Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ғаламат
19 қараша, 2014 жыл 16 Басып шығару нұсқасы
imagesCAEMIMZ48 жасар Сәлім науқастанып аурухана түсіп қалған інісі Беріктің жағдайын ойлап қатты уайымдайды. Ата-аналары қолдарынан келгеннің барлығын істейді. Берікке күрделі ота жасатуға тура келді. Одан басқа жол жоқ. Бірақ, қымбат отаға ақшалары да жоқ.

Бір күні әкесінің шешесіне: «Оны тек қана бір ғаламат құтқара алады», дегенін естіп қалады. Мұны естіген Сәлім ақырын бөлмесіне кіреді де тиын жинап жүрген қорабындағы бақырларды санап шықты. Барлығын қалтасына салды да жақын маңдағы дәріханаға қарай жүгіре жөнелді.

Ішке кірсе, сатушы әдеміше киінген бір кісімен сөйлесіп тұр екен. Олардың сөздеріне кедергі болмайын деп біраз күтіп тұрды. Кішкене баланың сабыр сақтап күтіп тұрғанын сезген сатушы:

– Иә, балақай, не алайын деп едің? Айта бер. Мына кісімен әлі шаруамыз біткен жоқ, – дегенде Сәлім:

– Інім қатты ауырып қалды. Соған бір ғаламат алғым келіп тұр, – дейді.

– Түсінбедім...

– Не ғой, әкем, оған тек қана бір ғаламат көмектесе алады деген еді. Бір ғаламат қанша тұрады екен?

Мұны естіген дәріханашы бұл жолы Сәлімге мейіріммен қарап:

– Сен ренжіме. Біз ғаламат сатпаймыз. Саған көмектесе алмаймын, – деді. Дегенмен, Сәлім еш іркілместен:

– Оны сатып алатын ақшам да бар. Бағасын айтсаңыз болды, – деді сенімді түрде. Баланы сырттай бақылап тұрған бейтаныс жан Сәлімге қарап:

– Інің үшін қандай ғаламат керек? – деп сұрады.

– Білмеймін, – деді де көзіне жас үйірген күйі: – Анам оған ота жасамаса болмайды екен деді. Олардың оған ақшалары жоқ. Бірақ әкем оны тек қана бір ғаламат құтқара алады деген сөздерін естіп, дереу осы жерге келдім.

– Қанша ақшаң бар?

– Міне, 191 теңге! Бар жинағаным осы, – деп ақшасын көрсетті. Әлгі кісі:

– Жарайсың, балам! Мына жинаған ақшаң бір ғаламат алуға жетеді екен, – деді де ата-анасына алып баруын өтінді. Әлгі әдеміше киінген адам   елге әйгілі хирург екен. Ол өз ісінің білгірі еді.  Балаға ота  жасап, сәтті аяқтайды. Сәлімнің ата-анасы ота үшін ешқандай ақша төлемеді.
Сәлімнің әкесі болған жағдайға таң қалып, Алла Тағаланың шексіз мейіріміне, құдіретіне бас иді.

Шынында да бұл бір ғаламат жағдай-тын...

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары