудың  артықшылығыАрдақты елшіміз Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) аты аталғанда Оған (с.а.у.) салауат айтып, сәлем жолдау – әрбір мұсылманға міндет болып саналатын істердің бірі. «Салауат» сөзі араб тілінен енген сөз, қазақ тілінде «кешірім, дұға, береке, мадақ, намаз» деген мағыналарды білдіретін болса, «сәлем» сөзі қазақ тілінде «Жаратушы Жаббар Иенің амандығы, тыныштығын» тілеуде қолданылады. Салауат айтудың маңыздылығы мен артықшылығы Құран мен Пайғамбар (с.а.у.) хадистерінде көп айтылған. Құран Кәрімде Аллаһ Тағала: «Аллаһ пайғамбарына рақым етіп абыройын жоғарылатады, дәрежесін көтереді. Періштелерде соны қалап дұға етеді. Уа, мұсылмандар, сендер де расулаллаһқа салауат айтыңдар, сәлем жолдаңдар!», –дейді. («Әзһаб» сүресі, 56-аят) Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Маған бір рет салауат айтқан кісіге Аллаһ Тағала он сауап жазады», – деген. Демек, әрбір айтылған салауат Жаратушы құзырында он есеге артады. Ғаламның рақым нұры, ардақты елшіміз тағы бір сөзінде: «Қай жерде болсаңдар да, маған салауат айтыңдар. Расымен, айтқан салауаттарың маған жетеді», –деп, айтылған салауат пен сәлемнің зая кетпейтінін айтқан болса және бір Тирмизиден жеткен хадисінде: «Менің атым аталғанда маған салауат айтпаған нағыз сараң адам»,– деп, мұсылмандарға салауат айту керек екендігін ескертіп кеткен. Ғалымдарымыз әрбір мұсылман баласына өмірінде бір рет салауат айту парыз, ал Оның (с.а.у.) атын естігенде, жазғанда, оқығанда салауат айту алғашқысында уәжіп те, кейін қайталау сүннет.
Асылында, пайғамбардың (с.а.у.) өнегеге толы өмірбаянын оқыған адам оның үмметі үшін істеген істеріне, оның Аллаһ Тағалаға деген кіршіксіз құлшылығына, үмметіне деген махаббатына көз жеткізе отырып оған еріксізден салауат айтып, сәлем жолдары сөзсіз. Негізінен, пайғамбар (с.а.у.) өзіне салауат айтқызуға мұқтаж емес. Керісінше, біз Аллаһ алдында оның сүйікті елшісіне салауат айту арқылы өзіміздің мәртебемізді жоғарылатып, Аллаһтың кешіріміне бөленеміз. Себебі, жәй айтылған дұғадан гөрі салауаттың қабыл болу ықтималдығы басымырақ.
Салауат айтудың пайдалары
Мүмин адам қандайда бір мәселеде бір нәрсені ұмытып қалса, салауат айту оның сол нәрсені еске түсіруіне септігін тигізеді. «Айтайын деп тұрған нәрсесін ұмытқан адам сол нәрсені есіне түсіру үшін маған салауат айтсын» (хадис).
Әрбір айтылған салауатқа Аллаһ Тағала он сауаптан береді. «Маған бір рет салауат айтқан кісіге Аллаһ Тағала он сауап жазады» (хадис).
Аллаһ сүйіктісіне салауат айту оның кешірімі мен рақымына бөленуге себеп болады.
Салауат айтқан адам қиямет күні пайғамбардың (с.а.у.) шапағатына бөленеді. Әбу Дәрдадан (р.а) жеткен хадис-шәрифте пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдайтын болса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді». Керісінше, салауатқа сараңдық қылған кісі шапағаттан құр қалуы мүмкін.
Салауат айту ұнамды болатын орындар мен уақыттар
Азан айтылған кезде азаншының сөздерін қайталап болған соң артынша салауат айту. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Егер азан естіген болсаңдар, дереу азаншының сөзін қайталап отырыңдар да артынша маған «Аллаһуммә салли алә Мұхаммадин уә алә али Мұхаммад, кәмә саллайтә алә Ибраһимә уа алә али Ибраһим, иннакә хамийдун мәжийд» деп салауат айтыңдар…» деген.
Дұғаның алдында және соңында салауат айту. Негізінде, әрбір дұға етуші адам әуелі Аллаһқа мадақ айтып, екінші Оның пайғамбарына (с.а.у.) салауат айтып, сонан соң барып өз қалағанын сұрап артынан тағы да пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтуы керек. Пайғамбарымыз бұл жөнінде былай деген: «Екі салауат арасында айтылған дұға міндетті түрде қабыл болады».
Жұманың күні мен түнінде салауатты көбірек айту.
Оның аты аталғанда, жазылғанда және атын естігенде салауат айту. Бұған пайғамбарымыздың (с.а.у.) Тирмизиден жеткен мына бір хадисі дәлел: «Менің атым аталған жерде маған салауат айтпаған адам оңбай кетсін».
Таңғы және кешкі уақыттарда салауатты көбірек айту. Бұл жөнінде ардақты сахаба Әбу Дәрда (р.а) ақиық елшінің (с.а.у.) мына бір хадисін жеткізеді: «Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдайтын болса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді».
Мешітке кіргенде және шығып келе жатқанда. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мешітке кірерде «бисмиллаһ, алхәмдулиллаһ, уәс сәлату уәс сәләму алә расулиллаһ, Аллаһуммәғфирли зәнби уәфтәх ли әбуәби рахматик» деп және шығарда «бисмиллаһ, алхәмдулиллаһ, уәс сәлату уәс сәләму алә расулиллаһ, Аллаһуммәғфирли зәнби уәфтәх ли әбуәби фадлик» деп айтыңдар», –деген.
Жаназа намазының екінші тәкбірінен кейін және парыз бен нәпіл намаздарының соңғы отырыстарында «саләтуль Ибраһимия» деген мәшһүр салауатты айту. (Аллаһумә салли алә Мұхаммадин уә алә али Мұхаммад, кәмә саләйтә алә Ибраһимә уә алә али Ибраһим, иннакә хамийдун мәжийд. Аллаһумә бәрик алә Мұхаммадин, уә алә али Мұхаммад кәмә барәктә алә Ибраһимә уә алә али Ибраһим, иннакә хамийдун мәжийд)
Салауаттың түрлері
Ардақты пайғамбарымызға (с.а.у.) айтылар салауаттың түрі өте көп. Олардың кейбірі пайғамбар (с.а.у.) хадистерінде келген болса, ал кейбірін сахабалар мен табиғиндер айтқан. Сонымен қатар, Ислам ғұламалары жаңа заман ғалымдарының да айтқан салауаттарын дұрыс деп есептейді. Солардың ішіндегі абзалдығы мен үлкендігі жағынан жоғарыда айтып өткен танымал «салатуль Ибраһимия» салауаты болатын болса, қысқа салауатқа мағынасы Құраннан алынған «Аллаһуммә салли алә Мұхаммадин уә сәллиму таслимә» салауаты жатады. Және де бұған қоса ғалымдарымыз қазіргі заман ғұламалары айтып жүрген салауат пен әркімнің өз тілінде айтатын мысалы, қазақ тілінде «оған сансыз салауаттар мен сәлем болсын» деген салауаттардың да дұрыс екенін айтқан.
Мәшһүр салауаттар мен олардың қазақша мағынасы
«Аллаһумә салли алә Мұхаммадин уә алә али Мұхаммад, кәмә саләйтә алә Ибраһимә уә алә али Ибраһим, иннакә хамийдун мәжийд. Аллаһумә бәрик алә Мұхаммадин, уә алә али Мұхаммад кәмә барәктә алә Ибраһимә уә алә али Ибраһим, иннакә хамийдун мәжийд». (Уа, Аллаһым, Ибраһимге және оның отбасына салауат еткеніңдей (мейірімің мен разылығыңа бөлегеніңдей) пайғамбарымыз Мұхаммедке және оның отбасына салауат еткейсің. Расында, сен әртүрлі мадақ пен мақтауға лайықсың әрі ұлысың. Уа, Аллаһым, Ибраһимге және оның отбасына береке бергеніңдей Мұхаммедке және оның отбасына да береке бергейсің. Расында, сен әртүрлі мадақ пен мақтауға лайықсың әрі ұлысың.)
Салла Аллаһу алейһи уә саллам (Аллаһтың оған салауаты мен амандығы болсын).
Алейһи афдалас салати уә әзкас сәләм (Оған ең жақсы салауат пен ең жақсы сәлем болсын)
Аллаһуммә салли уәс саллим алә Мухаммад уа алә алиһи уа асхабиһи ажмаиин (Уа, Аллаһым, Мұхаммедке және оның отбасы мен асхабына салауат етіп (мейірімің мен разылығыңа бөлегеніңдей), амандық бергейсің.
Осынау мәуліт айында салауатты көбейтуімізде ғаламның рақым нұры, ардақты елшімізге (с.а.у.) үмметі ретінде көрсеткен құрметіміз болып саналары сөзсіз. Сондықтан салауат айтуды төңірегіміздегі жақын туыстар мен дос-жарандарға да насихат етуді ұмытпайық. Балаларымызды ардақты Елшіміздің (с.а.у.) кіршіксіз пәк өмірбаянымен таныстыру арқылы олардың жүрегінде Хақ сүйіктісіне деген махаббаты оятуға ұмтылып, оларды Оған (с.а.у.) салауат айтудан жарыстырып, артынан сыйлықтар беріп өскелең ұрпақты да жақсылыққа баулысақ нұр үстіне нұр болмақ! Жаратушы Жаппар Иеміз осынау қасиетті айда өзінің сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедті (с.а.у.) көбірек танып, Оған (с.а.у.) көбірек салауат айтуды нәсіп еткей! Әмин!


Нұра аудандық мешітінің баспасөз қызметі





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары