Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Шәууәл айының шарапаты!
25 шілде, 2015 жыл 21 Басып шығару нұсқасы

image1Сабырлық пен шыдамдылыққа шақыратын, тәубе бен тоқшылыққа, төзімділікке үйрететін Рамазан айы да аяқталды. Құлшылықтың айы болған Рамазан айы біреулер үшін жай ашығу ғана. Рамазан айы – Аллаға құлдарының осы айда ауыз бекітіп, құлшылық еткені үшін куәлік береді. Сол себепті де, немқұрайлық танытпаған абзалырақ. Міне, бүгін біреулер отыз күн оразамды тұтып болдым деп қуанып жатса, енді бір мұсылман бауырларымыз алдағы Шәууәл айына жетуді, тағы да қосымша ораза ұстауға асығып отыр. Рамазан айына аса жауапкершілік таныта қоймаған құлдарына Алла тағала тағы бір мүмкіндік берген. Ол – Шәууәл айы. Шәууәл айы он екі айдың ішінде алғашқы күні мерекемен басталатын жалғыз ай. Айдың бірінші күні айт мерекесімен басталғаны, бұл айдың қасиетті екендігіне көз жеткізеді. Рамазан айындағы парыз оразаны өтеп болған соң, Шәууәл айынан бастап, Алла тағалаға нәпіл ғибадаттар арқылы жақындай түсу мүмкіндігі туады. Шәууәлдағы қосымша құлшылықтардың ең негізгісі - алты күндік ораза. Муслимнің "Сахихында" келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәлда алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады» - деген. Бұл хадис Шәууәлдағы алты күн оразаны тұту Аллаға сүйікті амал екенін білдіреді. Бірақ, осы алты күн ораза ұстауды дұрыс түсінуіміз қажет. Көптеген азаматтар бір жыл ораза тұтқанмен бірдей деген дерекеті естіп, рамазан айының парыз оразасын ұстамай тек Шәууәл айында ғана алты күн ауыз бекіткен дұрыс деп есептейді. Бұл қате түсінік! Отыз күн оразаға Шәууәлдағы алты күнді қосып тұтудың бір жылдық оразаға тең келуін шариғат ғалымдары былай түсіндіреді: Әрбір жақсылық кемінде он еселенеді. Рамазандағы отыз күніміз үш жүз күнге татыса, одан кейінгі Шәууәлдағы алты күніміз алпыс күнге тең келеді. Ахмадтің "Муснәд" жинағында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім Рамазан оразасын ұстаса, бір ай он айға тең келеді. Ал айттан кейінгі алты күннің оразасы екі айға тең. Барлығы бір жылдың оразасына тең", - деп айтқан. Шәууәл айының оразасын айт күндері аяқталған соң артынша немесе кейінірек те ұстауға болады. Рамазан айында белгілі бір себептермен ораза қаза болып, ауыз ашылған болса, онда міндетті түрде бірінші қарызды өтеу абзал. Яғни, қаза күндерді өтеп болған соң қосымша алты күн ауыз бекітіледі. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне сәйкес: «Кім Рамазан айының оразасын ұстап, сонан соң Шәууәлда тағы 6 күн ораза тұтса…» делінген. Демек, кім қарызын өтеп болмаса, Рамазан айының оразасын ұстап бітірмеген болып саналады. Сондықтан, Рамазан айының қарызы болса, алдымен Рамазан оразасын толықтырып, яғни қарыз күндерді өтеп, сонан соң ғана Шәууәл айының оразасын ұстаса болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала жеті қат аспан мен жеті қат жерді Шәууәл айының 6 күнінде жаратты, егер кімде-кім сол Шәууәл айын 6 күн оразамен өткізсе, жеті қат аспан мен жеті қат жерде қанша жаратылыс бар, соншалықты сауапқа ие болады. Күнәлары кешіріліп, дәрежесі өседі» деген.


Қадірменді, бауырлар! Алла Тағала ниеттерімізді қабыл еткей, тұтқан оразамыздың сауабын беріп, барша күнәларымызды кешіргей!



«Бала қажы» мешітінің бас имамы Нуров Махмұд қажы Нұрұлы


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары