Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрбан айт қабыл болсын!
02 қазан, 2014 жыл 23 Басып шығару нұсқасы

bala03102014001Мұсылмандардың ұлық мерекесі қасиетті Құрбан айт биылғы жылы қазан айының 4-ші жұлдызына сай келеді. Жалпы құрбан айттың – күллі мұсылмандар үшін алатын орны ерекше. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қаншама мұсылмандар мұсылмандардың бес парызының бірі қажылықтарын өтеуге Қағбаға жүздерін бұрып, Арафатта жалбарынып дұға оқиды.
Құрбан – араб тілінде "жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – "шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау” дегенге саяды.
Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал "ұдһия” деп аталады.
Құрбандық шалу мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан Құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда "Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым” ("Зарият” сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.
Бірде  Ибраһим мен баласы Исмаилдың құрбандық шалу оқиғасы  Ибраһим (а.с.) пайғамбар өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, көп жыл бойы Алла тағалаға жалбарынған-ды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген қарттық шағында қабыл болады.
Күндердің бірінде Ибраһим пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалғалы жатқандығын көрді. Өз бауыр етің балаңды өз қолыңмен өлімге қайтіп қиярсың?! Мына түстің мұншалықты мысымды басқаны несі?! Белгінің Жаратушыдан келгеніне көз жеткізген Ибраһим пайғамбар оны орындауға бекемденді. Не де болса нар тәуекел! Алланың берген жаны Аллаға аманат.
Баласына мейірлене көз тастады. Көңілі толқып, жүрегі елжіреп қоя берді. Жоқ! Шайтанның азғыруына көнбеген жөн. Ұлы Жаратушы әмірі қайткенде де сөзсіз орындалуы тиіс. Көңілін көптен қобалжытқан жайды баласына ретін тауып айтпақшы болып оқталғаны сол еді, тұтығып, тілі күрмеле берді. Ақыр соңында тәуекелге бел буды. "Балам, түсімде Алланың әмірімен сені құрбандық шалуға ниеттеніп, бауыз­дайын деп жатыр екем. Бұған не дерсің?” – дейді. Баласы әкесінің ойын түсінді. Жүзіне тесіле қараған күйі: "Әкетай, еш тартынба! Хақ тағаланың бұйрығын не болса да орында.
Мен де сабырлылық, шыдамдылық танытармын. Тәуекел ет”, – деді қасқая.  Әке мен бала бұйрықтың басқадан емес, Ұлы Жаратушыдан келгенін жете ұғына білді. Сол үшін де кессең мойным міне деп пышаққа түсті. Әттең, қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды. Сонда да жалтармады. Алланың әміріне толықтай мойынсұнды. Соңында сын-сынақтан да сүрінбей өтті-ау.
Алланың өзі аян білдірді: "Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмаилдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!” Иә, Алла тағала сынағаны болмаса Исмаилды құрбандыққа шалуды қаламады. Ол тек Ибраһим пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Нағыз тәуекел ете білудің үлгісін паш етті. Әйтпесе, Алла тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі. Алла тағалаға құлының ақ-адал ниеті мен кең пейілі-ақ жеткілікті. Иә, солай. Қартайып көрген қызығы, жалғыз тұяғы, асылдың сынығы Исмаил үшін Ибраһим (а.с) нені де болса құрбан етуге бар еді. Өйткені, оны өте қатты жақсы көретін. Ал Аллаға деген махабат балаға деген махабаттан әлдеқайда басым болуы керек еді. Алла соны ұқтырды. Алла жолында, Алланың үкімін орындауда басқа дүниелік ештеңенің оның орнын баса алмайтындығын көрсетті. Бұл сынақтардың ең ауыры еді.
Алла Тағаланың Құран Кәрімде: "Намаз оқы және құрбан шал” ("Кәусар” сүресі, 3-аят), – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!”, – деп бұйырған. Әрине, мұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.
Әбу Зәрдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әй Әбу Зәр сорпа қайнатсаң суын көбірек қос, сөйтіп жағыдайы нашар көршілеріңе де сорпаңнан беріп, жақсылық жаса» деген. Бұл мұсылман мұсылманның қамын ойламаса, бір-біріне жаны ашымаса иманы кәміл болмайтындығын білдірсе керек.
Жалпы мұсылман қауымы ұлық мерекені жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып таратады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, "Айт құтты болсын” айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.
Шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын, Алла Тағала Отанымызға тыныштық, халқымызға береке-бірлік берсін.


Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінің бас имамы: Махмуд қажы Нұрұлы.





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары