Құрметті мұсылман бауырлар! Құрбан айт мерекесі жақындап келеді. Алла Тағала шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін.
Құрбан шалу хижраның 2-ші жылында парыз болды. «Пайғамбарымыз қызы Фатимаға: Ей, қызым, тұр құрбандығыңа бар. Көріп тұр. Оның алғашқы тамған қанымен сенің барлық күнәң кешіріледі», - деді. Алла Тағаланың Құран кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»- деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз «Кімде –кім мүмкіншілігі бола тұрып құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», -деп бұйырған. Құрбан шалуды шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді.
Пайғамбарымыздың басқа да хадистерінде Алла разылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай сүйіншілеген: «Сахабалар Пайғамбарымыздан -Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не?-деп сұрады. Құрбандық сендердің Ибрахим(Ғ.С) бабаларыңның сүннеті,-деді. Одан бізге қандай сауап бар? Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар. – Қойдың жүнінен ше? –Қойдын жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады»-деген. Алла разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір Қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Хадисте былайша баяндалған: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол- Қылкөпірден өтердегі өз жеңілдіктеріңнің амалы.» Шындығында Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Құран кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді». Құрбан шалған адамның қойды өзі бауыздағаны жөн. Егер малды бауыздай білмесе немесе әйел адам болса, онда білетін біреуге бауыздатып өзі назарына алып жанында тұруы абзал. Ал енді құрбанға қандай мал
шалынады дегенге келсек, бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Әнәс деген кісі айтты (а.р.) Пайғамбарымыздың құрбан шалғанын көрдім. Мүйізі бар, жақсы екі қошқарды өз қолымен құрбан етті. «Бисмилла» айтып, тәкбір айтты және қойдың үстіне аяғын қойып бауыздады» - деді. Пайғамбарымыз құрбандыққа екі малды шалатын. Біреуін өзі үшін, екіншісін үмбеті үшін. «Менің намазымды, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Алла Тағалаға тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған төменде келтіретін аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқығаны абзал алғашқы болып бас иген де менмін» (Әнам сүресі,6/162-163)
* Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе «Иә,Алла Тағала досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады.
* Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс.
* Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи,Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).
* Құрбан еті үшке бөлінеді, біріншісі өзіне, екіншісі көрші-қолаңға, үшіншісі жетім-жесірге беріледі.
* Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.
* Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі.
* Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлуі керек. Малдың қанын ашық-шашық далаға қалдырмай,
көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.
Құрбандыққа шалынатын төрт түлік малдың қатарында:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет.Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі,қоңды болса құрбандыққа жарамды.Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет.Сиыр екі жасқа,түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық малдың дені сау,етті және дене мүшелері түгел болуы керек.Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла Тағаланың разылығына бөлену.
Ал енді құрбанды қай күні, қандай мезгілде шалатынына келсек, құрбан айт зулхижжа айының 10-күнінде басталады. Құрбандықты айт намазы оқылғаннан кейін шалады. Кейбір шариғат кітаптарында «Айт намазы оқылмай тұрып құрбандық шалуға да болады» делінген. Бірақ бұл мешіт бар жерде дұрыс емес. Мешіті жоқ жерлерде де айт намазы өтті ау деген кезде шалған абзал болады. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: Сахаба Муслим Баро ибн Азиб құрбандық шалудың мерзімі жайлы былай дейді: «Менің нағашым Әбу Бурда айт намаздан бұрын құрбандық шалып еді. Оған Пайғамбарымыз: - Бұл жай қойдың еті болып
қалды, -деді. Сонда Әбу Бурда: -Я, Расулулла, менің тағы бір қойым бар,-деді. Пайғамбарымыз сонда:- Ендеше соны шал,-деді.
«Кімде-кім айт намаздан бұрын құрбан шалса, оның құрбандығы қабыл болмайды. Кейбір түсініктер бойынша айтқа 1 күн қалғанда шек деп қойларын сойып қояды, ол құрбанға жатпайды, жай ғана құдайы болады.
Бұқар жырау ауданы «Жыржыс қажы» мешітінің бас имамы Аманбол қажы Рымқұлұлы
Пікірлер