Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қасиетті Мекке
18 желтоқсан, 2014 жыл 73 Басып шығару нұсқасы
меккеМекке – Исламның орталығы. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге келген қала. Әлемнің әр түкпіріндегі мұсылман қауымының қажылық жасайтын жері. Бұл мыңжылдық тарихы бар қала араб халқының тарихынан, Ислам дінінің келуі мен таралуынан хабар береді. Меккеде қасиетті Қағба орналасқан.

Мекке – әлемдегі ең ежелгі қалалардың бірі. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге келгенге дейінгі Мекке қаласы  туралы нақты мәліметтер жоқ. Тек географияда Макораба деген лақап атпен Птолемей осы  қала туралы алғашқы дерек айтты деген болжам бар, бұл мәліметтер біздің эрамыздың 2 ғасырына сәйкес келеді.

Ежелгі тілдердің бірінен аударғанда «Мекке» «үй» деген мағынаны білдіреді. Географиялық жағынан алғанда бұл қала Араб түбегінің Хиджаз аймағында орналасқан. Қызыл теңізден 75 км қашықтықта.

Әр тарихи кезеңде қала түрлі атауларға ие болған. Алайда бізге белгілісі 4 атау. Бұл төрт атау қасиетті Құранда келтіріледі. Бұл  Бакка, Умм аль-Кура, Балад аль-Амин және бүгінгі атауы Мекке.

Ислам тарихы бойынша Меккенің алғашқы Адам Пайғамбармен байланысы бар. Жұмақтан жерге түсірілгенде ол осы мекенде болған. Меккенің жан-жағы таулармен қоршалған. Ибраһим мен Исмайыл Пайғамбарлардың кезінде егіншілік үшін жарамсыз болғаны да тарихтан мәлім. Біздің эрамызға дейінгі он екі ғасыр бойы Алланың бұйрығы бойынша Мекке жазығына Пайғамбарлар жіберіліп тұрды. Ибраһим Пайғамбардың жұбайы Хаджар жүгіріп су іздеген кезде зәм-зәм суы пайда болады. Алла Тағала оның дұғаларын қабыл етіп,  зәм-зәм суының көзін ашады. Осы оқиғадан кейін бұл маңға тайпалар қоныстана бастайды. Ең алғашқылардың бірі болып  джухрум аталған йемен тайпасы қоныстанған. Кейін оңтүстік араб тайпаларының көшуі кезінде Меккенің солтүстігінде хузаа тайпасының негізі қаланған. Оларды кейін құрайыш тайпалары ығыстырды. Мұхаммед Пайғамбар дүниеге келіп, пайғамбарлығын бастағанға дейін құрайыштар осы Меккеде нықтап орныққан болатын.

571 жылы, яғни Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге келген жылы Абрахат Ашрам қасиетті Қағбаны бұзбақшы болғаны тарихта қалған.

5–6 ғасырларда Мекке маңызды сауда-саттық жолдарының түйіскен тұсына айналады. Осы жолдар арқылы Орта теңіз жағалауларына Арабиядан, Үндістан мен Африкадан піл сүйектерін, тері, былғары, қымбар бұйымдар жеткізілді.

Мекке арқылы Иран мен Йеменнен шыққан көпестер Үнді теңізі мен Қызыл теңіз жағалауларына жол тартты. Cауда-саттық  үлкен табыс әкелді. Меккеліктер көрші тайпалармен келісімшарттар жасаса бастады. Соныман қатар қала сауда-саттық орталығы ғана емес, ауыл шаруашылығының орталығына айналды. Өзінің географиялық жағдайы мен Византия-Парсы соғысын пайдаланып жетекші қалалардың  қатарына шықты. Алайда соғыстың кері әсері де болды. Қашқындар көбейіп, ауру таралып, жеті жыл бойына Мекеедегі жағдай тұрақталмай қойды.

Алғашқыда құрайыштар түйе керуендерін күзеу ісімен айналысты.

Құрайыштар он әулетке бөлінді. Олардың арасында ең дәулеттісі Умайдың әулеті еді. Халифаттың құрылуына байланысты Меккенің экономикалық рөлі төмендеп, діни рөлі көтеріле бастады. 10 ғасырдың орта шеніне дейін Мекке мен Хиджаздың бірқатар қалалары әуелі Умай әулетінің, одан кейін Аббасид әулетінің билігінде болды.

941 жылы египеттік-сириялық Мұхаммад Ишхидтің иелігінде болды. Содан бері Египетке тәуелді болды.  1517 жылы Мекке түрік сұлтандарының егемендігін мойындады. 1916 жылғы Хусейн ибн Әлидің Хиджаздағы көтерілісі түрік билігіне тойтарыс берді.  1924 жылы Меккені Ибн-Сауданың әскері алды. 1932 жылы Сауд Арабиясына енді.

Масджидуль харам алғаш рет Умар ибн Хаттабтың жарлығымен кеңейтілді. Қосымша қабырғалар мен есіктер қосылды. Одан кейін халиф Усман бин Аффан мешітті кеңейту туралы жарлық берді. Масджидуль Харамды кеңейту жұмыстары бүгін де жалғасуда. Себебі қажылыққа келушілер саны жыл санап артуда. Мекке қазір де экономикалық рөлін жоғалтқан жоқ. Дегенмен ең негізгі міндеті қажылыққа келушілерді қабылдау. Мекке бір сәт қажылыққа келушілерден босаған емес. Қажылық маусымы болмаса да, уақыты шектелмеген умра кезінде, яғни кіші қажылық уақытында үнемі құлшылық етушілер толы болады. Қасиетті Мекке қашанда мұсылман үмбетінің орталығы болып қала бермек!

Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары