Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сұраусыз ешкім қалмайды...
03 қыркүйек, 2014 жыл 24 Басып шығару нұсқасы

«Кімде-кім тозаңдай жақсылық істесе,
жақсылығының қарымын сөзсіз алады.
Ал кімде-кім тозаңдай
жаманшылық жасаса,
ол соның жазасын тартады».
«Зилзал» сүресі


Сұраусыз ешкім қалмайды...Алла Тағала – күллі әлем мен жалпы жаратылыс атауына салтанатты патшалығын құрып, әр нәрсеге өзінің үкімін қабылдатып, билігін жүргізуші Ұлы Патша. Жаратылыстағы әр нәрсе Оның ілімінен тыс қалмайды. Әрбір іс Оның рұқсатынсыз жүзеге аспайды. Күллі әлем Осы Ұлы Патшаның мейірімінен алған нәрмен тыныс алып, тіршілік бетінде қалуда. Оның осы шексіз мейірім нұрынан өзінің нәсібін алған ақылсыз тауық та өз балапанын қорғау үшін жыртқыштардың аузына түсіп, жанын пида етуде. Осындай мейірімнің негізгі қайнар-бұлағы, құдіреті шексіз Ұлы Патша, өзінің бұйрықтарына қарсы шығып, ел ішіндегі әлсіздердің ақысын жеп, зұлымдыққа белшесінен батып, тайраңдап жүргендердің тиісті жазасын беріп, олардан әлсіздердің ақысын алып, иелеріне қайтармауы, әлсіз құлдарының мүддесін қорғамауы мүмкін бе? Залымдардың істеген істерінен есеп алмастан, оларды жауапқа тартпастан жібере салса, бұл ісі Оның салтанатты патшалығы мен әділетті билігіне әрі шексіз құдіретіне жарасар ма еді? Ал зұлымдық, әлсіздік сияқты нұқсан сипат – мейірімі шексіз Ұлы Жаратушыға жат сипат. Осылай бола тұра, мына жалған дүниеде залымдардың тиісті жазасы мен жақсылардың ізгі істерінің қарымы лайық дәрежеде беріле бермейді. Демек, сынақ үшін жаратылған мына уақытша дүниеден кейін ақыретте үлкен сот болмақ. Бұл соттың әділетті төрешісі Ұлы Жаратушымыздың өзі болып, сол жерде бәріне тиісті бағасы берілмек. Ендеше, барлық кемелдіктің шынайы иесі, патшалардың патшасы – Алла Тағала жақсыларға сауабын сыйлап, жамандарға азабын беріп, әділеттілігі мен шексіз құдіретін паш етуі үшін ақыретті жаратып, үлкен сот құруға тиіс. Иә, Алланың шексіз құдіреті мен қара қылды қақ жарар әділеті ақыретті, үлкен есеп күнінің жаратылуын қалайды.
Ұлы Жаратушымыз Құран Кәрімде:
وَنَضَعُ الْمَوَازِينَ الْقِسْطَ لِيَوْمِ الْقِيَامَةِ فَلَا تُظْلَمُ نَفْسٌ شَيْئاً وَإِن كَانَ مِثْقَالَ حَبَّةٍ مِّنْ خَرْدَلٍ أَتَيْنَا بِهَا وَكَفَى بِنَا حَاسِبِينَ
«Қиямет күні әділдік таразысын құрамыз. Ол жерде ешбір жан әділетсіздікке ұшырамайды. Істелінген іс бір хардал (қыша, орысша – горчица) дәнінің салмағындай болса да, оны таразыға әкеліп тартамыз. Есеп алушы ретінде біз жеткіліктіміз», – деп бұл дүниеде істеген әрбір ісіміздің ақыретте әділ таразымен тартылатындығын білдіреді.
Иә, ақырет сияқты екінші бір дүние жаратылмаса, мына дүниедегі көптеген түйіні қиын сауалдар жауапсыз қалмақ. Мына дүниеде сезіліп, байқалған көптеген әсем мағына баянсыз кетіп, күллі жаратылыс бейне бір мағынасы аяқсыз қалған түсініксіз кітап болмақ.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары