Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрбан шалу – ұлы ғибадат
03 қазан, 2014 жыл 417 Басып шығару нұсқасы

Құрбан шалу – ұлы ғибадат Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!


Адамзат баласын қуаныш пен шаттыққа бөлейтін, береке мен бірлікті арттыратын, мұсылман қауымының екі мерекесінің ұлығы – Құрбан айт баршамызға құтты болсын, ниетіміз қабыл болсын ардақты ағайын! Әлемдегі мұсылман қауымы осы күні Алла Тағаланың разылығы үшін шынайы ниетімен құрбан шалып, ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Жалпы «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Құран Кәрімдегі: «Намаз оқы, құрбан шал!»- деген аятқа амал ететін күн. Бұл күннің тағы бір ерекшелігі қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз, жерлестеріміз Арафат тауында халқымыздың амандығын, бірлігін, берекесін тілеп, бар жақсылықты сұрап, Жаратқанға дұға жасайды. Отанымыздан қасиетті Меккеге-Мединеге аттанған қажыларымыздың ниеттері қабыл болып, отбасыларына аман-есен оралуын нәсіп етсін дейміз.


Ал енді құрбан шалудың тарихына үңілетін болсақ,ол сонау Ибраһим пайғамбар (ғ.с) заманынан бастау алады.


Бірде Ибраһим (ғ.с)Алланың разылығы үшін құрбандыққа 1000 қой, 300 сиыр және 100 түйе шалып мискиндер мен мұқтаждарға таратады.Осыны көрген періштелер мен адамдар Ибраһимнің (ғ.с) тақуалығына таң қалысады. Сонда Ибраһим (ғ.с.)Жаратқанға деген сүйіспеншілікпен: «Балам болса, Алланың разылығы үшін оны да құрбандыққа шалар едім»- дейді. Уақыт өте осы сөздерін ұмытады. Алла тағалаға дұға қылып, жақсы, ізгі амалды ұрпақ сұрайды. Тілегі қабыл болып Исмаил (ғ.с) туады. Баласы жанына еріп жүретін жасқа келгенде: « Ибраһим (ғ.с.) уәдеңді орында, балаңды құрбандыққа шал»- деген түс көреді. Бұл түс Алла тағаладан ба, әлде шайтан малғұннан ба?- деп таң ата ойланады. Осы себепті бұл күнді «таруия күні», яғни «түс көру күні» деп атайды. Екінші күні тағы дәл осы түсті қайталап көргенде Алладан екенін біледі. Бұл күнді «арафа» дейді (мағынасы: « білу, күмәнсіз болу»). Сол жер қазіргі Арафат тауы, Мекке қаласының маңында (Қажылыққа барған мұсылмандар осы күні Арафат тауының басына шығып күні бойы дұға қылады). Үшінші күні тағы да сол түсті көргенде баласын құрбандыққа шалу керек екенін түсініп, баласын құшағына алып, таң атқанша жылап шығады. Таң қылаң бере Ажар анамызға баланың жақсы киімдерін кигіздіріп, қолына арқанмен пышақ алып, үйінен Мина тауына қарай бет алады Исмаил (ғ.с.) әкесінің алдында келе жатады. Артындағы Ибраһимге (ғ.с.) шайтан келіп: «Балаң қандай әдемі»- деп азғыра бастағанда,


Ибраһим (ғ.с.): «Маған әмір келді, мен орындаймын» — деп шайтанның үмітін үзеді. Үмітін үзген малғұн Ажар анамызға барып: «Не қарап отырсың, балаңды әкесі бауыздайын деп жатыр»- дегенде, Ажар анамыз: «өтірік айтпа, қайдан көрдің әкесі баласын сойғанын»- дегенде шайтан: «Оған Алла әмір етті» дейді.Сонда Ажар анамыз көзіне жас алып тұрып: «Егерде, шынымен Алла разы болатын болса, онда он балам болса да жолына қияр едім»-деген екен. Ол да шайтанның азғырмақ болған арам ниетін жүзеге асырмайды. Енді Исмаилға (ғ.с) келіп Ібіліс: «Сен ойнап күліп келесің, білесің бе әкең сені құрбандыққа шалады»- деп қорқытқысы келеді. Исмаил (ғ.с.): «Өтірік айтпа малғұн, әкесі баласын құрбан қылғанын қайдан көрдің»- дейді. Шайтан: «Әкең Алла әмір қылды деп ойлап жүр»- деп азғыра бастағанда, Исмаил (ғ.с.): «Егер Раббым әмір етсе құлдық»- деп қолына тас алып шайтанға лақтырғанда, көзіне тиіп, көзі ағып кетеді(Қажылыққа барған мұсылмандар тура сол жерде,яғни Мина тауының ішінде үш күн қатарынан шайтанға тас лақтырады). Осылай шайтанға тас лақтыру Исмаилдан (ғ.с.) бізге мирас болып қалды. Минаға жеткеннен кейін Ибраһим (ғ.с.) баласына: «Шындығында түсімде сені құрбан қылып шалуға бұйрық алдым, не айтасың»- деп сұрағанда, баласы: «Әкешім, не бұйрық алсаң соны істе, Алла қаласа мені сабыр қылушылардың қасынан табарсың»- деп жауап береді. Баласының сөзін естіген Ибраһим (ғ.с.) дұғасының қабыл болғанына көзі жетіп, ізгі амалды ұрпақ берген Алла тағалаға мадақ айтып, шүкіршілік қылады. Исмаил (ғ.с.) әкесіне: «Менің өтініштерімді орындаңызшы. Оң қолымды жақсылап байлаңыз, шешіліп кетіп сізге тиіп кетпесін. Жүзімді төмен қаратыңыз, көзіме қарап әкелік мейіріміңізбен қолыңыз батпай мені құрбан қыла алмай қаларсыз. Киіміңіздің етек жеңін жиып алыңыз, қаным шашырап тиіп кетер және оны анам көріп жүрегіне қайғы кірер. Пышағыңыз мен көп қиналмайтындай өткір болсыншы. Көйлегімді анама апарыңыз,сағынғанда менен естелік болсын. Қолымды қалай байлап, қалай мені шалғаныңызды анама айтпаңыз, салем айтыңыз. Алланың бұйрығына бой ұсынсын және өзге балаларға қарамасын, мені еске алып қайғырар»-деп соңғы сөздерін әкесіне жеткізеді. Ибраһим (ғ.с) баланы жатқызып, мойнынан пышақпен осып өткенде пышағы өтпейді. Қайталап тағы осады. Өтпейді.Керісінше пышағының жүзі қайтып қалады. Ызаланып пышағымен тасты ұрып қалғанда тас екіге қақ бөлініп түседі. Ибраһим (ғ.с.): «Неге кеспейсің»- деп пышаққа назаланғанда, Алла тағала пышаққа тіл бітіріп: «Сен (ғ.с.) кес дейсің, Раббым кеспе дейді, мен Раббыма бой ұсынамын»- деп жауап береді. Ибраһим (ғ.с.) пышақты баласының мойнына кезеген уақытта, Алла тағала періштелердің көздеріндегі пердені алып бүкіл періштелер осы оқиғаға куә болады. Осындай кереметті көрген періштелердін барлығы


сәждеге құлайды. Алла тағала Періштелерге әмір етеді: «Қараңдар құлыма, менің ризалығым үшін баласын құрбан қылып жатыр. Жер бетінде бұзықтық қылатын адамдарды не үшін жаратасың деген сендер емес пе?»-дейді. Сонда Исмаил (ғ.с.): «Әке, тамағымнан өтпесе онда мойнымнан кес, періштелер көрсін менің қалай Алла тағалаға бой ұсынғандығымды» -дейді.Сол мезетте аспаннан бір аппақ бұлт түсіп қайта көтерілгенінде бір ақ қошқар пайда болады. Алла тағаладан сол кезде уахи келеді: «Әй! Ибраһим (ғ.с.) уәдеңді орындадың, баланың орнына мына қойды жібердік,шал құрбандыққа»- дейді. Сол заманнан бастап бізге құрбандыққа қой шалу уәжіп болды. Аллаға шүкір дейміз, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дініміздегі ұлық күн- Құрбан айт мейрамын Қазақстан жұртшылығы үшін мемлекеттік мереке деп жариялап, демалыс күні етіп белгіледі. Соның нәтижесінде бұл – ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өту, көпұлтты Отанымыз Қазақстанды мекен еткен халықтардың достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы өте зор. Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білген мұсылмандар мешіттерімізде айт намазын оқып, дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болғаннан кейін құрбандық шалады. Мешіттерге түскен құрбандық еттері ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектерге таратылады. Осылайша адамдардың бойында мейірім, қамқор, кешірім, қайыр-шапағат, сабыр сынды көркем мінездер қалыптасады. Сонымен қатар, бұл күн – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін ұлық мейрам. Өйткені, Алла тағала:«Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.


Айт күнгі әдептер


Құрбан айт күні ағайын-туыстарды, дос-жарандар мен көршілерді айтпен құттықтап, ақ дастархан басынан, Алланың бұйырған ризық-несібесінен, құрбандық етінен дәм татқан абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын да арттыратын мереке. Ата-анамызға, жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беріп қуанту, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Осындай дәстүрді қалыптастыру арқылы өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтетін болады. Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлттар мен ағайын-туыс арасын біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор. Адамдар бір-біріне: «Айт құтты болсын, ниет қабыл болсын!» айтып,


аман-саулық сұрасып, осындай қуанышты күнмен құттықтасып, сәлем арқылы ынтымақтастықты арттырады. Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу – сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ шүкірлер айтып, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат арнау – сүннет амал.Ардақты Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Шындығында, Алла тағаланың жер бетін аралап жүретін, үмметімнің маған (с.ғ.с.) айтқан салауаттарын жеткізетін періштелері бар. Егер кімде-кім күніне 100 рет салауат айтса Алла тағала ол пендесінің 100 қажетін өтейді, 70-сі ахиретте болса 30-ы осы дүниеде»-деген хадисінде.


Құрбан шалудың шарттары


Құрбан шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күнгі екінті намазына дейін жалғасады. Егер бұл талап орындалмаса (айт күнінен бұрын немесе үшінші күнінен кейін шалса) онда ол садақа дәрежесінде саналады. Құрбандыққа шалынатын малдар: қой, ешкі, сиыр және түйе. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп, ортақ шалуды шариғатымыз құптайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және (жілік майы жоқ) өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген.


Ұлттық дәстүрді жаңғыртатын күн


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Дін мен Дәстүр» жылы деп жариялап, жергілікті мешіттерде мүбәрак мерекені жоғары деңгейде өткізу үшін бірқатар игі шаралар мен ізгі істерді жүзеге асыруды ұйымдастыруды жолға қойды. Уағыздарда да діни тұрақтылық пен бейбітшілік, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайту мәселелеріне ерекше мән беріліп келеді.


Осы орайда Алла қаласа 3-ші қазан күні жұма намазынан соң Қарағанды облыстық орталық мешітінің алаңында киіз үйлер тігіліп, жалпы халыққа ақ ниетпен ас беріледі. Құрбан айт күндерінің құрметіне тәрбиелік мәндегі ұлттық ойындар (қазақша күрес, асық ату, садақ ату, арқан тартыс, найза лақтыру, гір тасын көтеру, белтемір(турник) және т.б.) мен салауатты шаралар өткізіледі. Осындай шараларға мешітке отбасы мүшелерімен бірге келіп, ұрпақтарымыздың иманды, ибалы етіп тәрбиелеуіне септігімізді тигізейік.Құрметті ағайын бауырлар! Алла тағала шынайы ниеттеріңізді, ізгі амалдарыңызды және шалған құрбандарыңызды хайырымен қабыл етсін! Халқымыздың мерейі үстем, береке бірлігі бекем, келешегі кемел болсын!


ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Бекқожа Өмірзақ қажы Қазкенұлы





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары