Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«Валентин» екі туып бір қалғанымыз ба?
14 ақпан, 2014 жыл 11 Басып шығару нұсқасы

«Валентин» екі туып бір қалғанымыз ба?Заман мен адамның, он сегіз мың ғаламның, күллі ризық тағамның иесі шексіз ұлық, кемшіліктен пәк, әуелгі мен ақтықтың иесі Алла Тағалаға өзі қалағандай мақтаулар болсын. Оның сүйікті әрі ардақты құлы һәм соңғы елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын!


«Заманың қандай болса, әлбетте бөркің сондай» деген нақылды дана халқымыз бекер айтпаса керек. Заманына сай адамы болу қашан да заңдылық екендігі әмбеге аян. Уақыттың үнін тап басып, ағымына бейімделе білуді бірінші кезекте талап ететіндігіміз түсінікті. Дегенмен бүгінгі әлемдік жаһандану үрдісі құлашын кеңге сермеген мынау заманда қандай да болмасын барлық жағдайдың байыбына бармасақ, аяғымызды аңдамай басып әттең-айлап, сан соғып қаларымыз анық. Әрбір нәрсенің бүге-шегесіне шейін тексеріп, яғни жеті рет өлшеп бір рет кесіп әбден ой елегінен өткізіп, әсіресе мынау төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп келе жатқан Батыс елінің мәдениетінен бойымызды аулақ ұстап, қай қоғамда болмасын ұлт болашағы болған жалындаған жастарымызды қызғыштай қорғауымыз әрбір саналы адамзаттың міндеті.


Сол бір аты шулы даудың басы «Дайрабайдың қара сиыры» демекші елімізде сыныққа сылтау болған мән-мағынасы жоқ көп мерекелердің бірі, тіпті жастар үшін адамзатты азғындыққа ұшырататын мерекелердің ішіндегі шоқтығы биігі – Әулие ме? Қасиетті ме? «Валентин күні» жоғарыда атап өткен жаһандану үрдісінің бір бөлшегі екендігі ащы болса да шындық. Соңғы жылдары елімізде осы мерекені, әсіресе жастар арасында атағынан ат үркетіндей етіп тойлап жүрміз десек қателеспеспіз. Міне, көзді ашып жұмғанша араға бір жыл салып қылышын сүйреткен қаһарлы қыспен бірге мысық табандап осы мереке тағы келіп жетті. Бұл мереке исі мұсылман қауымына соның ішінде қазақ халқының әдет-ғұрпымен, салт-дәстүріне тіпті діни көзқарасына да үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, қайдан пайда болғандығын ойлап бас қатырып жүргендер бар ма екен? Қылышынан қан тамған қызыл империяның жұрнағы кеңес Одағы құласымен, Ресейдің БАҚ құралдары арқылы елімізге тарап кеткен христиан дінін ұстанатындардың діни мерекесі екендігін біреу білсе біреу білмес. Бүгінде «әулие валентин» күнінің кең таралуына халқының көбі христиан алып ел Ресейдің өзі алаңдап отыр. Еуропа ХІІ ғасырдан, АҚШ 1777 жылдан, Ресей 1990 жылдардың басынан тойлайды. Осы жерде біздің елдің жастарына сонау Еуропаның тарих қойнауында қалып қойған аты да заты да белгісіз валентинді мадақтау неге керек болды екен деген заңды сұрақтың туындайтыны ақиқат. Дүниенің төрт бұрышына құдды бір әкесінің үйінде жүргендей алшаң басып еркін тараған жат діннің, өзге мәдениет пен өркениеттің, басқа салт-сананың мерекесі сол елдердің тірегі болған қылшылдаған жастарының жүрегін жаулаған «Валентин» деген кім өзі? Бізді қойшы бұл күндері христиан ғалымдары осы тақырыпта бір-бірімен қызыл кеңірдек болып қырқысып толық шешімге келе алмай жүргенде айдаладағы бізге сол мерекені әдемілеп, әспеттеп бір-бірімізді ынты-шынтымызбен жарыса қуанып құттықтауымызға жол болсын ағайын. Тарихшылардың тұспалдауынша ежелгі христиандардың аңыз-ертегілерінде бір емес, үш бірдей Валентин болғандығы мәлім. Осы үшеуінің өлімі ит азаппен, қорлықпен зорлық көрсетіліп қыршын қиылған. Дерек көздерге сүйенсек римдіктерде 14 ақпан махаббат тәңірі Юнон мерекесі. Жоғарыдағы үш боздақ Валентиннің бірінің ажалы 269 жылы 14 ақпан, ату жазасы еді. Міне, осылайша «Іздегенге сұраған»,-демекші бір-бірімен байланысып мереке болып жарияланып кете барған. Бұл мереке батыстың бізді жан-жақты жаһандану тәсілімен жаулап алу саясатының бір тармағы. Егер мұны байыппен, сау ақылмен тарқатып қарасақ астарында адам мен қоғамды аздыруға, рухани және ұлттық құндылықтарды жоюға т.с.с арналғандығы айқын. Өкінішке орай дәл қазір біздің қоғам іші-бауырымызға кіріп бара жатқан індетті селт етпестен қасқайып қарсы алудамыз.


Діндердің ішіндегі ұлығы, хақ Ислам дініміз жалған мерекеге бір сөзбен айтқанда үзілді-кесілді қарсы. Мұсылман ғұламаларының пікірінше «әулие валентин» мерекесі пұтқа табынушылықтың белгісі іспеттес. Мұны тек біз емес, Батыстың беткеұстар ғалымдарының өзі мойындап отыр. Өйткені мұнда балгерлік, сәуегейлік сияқты дін шеңберінен тыс әрекеттер орын алады. Мәселен, адамдардың әр түрлі заттарға сеніп оған табынып, оның нұсқауымен екінші жартысын табуға тырысуы. Нәпсіні қоздыратын тағамдар мен ішімдіктер де Исламға жат, әрі харам болып есептеледі. Алайда бұл түрлі-түсті көңіл көтеру асыл дініміздің қағидаларымен, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы насихаттап келген рухани құндылықтарымен сәйкес келмейді. Мұсылман адам махаббат сезімін біреуге білдіру ісіне селқос қарамауы керек. Ол өзінің жүректен жарып шығатын ыстық сезімін болашақта отбасын құруға және өзінің адал жарына сақтауы тиіс. Ислам дінінің шариғатында өзге діндердің әсіресе тәлім-тәрбиесі жоқ мерекелерін атап өтуге жол жоқ. Бұған бұлтартпас дәлел ретінде қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде: «Әй мүміндер! Сендерден бұрын Кітап берілгендерден діндеріңді сайқы-мазаққа алып ойыншық еткендерді дос тұтпаңдар және кәпірлерді де дос көрмеңдер. Егер мүмін болсаңдар, Алладан қорқыңдар» (Мәида сүресі 57-аят). «Олар өздері қарсы болғандай, сендердің де қарсы болып, бірдей болуларыңды қалайды» (Ниса сүресі 89-аят) делінген.


Ал, ардақты да сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі», - дегеніне сүйенсек бұл мерекеге қандай рұқсат болуы мүмкін? Егер Алла бізге бір нәрсені тыйым салса, міндетті түрде одан абзалын береді. Алланың елшісі былай дейді: «Алла сендер үшін олардан да абзал болған Құрбан және Рамазан айт күндерімен алмастырды». Бүкіл жаратылыстың Раббысы осы екі мерекені ең абзал күндер деп атаған екен, ой-санасы түзу, Аллаға және Оның пайғамбарына итағат еткен адам осы екі атаулы күнді ғана мереке ретінде қабылдап қалғандарынан қол үзсе нұр үстіне нұр болар еді. Біздің елімізде өмір сүріп жатқан христиан және басқа дін өкілдері біздің осы екі төл мерекемізді тойлағанын көрдік пе? Әрине жоқ. Олай болса неге біз олардың мерекесін тойлауымыз керек? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде Алланың және Оның елшісі бергендерді алып, тыйым салғанынан тыйылайық ағайын!


Аташев Айбек
Дінтанушы


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары