Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адам асқазанына харам ас түссе...
10 маусым, 2015 жыл 29 Басып шығару нұсқасы

Самая-полезная-едаАса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!


    Аллаһ Тағала  ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. Аллаһ пендесі  үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында "Бақара" сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»,  «Маида» сүресінің 88-аятында:  «Аллаһтың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!».
Бір күні Сағыд ибн Әбу Уаққас: «Уа, Аллаһ Елшісі! Менің әрбір дұғамның қабыл болуы үшін маған дұға етіңіз» деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұғаларыңның қабыл болғанын қаласаңдар, адал аспен қоректеніңдер. Кейбіреулер харам жейді, харам киеді. Сонан соң, көкке қолын жайып дұға етеді. Мұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын?» деген екен. Тағы бірде Аллаһ  Расулы (с.ғ.с.) осы сөзін: «Дұғаларың қабыл болсын десеңдер, халал әрі таза аспен қоректеніңдер» деп қайталайды. Даналықтың қайнары  Құран мен ғұмырлық маңызы терең хадистер баянында  Аллаһтың асыл үкімдері мен адам өмірі тұрғысында адал астың маңыздылығын айқындай түседі. Абдулла ибн Омар (р.а.): «Намаз оқудан белі садақтай бүгіліп, ораза ұстаудан сіріңкедей қатып семіп қалсаң да, харамнан, я күмәнді нәрселерден бойыңды аулақ ұстамайынша, Аллаһ Тағала ол құлшылықтарды қабыл алмайды», – деген. Себебі, халал мен харам жеуші адам мүлдем тең емес, олар рухани дәрежесі тұрғысынан бір-біріне қарама қайшы болып келеді.


Сүтпен берілген ізгіліктің уызы немесе зұлымдықтың уы. Әйелдің рөлі қандай?


    Үнемі адал аспен қоректенетін пенденің жүрегі жұмсақ, Хаққа жақын, айналасына зиян шектірмейтін, ойы тұнық, санасы сергек болады. Ал ұдайы хараммен қоректенетін, киінетін адам болмысы жамандыққа бейім, жан дүниесі қара тастай қатайған, дөрекі, нәпсіқұмар һәм зұлымдықтың дәнін егуші, қысқасы күллі залымдық атаулыға жаны құмар болып келеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Харамнан сақтаныңдар. Асқазанына харам ас түскен адамның дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды»,- деген еді. Ислам ғұламалары да харамды ішіп-жеп, харамнан киім киінген, харамнан табыс тапқан ата-анадан дүние есігін ашқан бала рухани тұрғыдан жан дүниесі жадау, жүрегі "кедей" болатынын тілге тиек еткен. Жалпы баланың болмысы, мінез-құлқының қалыптасуы да ішкен-жегенімен тығыз байланысты. Осы орайда әсіресе, бойында дәреті болмаған, хараммен қоректеніп, жамандықтан тыйылмайтын, ғапылдыққа берілген әйел өз баласына сүті арқылы болашақта барлық жамандықтың уын тамызатыны анық. Сүтпен берілген ізгіліктің уызы немесе керісінше, жамандықтың уы сүтпен пенденің рухына сіңісіп, сүйекпен бітеді.  Имам Ғазали «Баланың қасиетсіздігі – харам астың кесірінен»,- деп үлкен мәселенің басын ашып көрсеткен.


 Жаман мінез-құлықтың қалыптасуы мен жүректің дұшпаны–харам ас.


    Ибраһим Әдһам: «Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қадам баспақ»,- деп, ішкен-жегеніне, кигеніне аса мән берген. Демек, әрбір мұсылман ішіп-жегеніне мұқияттылық танытпаса, Аллаһқа жүрегі ашылып, иманы қуаттанып, рухани кемелдікке ешқашан қадам баса алмайды. Хадисте бұл туралы «Адам баласының қарнына харам ас барса, сол ас асқазанында тұрған уақыттарда аспан мен жердегі періштелер қайта-қайта лағынет жаудырады. Сол асты қорыту кезінде өліп кетсе, баратын жері тозақ болады»,-деп ескертілген.


    Тіршілік белесінде Жаратушының шектерінен шығып, харам іске бой алдыру-күллі жамандықтың негізі болып табылады. Бірде Ібіліс өзінің көмекшілерін жинап алып: «Адам баласы дүниені жақсы көре ме?»-деп сұрайды. Олар «Иә»,- деп жауап қатты. Ібіліс сонда: «Егер дүниені жақсы көрсе, олардың пұтқа табынбауы аса маңызды емес. Онда оларды күндіз-түні осы осал тұсынан азғыру керек. Әсіресе мына үш нәрсеге итермелеген жөн: 1. Харам жолмен ақша табуға; 2. Тапқан ақшасын харам істерге шашуға; 3. Қажетті әрі сауапты орындарға жұмсатпауға. Өйткені, барлық жамандықтың негізі осы үшеуінде жатыр», – деді.


    Мәулана Руми: «Ілім де, хикмет те, Аллаһқа деген ғашықтық та, шынайы мейірімділік те ішіп-жемнің адал болуына байланысты. Асқазанға түскен бір түйір ас бойда қызғаныш пен арамзалықты оятса, надандық пен ғапылдыққа берілуге сеп болса, онда мұндай ас – харам. Бидай егіп, арпа жиды дегенді естідің бе?»,-деген екен. Сондықтан  Мәулана тақуалық тамыры тереңге жайылған, ізгі адам болудың жолдарын адал аспен тығыз байланысты екенін дәйектейді.


   Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: харамнан аулақ болу, халалды талап қылу және отбасына кеңпейілді болу»,-деп айтқан.


   Суфиан Сәури  былай дейді: «Харам ақшамен садақа берген, мешіт салдырған, жақсылық істеген адам, кірлеген киімді зәрмен жуған адамға ұқсайды. Киімі одан сайын кірлейді».
Сәһл бин Абдуллаһ Тустәри: «Харам жегендердің жеті ағзасы ол адам қаласа да, қаламаса да күнә істейді. Халал жегендердің ағзасы ғибадат етеді. Ол адамға жақсылық жасау оңай әрі ләззатты болады» дейді.


       Жалпы руханият шыңына жеткен сергек саналы, салих адамдардың өзі тіпті күмәнді нәрселердің өзінен өлердей сақтанған.


Руханият заңғарындағы кемелдікке  жеткен ізгілер ғибраты.


    Әбу Ханифа харам істерге барынша сақтық танытатын еді. Егер бір нәрседен күмәнданса, қолындағы бар дүниесін дереу садақаға таратып жіберетін. Бірде серіктесі Хафыс ибн Абдуррахманға өз заттарын беріп, сатып келуге жібереді. Заттарының арасында бір киімде ақау бар еді. Оған бұл киімді сатқанда, алушыға кемістігін жасырмай айтуын тапсырады. Серіктесі киімдерді сату барысында манағы киім жайлы ескертпені айтуды ұмыт қалдырады. Алған адамның кім екенін де білмейді, есінде де қалмайды. Әбу Ханифа бұны естігенде, сол заттардан түскен қаржының барлығын тағы да садақаға таратып жіберген екен.


     Бір түйір харам астың зиянын мына хикаядан айқын аңғаруға болады. Баязит Бистами жас кезінде құлшылықтарынан кейде рухани ләззат ала алмай жүрді. Бірде анасына барып: «Кейде жүрегім перделеніп, өзімді Аллаһтан алыстағандай сезінемін, бірақ, себебі өзіме беймәлім», – деп ішкі дүниесінен хабар береді. Анасы ойланып отырып: «Бір нәрсе менің есімде. Сенің төрт-бес айлық кезіңде сені көтеріп алып, көрші үйге барған едім. Біраз мезеттен соң сен тынбай жылай бастадың. Мен сені уатпақ болған сайын одан бетер жыладың. Ақырында амалым таусылып, үй иесінің рұқсатынсыз саусағымның ұшын қазанындағы сорпасына батырып, саған дәм таттырып едім», – дейді. Бұны естігенде, жігіт дереу анасын жібертіп, көршіден кешірім сұратады. Содан кейін барып Баязит Бистамидің рухани жағдайы түзеліп, жүрегі жай табады.


    Бір күні   Рабиғаның қызметшісі тамақ пісіріп жатады. Ас даярлау кезінде пияздың қажеттілігі туындайды. Қызметшісі көршіден пияз ала тұруға Рабиғадан рұқсат сұрайды. Аллаһтың әулие құлдарының бірі-Рабиға: «Өзімнің Аллаһтан басқадан  ештеңе алмауға серт бергеніме қырық жыл болды. Тамақты пиязсыз-ақ пісіре бер»,-дейді. Дәл сол сәтте шеңгеліне пияз қысып, бір құс ұшып бара жатады. Құс пиязды қоя беріп, тамақ дайындалып жатқан қазанға тастайды. Қызметші қатты қуанып кетеді. Алайда Рабиға: «Бұл құстың пиязды қайдан алғанын мен білмеймін»,-деп тамақтан бас тартып, құрғақ нанды талғажау етеді.


    Дәл осындай дәрежеде харамнан жан-жақты тыйылған игілердің бірі- Уаххаб ибн Уәрд. Ішіп-жемінің қайдан келгенін біліп алмай, ешнәрсе жемейтін еді. Бір күні анасы оған бір шыны сүт береді. Сүтті қайдан алғанын, ақшасын қалай тауып төлегенін және кімнен алғанын сұрайды. Барлық жағдайды естігеннен кейін бұл сүт сауылған қой қайда жайылғандығын, қоректенгенін сұрады. Түбінде кісі ақысы араласқанын да анықтады. Мұсылмандардың ақысы өткен бір жерде қоректенгенін біліп, сүтті ішпеді. Анасы:


- Ұлым! Аллаһ саған рахмет етсін, іш! – деді.


- Аллаһтың рахметіне күнә істеу арқылы қауышқым келмейді – деп сүтті ішпеді.


Түйін.
Осыншалықты сақтықтары мен харамға деген қырағылықтарына сәйкес олардың тақуалықтары күшейіп, Жаратушыға жақын, рухани кемелдікке жеткен игі пенделердің қатарына қосылды.  Ардақты Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) құнды хадистерінде мүміндерді мейлінше харамдардан сақтану керектігін өсиет еткен.  Тағы бірде: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады»,–деп алдан қазіргідей алмағайып дәуірдің келетінін де біліп, мұңайған (Бұхари, Бую, 7). Қорыта айтқанда, халал ас-жүректі жауһардай жарқыратып, сананы сергек етіп, құлшылыққа құлшындырып, Хақтың нұрын ұялатса, харам дүние-жан әлемін тас түнек боранға айналдырып, небір жыртқыштық сипаттардың үйірлесуіне айқын жол ашатынын білдік.



Меруерт Бақдәулетқызы


Семей қаласы.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары