Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жетімдерге Қамқорлық
19 тамыз, 2014 жыл 38 Басып шығару нұсқасы

Жетімдерге ҚамқорлықИслам үнемі жетім балаларға қамқор болуға, олардың ақысын жемеуге, бастарынан сипап желеп-жебеп жүруге бұйыратын дін. Сонау он екі ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан ата-бабамыз да «Жетім көрсең, жебей жүр» деп осы тәрбиені ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Құран кәрімнің көптеген аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерінде жетіммен қарым-қатынас жайы сөз болған. Мәселен, «Ниса» сүресінің 36-аятында Алла тағала жетімдерге қамқор болуды, Аллаға серік қоспай құлшылық ету, ата-анаға жақсылық жасаумен бір қатарда келтірген. Олай болса, мұсылман адам жетімнің жайын көп ойлап жүруі тиіс. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Жәннәттардың есіктерін алғаш ашатын мен боламын. Сонда менен озуға тырысып жүрген бір әйелді көремін, оған: «Саған не болды, сен кімсің?» – деймін. Сонда ол: «Мен жетімдерімнің басында отырып, күткен бір әйелмін» – дейді». Демек жетімді күтушілер жұмаққа алғаш кірушілерден болады. Сонымен бірге «Бір жетім дастарханда елмен бірге отырса, олардың дастарханына шайтан жоламайды.» деген де хадис бар.
Өмірде адамдардың тағдыры түрлі болып келеді. Кейде балалар ата-анасы өмірден ерте озып жетімдік көреді, кейде өз баласынан өзі жеріген безбүйрек әке-шешесінің тасжүректігінен осы күйге ұшырап жатады. Сондай түрлі жағдайлармен панасынан айырылған жетімдерге пана болу сауабы мол қайырлы іс екендігі даусыз. Ардақты пайғамбарымыздың айтуынша, «Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй, ішінде жетімі болып, оған жақсылық жасалатын үй, ал мұсылмандар арасында ең жаман үй, ішінде жетімі болып оған жамандық жасалатын үй.». Олай болса, кімнің үйінде жетім болса, оған жақсылығын аямай үйіп-төккені абзал. Пайғамбарымыз «ең қайырлы үй» деп бағалап отыр. Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй болу – үлкен жетістік екендігін ұмытпауға тиіспіз.
Бірде Пайғамбарымызға бір кісі келіп, өз жүрегінің қаттылығын білдірді. Оған Алла елшісі (с.ғ.с): «Жүрегіңнің жұмсауын, сөйтіп арманыңа жетуін қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер. Сонда жүрегің жұмсарады. Сөйтіп арманыңа жетесің.»- деді. Сондай-ақ хадистердің білдіруінше, «Тұл мен жетімдерге көмек еткен кісі – Алла жолында соғысқан немесе күндіз ораза ұстап, түндерде ғибадат еткен кісімен тең болады.
Алла елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадис шәріпінде былай деп айтқан: «Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиген әр шашы сайын жақсылық болады». Сондықтан болса керек Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларынан: «Бүгін неше жетімнің басынан сипадың»- деп ұдайы сұрап отыратын. «Егер кімде-кім жетім ұл немесе жетім қызға жаны ашып, қамқорлық жасаса, онымен жәннәтта осылай қатар боламыз деп сұқ саусағы мен ортан саусағын бірге көрсеткені де бар. Олай болса, кім жұмақта Алла елшісімен бірге болғысы келсе, жетімдерге жақсылық жасасын. Бұл айтылғандар жетімге жақсы қараудың сүйіншілері. Ал жетімді жылатудың күнәсі тіптен ауыр. Мысалы, жетімнің ақысын жеп, оның көз жасына қалғандар ауыр күнәға душар болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Жетімді жылатудан қатты сақтаныңдар, өйткені түнде адамдар ұйықтап жатқанда, олардың зары жүреді, ал таң сәріде Раббысына көтеріледі де, жылатушы үстінен шағым жасайды. Сонда Алла Тағала жылатушының тиісті жазасын береді. Сондықтан жетімнің жылауынан мейлінше сақтаныңдар.»
Енді еліміздегі жетімдер үйлері жайлы бір ауыз айта кетейік. Негізінде, жетімдер үйлеріне қайыр-көмек берген дұрыс іс. Алайда бәрінен дұрысы, жетімдіктің алдын алатын шараларға мән берген дұрыс. Жетімдер көбінесе, жастардың жеңіл жүрісінің нәтижесінде пайда болып жатқандығы да шындық. Қазір көшелерде боз балалар мен бой жеткендердің қол ұстасып, құшақтасып жүргенін көреміз. Сол құшақтасудың арты көп жағдайда күтілмеген балалардың пайда болуына, жетімдер санының көбеюіне соқтырып жатады. Олай болса, әрбір отбасында ата-ана өз ұл-қыздарын дұрыстап тәрбиелеуі қажет. Ал университет, мектеп ұстаздары мен тәрбиешілері шәкіртерге иман мен иба жайлы түсіндірме жұмыстарын көбейткені жөн. Сонда жетімдердің саны азаймақ. Жастардың жеңіл жүрісі тоқтамай, жетімдердің азаймасы да хақ.
Сөз соңында, айтарымыз, қалай дегенде де елімізде жетімдер аз емес. Сондықтан солардың хал-ахуалынан хабар алып, ас-тағамы мен дәрі-дәрмектеріне, өзге де қажеттіліктеріне қарасудың сауабы мол. Алла тағала жетімдерге қол ұшын беретін асыл азаматтардың санын арттырғай! Әумин!
Асылбек Ноғаев





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары