Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Рағайып түні
05 мамыр, 2014 жыл 3992 Басып шығару нұсқасы

Рағайып түніБиыл 30 – сәуір күні қасиетті ай – Ережеп айы басталды. Ал мамыр 1-нен 2-не қараған түні - рағайып түні. Рағайып түні – мұсылмандардың ең қасиетті түндерінің бірі. Яғни, ережеп айының алғашқы бейсенбі түні «Ләйләту Рағайып», яғни, «Рағайып түні» деп аталады.
«Рағайыптың сөздік мағынасы «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал рағибә «жауһар, құнды, бағалы, ихсан» мағыналарына келеді. Осыған байланысты «Ләйләту Рағайып» тіркесін «Жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түнді адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға мен кешірім тілеп, намаз оқыған.
Рағайып түні қасиетті Рамазан айының келетіндігін алғаш болып сүйіншілейді. Психологиялық тұрғыдан мұның зор мағынасы бар. Өйткені, мұндай психологиялық ауқымы кең, салмағы батпан қасиетті түнде адам руханият көгіне шығу үшін тыңғылықты рухани дайындық жасап, әрбір күндік құлшылықтарын, қайырлы істерін, жеке басының және отбасылық жауапкершілігін, қоғамдық ортадағы іс әрекеттерін ой елегінен өткізіп, өз - өзіне есеп береді. Сөйтіп, Рағайып түнін қастерлей білген адамның бойында жақсылық жасауға және жаманшылықтан аулақ болуға деген асқақ та асыл сезім орнайды.
Ережеп (Раджаб) айындағы қайырлы амалдардың, Алла разылығы үшін ұстаған оразаның ақысы ретінде жәннатта кереметтер тосатыны жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде былай дейді: «Шындығында жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде –кім ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады».
Ережеп айы - Исламдағы ұлық айлардың бірі. Алла Тағала Құран Кәрімде (Тәубе сүресі, 36-аят): «Тегінде, аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Алла Тағала айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі – (зу-л-қағда, зу-л-хижжа, мухаррам, ражәб) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар» деген. Аллах Тағала ережеп айындағы және рағайып кешіндегі құлшылық, дұғаларымызды, тұтқан нәпіл оразаларымызды қабыл еткей.


Осакаров ауданы «Тоқа Байғозы қажы» мешітінің бас имамы
Қанат Анасұлы





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары