Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адамдар әр түрлі
22 маусым, 2015 жыл 56 Басып шығару нұсқасы

7306 Өмірде біз қаншама адамды жолықтырамыз. Бәрі бірдей есте қалмайды, есте сақтау да мүмкін емес. Біреу кездейсоқ жолығады, біреу жолайрықта қош айтысады, біреу өмір бойы бірге жүреді. Қанша адам болса сонша мінез, сонша тағдыр, сонша әдет. Біреулер гүл сияқты, енді бірі арам шөп сияқты.


Ибн Аббас «Алла неге адамдарды әр түрлі етіп жаратты?» деген сұраққа жауап бере отырып: «Алла адамдарды топырақтан жаратқан, ал топырақ түрлі-түсті еді»-деген.


Біздің әртүрлі болғанымыздың өзі Алла Тағаланың құдыреті. Өңіміз де, тіліміз де, мінез-құлық, әдет-дағдымызда әр түрлі. Бір ғана нәрсе бізді біріктіреді – ол Алла Тағаланы тану, Оның разылығына бөлену. Құранда: «Айт: «Әр адам өз жолын таңдайда, ал сендердің Жаратушыларың кімнің дұрыс жолда екенін жақсы біледі»-делінген («әл-Исра» сүресі, 84 аят).


Сондай-ақ қасиетті Құранда: «Оның белгілерінің ішінде – көк пен жердің және сендердің тілдерің мен түстердің жаратылуы бар. Шынында мұның өзінде – білімділер үшін белгі бар»-делінеді.


Адам ана құрсағында қалыптасады. 120-шы күні оған періште келетіні белгілі. Сонда ол баланың бақытты болатыны я болмайтыны. Оның ризығы қандай болатыны және т.б. белгілі болады. Және әр адамға қандай сәтте де Алла Тағалның салғанына сабырменен бойұсыну бұйырылған. Себебі «Неге?  Не үшін? Неге мен?» деген сұрақтардың соңы қайғы болмақ.


Адамдар неге бір-біріне ауырлық әкеледі? Неге бір-бірін қинайды? Неге бір-біріне жамандық жасайды?  Пендеміз дейміз бе? Шайтанның азғыруы дейміз бе? Түрлі дүниеәуи себеп айтқанымызбен, шын себебін айта алмаймыз. Қалыптасқан рухани қағидалар бойынша жамандықпен күресу қажет. Және әлем ертегілерінде айтылатындай әрдайым жақсылық жеңеді. Әрине Алланың құдыретімен бәрі. Себебі Алланың бұйырғаны тек жақсылық, басқаға жол жоқ.


Кез-келген дінде екі алтын ереже бар – дұға және сабыр. Бұған бойұсыну мен тәубені қосуға болады. Өмір көрген сайын, уақыт өткен сайын біз рухани шыңдаламыз. Алла Тағала Өзінің құлдарына көп сынақ жібереді. Әсіресе сүйген құлдарына. Осының өзін түсіну әрбір адамға жеткілікті. Бірақ оны ұғынып, түсіну үшін де уақыт керек. Дұға - мұсылманның ең жақсы қаруы.  Дұға, Аллаға құлшылық жасау - бізді тыныштандырып қана қоймайды, өмірімізге де, айналамыздағы адамдарға да септігі тиеді.


Аласапыран, бір сәт маза жоқ әлемде, күнделікті тірліктегі қаншама проблемалардың арасында жүріп, толыққанды өмір сүру, өмір сүре отырып адам болып қалу үшін ішкі рухани жігердің мықты болмағы керек. Рухани жігер – иманды, сенімді, сабырды, төзімді қамтиды. Адам осы қасиеттерді бойына сіңірсе мықты болмақ. Және әрі қарай басқа жақсы қасиеттерді игере береді. Бұл қасиеттер әр кез сыналады. Адам басына сынақ түскен сайын бойындағы қасиеттері, мінез-құлқы сыналады, тәрбиеленеді. Бұл барша адамға ортақ, барлық адамның басына түседі.  Және адамдар қанша жерден әр түрлі болса да, бәрі бірдей ұмтылуы тиіс нәрсе  - Алла разылығы. Иманның, сенімнің, сабырдың үлкен күші бар. Иман, сенім, сабырға ие болған адамның алдында белес болмайды, өйткені Алланың шексіз мейіріміне бөленеді.


Қарағанды облыстық орталық мешіті


Әмина Омарова


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары