Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ершат Оңғаров: Ұстазыңыз интернет емес, имам болсын
14 ақпан, 2014 жыл 25 Басып шығару нұсқасы
[caption id="attachment_4396" align="alignleft" width="300" caption="Ершат Оңғаров, ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі"]Ершат Оңғаров: Ұстазыңыз интернет емес, имам болсын[/caption]

– Ершат Ағыбайұлы, соңғы жылдары, әсіресе тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жастар арасында дәстүрлі дінімізге деген түсінік мың құбылған сыңайлы. Діни басқарманың өкілі ретінде, төл дініміз жайында нақты және тереңінен әңгімелеп беріңізші.
– Қазақ жеріне ислам дінінің келгеніне, қанат жайғанына он екі ғасырдан астам уақыт өткенін тарихтан білеміз. Осынша уақыт бойы мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен және ұлттық менталитетімізбен біте қайнасқан ислам бүгінде дәстүрлі дінімізге айналғаны рас. Сондықтан қазақ халқының исламды ұстану жолы біреу, ол – ислам діні. Оның негіздері өзгермейді, бұлтармайды һәм тұрақты. Яғни, реформаланбайды. Ал, адам ағзаларын ауыстыру, донорлық, пластикалық ота жасату, несие карталарын қолдану сияқты т.б. кейбір мәселелер заманның талабына сай пәтуалана береді.
Неге дәстүрлі деп атаймыз? Өйткені, бабаларымыз исламды географиясына, салт-дәстүріне, менталитетіне сай келетінін түсінді. Діннің қағидалары, яғни шариғат жақсы істерге әркез рұқсат етеді ғой, тек құраннан, хадистен тыйым салынбаса болғаны. Әйтпесе, харам, мәкрүх болып кетеді. Сондықтан, ислам – кез келген халытың әдет-ғұрпына қысым жасамайтын, барлық уақытқа, кезеңге арналған сондай ауқымы кең дін. Жаңа айтқанымдай, белгілі әдеп-ғұрпы шариғат негіздеріне қайшы келмесе, оны қолдануға дін рұқсат береді. Мысалы, қазақ халқында жеті атаға жетпей қыз беріп, қыз алмау дәстүрі бар. Тектілікті осылай сақтау исламға дейін болған дәстүр. Ал мұны асыл дініміз де қолдады. Неге? Өйткені, қанның араласпауын сақтаған жөн, қан жақындығынан болатын аурулардың алдын алған дұрыс. Бұл турасында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) «Қалыңдығың алыстан болса, әсілі, туыстық болмаса (қанның сақталуына жақсы) қайырлы» дейді. Демек, жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алмау исламға қайшы келмейді. Міне, дәстүрлі дін дегеніміз – халықтың салт-дәстүрімен сабақтасқан исламның таза формасы. Сол сияқты жеті шелпек жасап садақа ретінде тарату, үлкенді құрмет қылып төрге шығару, келіннің құрмет ретінде ата-енесіне иіліп сәлем салуы ислам қағидаларына қайшы келмейді.
– Төл дінімізді, баба ұстанымын бүгінгі буынға насихаттау, жеткізу бағытында қандай шаралар қолға алынуда. Өйткені, тотолитаризмнің үстемдігі бұл ұрпақ тұрмақ, аға буынды да дінсіз еткені рас қой.
– Иә, аталарымыз ардақ тұтқан Алланың дінінен алшақтап қалғанымыз ащы шындық. Қазіргі діни ахуалдың күрделене түсуі сол отарлық саясаттың салдары. Сондықтан, исламды кеңінен насихаттауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше бағытта жұмыс істеуде. Біріншіден ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» кітабы оқырмандарымен қауышты. Сонымен қоса «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» атты өзімнің кітабым жарық көрді. Бұл дегеніміз алдағы уақытта уағыз-насихат дін мен дәстүр сабақтастығынан бастау алады деген сөз. Сөзімізді сабақтай түссек, мешіттердегі жұма уағыздарының, күнделікті дәрістердің 80-90 пайызы қазақ тілінде, шамамен 10 пайызы орыс тілінде жүреді. Мәселен, Әзірет Сұлтан, «Нұр-Астана», Алматы орталық мешіттерінде, Павлодар, Қарағанды құлшылық орындарында насихат жұмыстары жамағаттың қажетіне қарай орыс тілінде өтеді. Өйткені, ислам дінімен әуестенетін контингенттің шамамен 80 пайызы жастар, ал жастардың басым көпшілігі уағызды орыс тілінде тыңдағанды жөн көреді. Жат ағымның жетегінде кеткендердің де көпшілігі орыс тілділер. Сондықтан да осы тілдегі уағыз-насихатты жандандырудамыз.
Ақпараттық кеңістікте де жастарды дәстүрлі дінге шақырамыз. «Facebook», «mail.agent», «ВКонтакте», «Twitter», «Google», «You tube» сынды әлеуметтік желілердегі насихаттарымыз оң әсерін беруде. Дәстүрлі ислам тағылымын дұрыс, әрі заманға сай формада ұсына алуымыз басты назарда тұр. Мәселен, жұма уағыздары жарты сағат айтылады. Біз оны ресми сайттарымызда, әлеуметтік желілерде бұқара халыққа ұсынамыз. Ал 30 минут уақыт жастардың ішін пыстырады, тыңдай алмайды. Сондықтан біз уағыз-насихатты қысқа формада жеткізуді, әр тақырыпқа бейнероликтер түсіруді немесе жұмада айтылатын уағызға бейнеанонс жасауды қолға алдық. Бүгінгі буынды дәстүрлі дінге баулуға арналған мативациялық ұрандар дайындаудамыз. Исламдағы құндылықтарды қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін сабақтастыра отырып, инфографика шығару да ойымызда. Мысалы, арақ ішу – қазақ мәдениетінде болған емес. Бұл – бізге социалистік дәуірмен келген үрдіс. Енді осыны «Арақ – атаңнан қалған ас емес» деп арғы жағына жағымсыз суреттерді қою арқылы инфографика жасадық. Онда бөтелке, бөтелкенің үстінде адамның суреттері қойылған. 150 грамм ішкен кезде ол «қызады», киімдерін шешіп тастаған эволюция кейін қарай, маймылға айналып бара жатады. 400-500 грамм ішкен кезде маймылдан өтіп, 700-800 грамм ішкенде доңыз хәліне түседі. Осыны «Facebook»-тағы парақшамызға ұсынғанымызда, бір сағаттын ішінде жақсы рейтинг жинады, қаншама бөлісулер болды, желіде көрермендер өз пікірлерін қалдырды.
– Әлгінде ғана мешіттердегі діни насихат жұмыстарының дені қазақ тілінде, 10 пайызы орыс тілінде дедіңіз. Сонымен бірге жастар мен теріс ағымға түскендердің көпшілігі орыс тілді екенін де жеткіздіңіз. Осы тұрғыдан келгенде, орыс тілді аудиторияның мәселесі қаншалықты оң шешімін табуда?
– Діни басқарма осы мақсатта 30 теологтан тұратын республикалық ақпараттық-насихат тобын құрды. Оның үштен бірі, яғни, 30 пайызы орыс тілде сөйлей алатын мамандар. Бұлар республикалық деңгейде болғандықтан, елішінде шалғай жатқан ауылдарға сапарлайды, уағыз-насихат айтады. Астанада өткен жылдың желтоқсан айының ішінде 8900 адамды қамтыған кездесу өткізді.
Жергілікті студенттермен, жастармен жұмыс істейтін уағыз-насихат топтары да бар. Мысалы, Астанада 14 имамнан тұратын 3 топ, Алматыда 38 имамнан тұратын 14 топ жұмыс істейді. Олардың ішінде де орыс тілін меңгерген имамдар бар. «Нұр-Астана» медрессесінде де орыс тілді топ ашуды күн тәртібіне қойдық. «Нұр-Мүбәрәк» университетінде де орыс тілді топтар жоқ, оны да қолға алу керек. Шындығында, бізде орыс тілді мамандар тапшы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малқажыұлы биылғы жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялады. Осының аясында ислам құндылықтарын, қағидаларын дәстүрімізбен сабақтастыра отырып насихаттау қолға алынған. Бұл бағытта 3 міндетке басымдық беруді талап етті. Біріншісі – қайырымдылық шараларын көбейту. Өйткені, жастарымыздың дені өзге ағымға әлеуметтік жетіспеушіліктен, қиындықтан ереді. Адасқан бауырларымызды төл дінімізге қайтару мақсатында қайырымдылық шараларын жиілету керек. Екінші – уағыз-насихатты күшейту, үшінші – жат ағымдардың алдын алу. Дін қызметкерлері мен қайраткерлер қазір осы жолда жұмыс істеуде.
– Исламның дәстүрлі емес ағымына қарай ойысқан жастарға қарапайым жамағат тарапынан қандай көмектер ұсынылғаны абзал?
– Адамның жаратылысы Құдайды тануға, тәңірге сүйенуге бейім. Кез келген жұмырбасты өзінің әлсіздігін сезгенде «О, тәңірім» деп Аллаға мінәжат етеді. Біз адасқан жастарға мешіттегі бекітілген имамнан кеңес алуымызға бағыт сілтеуіміз керек. Бәрімізді жаппай баурап алған интернет ешқашан ұстаз бола алмайды. толғандырған мәселеңнің жауабы Google-ден табылуы мүмкін, бірақ ол жауап сенімді болмауы тағы мүмкін. Сондықтан тек имамға немесе интернеттегі ресми сайттарға жүгінген жөн. Айталық, Қазақстан діни басқармасы – мұсылмандардың қара шаңырағы, оған қарасты 22 сайт бар, оларға күніне 19000 астам адам кіреді. Осы ресми діни сайттар ғана діни мәселелердің шешімін дұрыс, дәстүрлі исламға сай шеше алады.
Ұстазсыз берілген білім қалыпсыз құйылған кірпішке ұқсайды ғой. Өзіңіздің рухани ұстазыңыз мешіттің имамы болса, құба-құп. Діни басқарма бүгінде әр мешітте сауат ашу курстарын жолға қойды. Мұнда 6 жасар еңбектеген баладан, 60 жастағы еңкейген қарияға дейін білім ала алады.
– Әңгімеңізге рахмет!


Шарафат Рысбайқызы
e-islam.kz





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары