Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Босқа өткен қайран уақытым немесе желіге жеміт болған бірліктерім...
18 сәуір, 2015 жыл 11 Басып шығару нұсқасы

whatsapp-ban-3«Қияметте әркім өмірі мен жастық шағын қайда өткізгенінен, мал-мүлкін қайдан тауып,  қайда жұмсағанынан және ілімімен амал жасаған-жасамағанынан сұраққа тартылады.» (Тирмизи)



Бүгінде еңбектеген бала телефон ақтарып, еңкейген қарттарымыз ғаламторды шарлайтынына көз үйреніп-ақ кетті. Таң қалмаймыз. Интернетте 5 минутқа кіремін деп  бірнеше сағаттардың қалай өткенін сезбей қалатын жағдайға да жеттік. Күніне  орта есеппен 10 рет whatsApp-қа, 10 рет  instagram-ға, 20 рет facebook-ке, 20 рет в контакте т.б желілерге ерінбей кіріп, қызығына еніп кетеді  екенбіз. Ал, интернеттің алтын уақытымызды алғанынан бөлек қалтаңыздан қанша қағылып жатқаныңызды есептедіңіз бе? Әрине мән бермейсіз, бірлік саласыз да  қайта интернетке үңілесіз. Екі-үш күн сайын 500 бірлікті телефоныңызға салып, интернетке жұмсайсыз.  Бір айда қаншама ақша жұмсағаныңызды ойша бағамдай беріңіз.  Жай ғана осы ісімізге ой жүгіртсек,  бір айда жаратқан қаржыңыздың жартысын мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандарға не  қапияда ата-анасынан айырылған жетімдерге  бөліп, көмектессеңіз Алланың разылығы сізге түсері  рас қой.
Интернетте отыратындар неден құр қалады?


Оқушы. Сенсорлық телефондағы ойындарға қызыққаны соншалық  бір емес бірнеше сағаттарын пайдасыз істерге арнайды. Сондықтан күнделікті сабақта  өткізіліп жүрген жаңа тақырыптарды игере алмай, сабағы нашарлайтыны анық.


(Осы себептен де «мектеп оқушыларының сабақтары қиындап кетті» деген сөздер жиі айтылады. Бұл тұрғыда мынаны ескеру керек: үкімет бала игере алмайтын тапсырмаларды оқулыққа енгізбейді! Бұл – өркениет талабы. Әлемдік жүйеден қалыс қалуға болмайтынын ұмытпаған  жөн.)


Студент.  Болашақ – маман. Оның басты мақсаты - болашақта қызмет көрсететін орында білікті маман болу үшін таңдап алған мамандығын терең игеру.  Аудиторияда, жол бойында, үйде қала берді түнде интернетке кіруін доғармайтын студенттен білікті маман қайдан шықсын?!


Жас жұбайлар. Үйде отырған келіншек бар уақытын интернетке арнап, күйеуі жұмыстан келгенде ғана түскі не кешкі тамақты әзірлеуге кіріседі. Әрине мұндай жағдайда ұрыс-керіс болатыны анық. Ал, ері дастархан басында телефонға шұқшиып отырса ше? Бұл жағдайда да әйелі «маған көңіл бөлмейсің» деп ренішін білдіруі сөзсіз рас. Ері әйеліне, әйелі еріне қарасса жанұяның бақыты осы емес пе?!


Ата-ана. Орта жастағы кісілер көбінесе facebook  желісінде орынды, орынсыз пікір айтып, қала берді ақылгөйсіп отыратыны шындық. Әрбір жазбаға пікір қалдырып, дауласып,  шыр-пыр болғаннан гөрі салиқалы ұрпақ тәрбиелегенге, немере қызығына бөленгенге  не жетсін?!


Мұндай келеңсіз іс-әрекеттерді тізбектегенде барлық бала, ата-ана осындай жағдайда жүр  дегеннен аулақпыз. «Ата-ана үмітін ақтаймын. Жақсы оқып азамат боламын»-дейтін жас өрендеріміз де Аллаға шүкір  баршылық. Сонымен бірге «бала-шағамды асырап ел қатарына қоссам екен» - деп күндіз-түні еңбектеніп жүрген  ата-аналарымыз да жоқ емес.


Құрметті оқырман интернет - денсаулығымыз бен уақытымызды құртша кеміріп бара жатқанын бір сәт ойладыңыз ба?


 Кәусар Досай

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары